25.01.2007, 15:45 3193

"Agip KCO" мердігерлеріне Қазақстанның еңбек заңнамасының ережелерін бұзуды 1-ақпанға дейін жоюға уақыт берілген

АТЫРАУ. 25-қаңтар. Kazakhstan Today. Атырау облысындағы "Agip KCO" тиесілі "Болашақ" газ өңдеу зауытында жұмыс істеп жатқан мердігерлік ұйымдарға Қазақстанның еңбек заңының шетелдерден жұмыс күшін тарту туралы ережелерін бұзуды 1-ақпанға дейін жоюға уақыт берілген, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Егер компаниялар Қазақстанның заңына одан әрі бағынбай, ережелерді елемесе, онда мұндай компаниялар бізде жұмыс істемейтін болады",- деп мәлім етті облыс әкімінің орынбасары Сәрсен Еңсегенов Атырау облысына шетелдерден жұмыс күшін тартуға рұқсат беру жөніндегі комиссия отырысын қорытындылау барысында.

Атап айтсақ, әңгіме "Гате Иншаат Таахют Санайи ве Тиджарет" АҚ екінші қазақстандық бөлімі" мен "Бонати С. п. А. - қазақстандық бөлімі" мердігерлік ұйымдар туралы болып отыр.

Комиссия "Гате" және "Бонати" компанияларын тексере келе, республикамыздың еңбек заңнамасын бұзуға қатысты көптеген деректерді анықтады. Айталық, "Гате" компаниясының бригадир (супервайзер) лауазымына шетелдіктерді әкелуге рұқсаты жоқ, бірақ бұл жұмысты тізімде мүлдем басқа мамандық бойынша бекітілген Түркияның 135 азаматы атқарған.

Сонымен қатар, кәсіпорын Қазақстан азаматтарына арналған 1630 жұмыс орнын құру туралы, 120 қазақстандық жұмысшылардың кәсіби біліктілігін көтеру және 220 шетелдік мамандарды жергілікті мамандармен ауыстыру туралы шарттарды орындамаған. Кәсіпорын іс жүзінде тек 880 жаңа жұмыс орнын құрып, небәрі 65 қазақстандық жұмысшыны дайындықтан өткізген. Сондай-ақ, бір де шетелдік маман жергілікті мамандармен ауыстырылмаған.

65 қазақстандық жұмысшылардың кәсіби біліктілігін шыңдаған "Кранкотлосервис" инженерлік ортылығы" ЖШС-де "Гате" компаниясы дәл осы кәсіпке 60 түрік жұмысшысын оқытқан. "Сонда, Қазақстанға тіптен мамандығы жоқ жұмысшылар әкелініп, олар осында келгеннен оқыған немесе қайта оқыған",- деп ашуланды облыс әкімінің орынбасары.

Осы тектес заң бұзушылықтар "Бонати" компаниясында да анықталды. Атап айтсақ, қазақстандық азаматтарға арналған 42 жаңа жұмыс орнын ұйымдастырудың орнына жұмысқа тек 15 адам ғана қабылданған. Сондай-ақ, еңбекақы төлеуде де айтарлықтай айырмашылық бар. Егер құрылысты қадағалау жөніндегі қазақстандық инженер айына 600 АҚШ доллары көлемінде жалақы алса, Түркиядан келген кран операторы 650 АҚШ доллары көлемінде жалақы алады.

Комиссия "Agip KCO" барлық мердігерлік ұйымдарына еңбек заңының шетелдерден жұмыс күшін әкелу туралы ережелерінің сақталуына және рұқсат беру шарттарының орындалуына қатысты тексеру жүргізбек.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны