21.06.2012, 15:45 3118

"Ақ жол" партиясы ІІМ-нен өз әріптесін қорғауды талап етеді

"Ақ жол" ҚДП-ның парламенттік фракциясы мен Орталық кеңесінің мүшелері партия қызметкері Т.Нұғмановтың мүлігіне залал келтіру фактісі бойынша ҚР Ішкі істер министрі Қ.Қасымовтың атына тергеу жұмысын ерекше бақылауына алу, сондай-ақ оның жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдау туралы өтініш хат жолдады.

Астана. 21-маусым. Kazakhstan Today - "Ақ жол" партиясы ІІМ-нен өз әріптесін қорғауды талап етеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

"Ақ жол" ҚДП-ның парламенттік фракциясы мен Орталық кеңесінің мүшелері партия қызметкері Т.Нұғмановтың мүлігіне залал келтіру фактісі бойынша ҚР Ішкі істер министрі Қ.Қасымовтың атына тергеу жұмысын ерекше бақылауына алу, сондай-ақ оның жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдау туралы өтініш хат жолдады.

Еске сала кетейік, жақын арада "Ақ жол" ҚДП-ның парламенттік фракциясы азаматтардың жеке жеңіл автокөліктері үшін міндетті техникалық байқауды алып тастау бастамасын көтерген болатын. А.ж. 15 және 16 маусым күндері осы бастаманы түсіндіру бойынша "Ақ жол" ҚДП-ның заң департаментінің директоры Т.Нұғманов бірқатар телеарналарға сұхбат берген еді.

18 маусымнан 19 маусымға қараған түні Т.Нұғмановтың мүлігіне залал келтірілді, оның жеке автокөлігіне жуылмайтын қоспа төгілген. Т.Нұғмановтың жеке автокөлігіне шашылған қоспаның коррозиялық сипаты ТБС-ндағы тексеру кезінде дәлелденген.

Орын алған жағдай бойынша Т.Нұғманов Астана қаласының Алматы ауданы бойынша АІІБ-не шағым түсірді.

Партиядағылар орын алған бұзақылық іс-әрекеттің автокөліктердің техникалық байқауын алып тастау туралы партия бастамасына қатысты Тимур Нұғмановтың сұхбат беруінің салдары деп ұйғаруға айтарлықтай негіз бар деп санайды. Сонымен бірге, Көлік министрлігі басшылығының жауап хабарламасында техникалық байқауды алып тастау кейбір тұлғалар мен компаниялардың қаржылық мүдделерін қозғап кететіні айтылды.

"Жеке автокөліктер үшін техникалық байқауды алып тастау туралы "Ақ жол" ҚДП-ның бастамасы да, сондай-ақ біздің қызметкеріміздің автокөлігіне келтірілген залал да қоғамда кеңінен талқыға түсті", - деп Министрдің атына жазылған хатта атап өтілген.

Сонымен бірге, хатта атап өтілгендей, аталған фактіні талқылау кезінде кейбір қатысушылар техникалық байқауды алып тастау туралы ойларын ашық айтқан адамдарға қатысты телефон арқылы қоқан-лоққы көрсетушіліктің орын алғандығын хабарлады.

"Біздің әріптестерімізге осындай қысым көрсету әрекеттерін жол бергісіз деп есептейміз. Мұндай іс-әрекеттер техникалық байқаудың қазіргі жүйесінің көлеңкелі, сыбайлас жемқорлықты сипатын ерекше көрсетеді. Және де "Ақ жол" партиясы азаматтардың жеке автокөліктері үшін оны алып тастау бойынша жұмысын жалғастырады, соның ішінде осы бастаманы қолдау туралы қол жинау жолымен" - деп кешегі өткен Фракция отырысы барысындағы аталған мәселені талқылау кезінде Азат Перуашев атап өтті.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бірқатар интернет-ресурстармен азаматтар арасында жүргізілген сауалнама қазақстандықтардың 85 %-ының техникалық байқауды алып тастауды қолдап отырғандығын көрсетті. "Барлық аргументтер осындай қадамның пайдасына дәлел болып отыр. Және біз мұндай арандатушылыққа қарамастан өз позициямыздан бас тартпаймыз" - деп Азат Перуашев толықтырды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны