14.08.2026, 14:44 42031

Ақтөбедегі триатлон саябағында жүзден астам ағаш заңсыз кесілген: қылмыстық іс қозғалды

Ақтөбедегі триатлон саябағында жүзден астам ағаш заңсыз кесілген: қылмыстық іс қозғалды
Ақтөбеде триатлон саябағы аумағында 100-ден астам ағаш заңсыз кесілгеннен кейін қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды «31 арна».

Белгілі болғандай, жекеменшік компания өкілдері өздеріне тиесілі учаскеде ағаштарды кескен. Алайда олар учаске шекарасынан шығып, қалалық қорға тиесілі шамамен 3 мың шаршы метр аумақтағы ағаштарды да кесіп қойған.

Ағаштардың кесіліп жатқанына алғаш болып экобелсенділер мен жергілікті тұрғындар назар аударды.

«Қаламызда ағаштарды кесу мүлдем дұрыс емес деп есептеймін. Әсіресе мұнда, триатлон саябағында бұлай жасауға болмайды. Бұл — оттегіге бай жалғыз орын және мұнда бәрі адамдар үшін жасалған», — деді Ақтөбе тұрғыны Динара Құрғанбаева.

Жағдайға жергілікті билік, табиғат қорғау прокуратурасы және полиция араласып, ҚР Қылмыстық кодексінің «Ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Еске сала кетейік, Бұтақты шатқалында Алматы тау кластері жобасын іске асыруға байланысты жұмыстар аясында 125 ағашты кесу жоспарланып отыр.

Маусым айында Көкжайлау шатқалына апаратын бағыт бойындағы ағаштарға таңба салынғаны туралы ақпарат қоғамда кең резонанс тудырды. Сол кезде тұрғындар таңбаланған ағаштардың көпшілігі сау көрінетінін және олардың қураған белгілері жоқ екенін айтқан болатын.

Кейінірек «Іле-Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі Көкжайлаудағы болашақ туристік курортқа апаратын ұзындығы 6,02 шақырым автомобиль жолын салу үшін 2627 ағашты кесу жоспарланып отырғанын растады.

Шілде айында Көкжайлау аумағында құрылыс жұмыстары басталды.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны