10.08.2020, 23:52 9876

"Абай: тарих және қазіргі заман" халықаралық онлайн конференциясы өтті

Онлайн-конференция ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына және 10 тамыз "Абай күніне" орайластырылған.

Алматы. 10 тамыз. Kazakhstan Today - Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясы "Абай: тарих және қазіргі заман" халықаралық онлайн конференциясын өткізді.

Онлайн-конференция ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына және 10 тамыз "Абай күніне" орайластырылған.

Ғылыми конференцияға ҚХА Төрағасының орынбасары - Хатшылық меңгерушісі Ж.Қ.Түймебаев, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Т.Б.Қалиев, Қазақстан халқы Ассамблеяның Ғылыми-сарапшылық кеңесінің төрайымы, әлеуметтану ғылымының докторы А.К.Сәдуақасова, сондай-ақ Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан мемлекеттерінен абайтанушы-ғалымдар мен тарихшылар, ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшелері және зиялы қауым өкілдері қатысты.

Ассамблея Төрағасының орынбасары - Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев Үкімет қаулысымен белгіленген жаңа мереке "Абай күнімен" құттықтай отырып, жаңа мерекенің маңыздылығы мен ақын мұраларының қоғамдық келісім мен этносаралық тұрақтылықты нығайтудағы рөліне тоқталды.

"Бүгін біз қазақ халқының ұлы перзенті және жаһандық ауқымдағы тұлға - Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын атап өтудеміз.

Ұлы ақын ойшыл, философ, ағартушы, тарихшы, аудармашы, композитор, қоғам қайраткері ретінде Қазақстан тарихында және әлем халықтарының жадында мәңгілік сақталады.

Тұңғыш Президентіміз - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің "Абай туралы сөзінде" айтқанындай, "Абай - әлемдік татулық пен ынтымаққа өз үлесін косатын рухани мәмілегер әрі гуманист".

Расында, Абай - әлемнің бірлігін, Шығыс пен Батыстың татулығын көксеген, ХХ ғасырдың басындағы қоғамдық-саяси ойдың дамуына ықпал еткен биік тұлға. Оның аты мен ой-толғамдары қазақ халқының ғана емес, бүкіл адамзаттың игілігіне айналды. Сондықтан Үкімет қаулысымен 10 тамыз күні - "Абай күні" болып бекітілді.

Бұл күн - тек қана тұлғаны еске алу күні емес, бұл күн адамзаттық ой мен руханиятының, өнер мен әдебиетінің, бірлік пен ынтымақтың және достық пен бауырмалдықтың күні болып аталады", - деді.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1995 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының ЮНЕСКО бағдарламасы аясында өткізілген ақынның 150 жылдық тойында "Абай жылын өткізген жақсы. Абай жырын жаттаған дұрыс. Ал оның терең ойы мен пікірі тек айта жүрер әңгіме болмай, күнбе-күнгі тірлігімізге бір кірпіш боп қаланып жататын нақты іске айналса, тіптен құба-құп. Ол үйреткен тағылым мен ол көксеген мұраттарды шын қастерлей білгеніміздің, әділет пен абзалдық ұстазы алдындағы перзенттік қарызымызды терең түсініп, өтей алғандығымыздың бірден-бір белгісі де осы болып табылады" деген еді.

"Елбасы абайтану іліміне мемлекеттік деңгейде мән беріп, тың көзқарастар мен жаңа пайымдағы парасатты пікірлер легіне жол ашып берді. Мемлекет басшысы бұл үрдісті әрі қарай жарасымды түрде жалғастырып әкетті. Ұлы ақын, хакім Абайдың туғанына 175 жыл толуына орай "Егемен Қазақстан" газетінде жарияланған мақаласында Президентіміз: "... интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясы Абайдан бастау алды деуге болады. Ұлы ойшыл әр сөзімен ұлттың өрісін өсіруді көздеді. Сондықтан Абайды терең тануға баса мән бергеніміз жөн" деп ұлағатты пайым жасады.

Абай шығармашылығы арқылы халықтың өз тағдырын қолына алу үшін ар-намысын оятып, жігерін жануға, азаматтық белсенділігін арттырып, өзін шыңдауға шақырды.

Дәл осы күрделі уақытта біздер Абайдың өмірлік философиясының мемлекет тарапынан көрсетілген әлеуметтік қолдаудың теңдессіз шараларына, зор адамгершілік импульсіне айналғанын көріп отырмыз.

Ұлы ойшылдың "Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп" деген қағидалы сөзі осындай қиын-қыстау кезеңде ерлік жасаған мыңдаған азаматтарымыздың бойтұмарына айналды.

Өз кезегінде, Қазақстан халқы Ассамблеясы Абайдың өсиеттеріне сүйене отырып, оларды жүзеге асыру жұмыстарын жалғастырып келеді.

"Тұңғыш Президент жолымен" экспедициясы, "Қазақтану" жобалары, "Абай175" челенджі, "Біз біргеміз", "Мың Алғыс" акциялары халқымыздың ынтымақ-бірлігінің жарқын айғағы болды.

Карантин жағдайында Ассамблеяның мыңдаған волонтерлері - этномәдени бірлестіктердің мүшелері, қайырымдылық жасаушылар мен меценаттар Құрбан айт күндері өткен соңғы акция аясында мұқтаждарға 82 млн теңгеге көмек көрсетті.

11 674 медицина қызметкері мен 7100 отбасына көмек көрсетілді.

Төтенше жағдай кезінде Ассамблея "Біз біргеміз!" республикалық акциясы аясында мұқтаж жандарға 376,4 млн теңге көлемінде көмек көрсетті.

Азық-түлік себеттері мен 515 мыңнан астам медициналық бетперделер таратылды.

Соңғы айда коронавирустың өршуі кезінде дәрігерлер мен провизорлық орталықтарға көмек көрсетілді, 151,4 млн теңгеге қажетті дәрі-дәрмектер мен желдеткіштер сатып алынды. Этномәдени бірлестіктер Мақтааралдағы су тасқынынан зардап шеккендерге де жалпы сомасы 102 млн теңге болатын 335 тонна гуманитарлық көмек пен құрылыс материалдарын жіберді.

Өткен жылы Ассамблея тарапынан жасалған қайырымдылық шаралар шамамен 4,5 млрд. теңгені құрады.

Абай күні, ақын мерейтойы және бірегей ғұламаның шығармашылық әлемі өз кезегінде көпұлтты халқымыздың жарасты ынтымағын арттырып, береке-бірлігімізді бекемдей түспек", - деп түйіндеді Жансейіт Қансейітұлы.

Сондай-ақ, жиын барысында Нергиз Бирай, Памуккале университетінің профессоры (Түркия) - "Абайдың түркі әлеміндегі орны және Түркияда Абайға қатысты атқарылған жұмыстар"; Ананьева Светлана Викторовна, ҚР БҒМ М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының халықаралық байланыстар және әлем әдебиеті бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Жазушылар Одағының Басқарма мүшесі, Алматы қаласы ҚХА ҒСТ төрағасының орынбасары, филология ғылымдарының кандидаты - "Абай және ХХІ ғасырдағы әлемдік әдеби процессі"; Аида Эйвазлы, журналист (Әзірбайжан) - "Қара сөздердегі қазақ халқының моральдық қасиеттері"; Алтынбеков Бекзат Қомарұлы, Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, Қарағанды облысы мәслихатының депутаты - "Абай және заман"; Ударцев Сергей Федорович, заң ғылымдарының докторы, профессор, М.С.Нәрікбаев атындағы ҚазГЗУ Университетінің Құқықтық саясат, Конституциялық заңнама және мемлекеттік басқару мәселелері бойынша ғылыми-зерттеу жобаларының жетекшісі - "Абай: жаңа дәуір көкжиегін ашатын ойшыл"; Дүкенбаева Зада Оразғалиқызы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы - "Абай ұлт мақтанышы"; Калашникова Наталья Павловна, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ саясаттану кафедрасының профессоры, М.В. Ломоносов атындағы МГУ ҚФ, с.ғ.д. - "Абай Қазақстанның ұлттық бренді: Ұлы Даланың тарихи жадысы"; Пулатов Шерзод Аббозович, Нұр-сұлтан қаласының "Өзбек этномәдени орталығы" ҚБ төрағасы, АҚШ-та сертификатталған медиатор - "Абай мұрасы және этномәдени бірлестіктер" тақырыбында баяндамаларын жасады.

Сонымен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясы "Абай күні" және ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына орай республикалық онлайн поэзия фестивалін бастады.

Поэзия фестивалінде мемлекеттік тілді еркін меңгерген 130 дан астам ұлт өкілдері қазақ тілінде ақынның 175 өлеңін оқып, әлеуметтік желіде түрлі форматта бейнероликтер жариялайды.

Мұндағы мақсат - этномәдени бірлестіктер арасында ойшыл ақынның шығармашылығын насихаттап, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, еліміздегі тұрақтылық пен бірлікті паш ету.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны