27.08.2009, 14:43 3087

Ақмола облысында оралмандарды уақытша орналастыруға арналған пәтерде облыстық Көші-қон департаменті бастығының өзі қоныстанған - телеарна

Ақмола облысында оралмандарды уақытша орналастыруға арналған пәтерде облыстық Көші-қон департаменті бастығының өзі қоныстанған - телеарна

Алматы. 27 тамыз. Kazakhstan Today - Ақмола облысында оралмандарды уақытша орналастыруға арналған пәтерде шет елден келген қандастарымыз емес, Ақмола облыстық Көші-қон департаменті бастығының өзі қоныстанған, деп хабарлайды Kazakhstan Today КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Телеарнаның хабарлауынша, квота алу үшін құжаттарын әзірлеуге Қытай, Моңғолия, Ресей, Өзбекстаннан келіп, қонақ үйлерді паналап, пәтер жалдап жүрген қандас ағайындарымыз осындай орталық бар екенін білмейтін болып шықты.

4 бөлмелі кең де, жарық пәтерді Көші-қон департаменті мемлекет қаржысына сатып алған. Биыл осы орталықты қаржыландыру үшін қазынадан 1 миллион 600 мың теңге бөлінген. Бұл - шетелден атамекеніне қоныс аударған оралмандардың уақытша қоныстанатын жері. Алайда оралмандар ондай орталықтың бар екендігінен бейхабар. Олар тиісті мемлекет квотасын алу үшін құжат жинау кезінде кез келген жерді паналауға мәжбүр.

Жеңіс Сәрсенбаев есімді оралман былай дейді: "Қонақүйде жатырмын. Осындай үй бар екенін сіздің аузыңыздан естіп тұрмын".

Оралмандар мүддесін қорғайтын Одақ төрағасы да мұндай орталықтың барын білмейтін болып шықты. Ол шамасы келгенше, шеттен келген қандастарды өзі орналастырып жүрген. Жақында ғана Өзбекстаннан келген 10 шақты отбасын өз үйіне паналатып, құжаттарын әзірлеген. 9 жылдан бері оралмандар мәселесімен айналысып, орталық жайында естімегеніне таң қалған төраға: "Бұл жағдайға амалсыздан барамыз, өйткені олардың қайта- қайта келіп жүруге қалталары көтермейді", - дейді.

Ақмола облыстық Оралмандар одағының төрағасы Яхия Каюпов былай дейді:

"Мен өзім кеше... екі ай болды білгелі. Өз басымнан өтті. Келгенде не істейді? Ағайындарын жағалайды. Ағайыны болмаса, көшеге тастаймыз ба? Турасын айту керек, келіп жатқан ағайындардың вокзалдарда тұрғанын өзім көзіммен көргенмін".

Фарида Илімова есімді оралман: "Масқара ғой! Орталық бола тұрып, бізге жаратпағаны несі?! Ренжідік, бастықтарға".

Уақытша орналастыру орталығының бар екендігін оралмандарға көші-қон басқармасының айтпауында бір гәп бар екен. Онда Көші-қон департаментінің бастығы Айтбаев мырза тұрып келген.

Ақмола облыстық Көші-қон департаменті бастығының уақытша міндетін атқарушы Алшынбай Нұрғали: "Қазіргі күнде тұрғындар бар. Жүргізетін кітабы бар. Директор тұрып жатқан соң, оған ешкім орналастырылған жоқ".

Оралмандарға жасалған мемлекет қамқорлығын бір өзі көріп келген шенеунік осылай боларын іші сезді ме, осыдан бір ай бұрын жұмыстан өз еркімен шыққан. Ал оның жалғанды жалпағынан басқан әрекеті әшкере болып, қазір құзырлы органдар айналысып жатыр. Оның үстінен қаржы полициясы "лауазымдық өкілеттілігін асыра пайдалану" жөнінде қылмыстық іс қозғағаны мәлім болды, деп хабарлайды телеарна.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны