12.05.2016, 19:24 4946

Ақмола облысында жұмбақ жағдайда жоғалған кішкентай қызды табуға тасқын кедергі келтіріп жатыр

Ақмола облысында ұшты күйлі жоғалған кішкентай қыз табылмай жатыр. Елордадан 40 шақырым жердегі Қабанбай батыр ауылына қыдырып барған 2 жасар Эллина Құлдинаныӊ хабарсыз кеткеніне бүгін екінші күн.

Астана. 12 мамыр. Kazakhstan Today - Ақмола облысында ұшты күйлі жоғалған кішкентай қыз табылмай жатыр. Елордадан 40 шақырым жердегі Қабанбай батыр ауылына қыдырып барған 2 жасар Эллина Құлдинаныӊ хабарсыз кеткеніне бүгін екінші күн. Болжам бойынша, Нұра өзеніне әке-шешесімен демалуға барған қыз қараусыз қалып, суға кетуі мүмкін. Қазір құтқарушылар мен еріктілер тобы күні-түні маӊайды шолып, кішкентай Эллинаны іздеуде, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

-Ақмола облысында жоғалған қыз қатарынан екінші тәулік іздестіріліп жатыр. Болжам бойынша, 2 жасар Эллина осы маӊайдан суға кеткен болуы мүмкін. Өйткені, ата-анасы қызынан осы жерде көз жазып қалған.

Сондықтан еӊ әуелі Нұра өзені мен оныӊ жағасы тыӊғылықты тексеріліп жатыр. Құтқарушылар өзен бойын қайықпен қарап, сүӊгуірлер суды сүзіп шықты. Изірге, нәтиже жоқ. Қырсық шалғанда, іздестіру жұмыстарына лай су мен қатты ағыс кедергі келтіруде, деп хабарлайды www.ktk.kz тілшісі.

Кішкентай Эллинаны іздеуге аяғынан тік тұрған құтқарушылардан бөлек, еріктілер тобы да жұмылдырылған. Тіпті, Астанадан арнайы автобус жалдап келген олар өзен бойымен 20 шақырым жүріп өтіп, орман ішін аралап шықты.

Нұрсұлтан Керебаев, Астана қаласыныӊ тұрғыны:

-Өзен бойымен жүріп шөптердіӊ арасын ағаштардыӊ арасын қарадық. Судыӊ жағасы енді кішкене қиындау. Тағы бір топ автобуспен ауылдыӊ арғы жағына кетті.

2 жасар Эллина Құлдина екі күн бұрын жоғалған. Астаналық отбасы Нұра өзенінен балық аулап, демалуға келген екен. Сөйтіп, кешке қайтуға жиналып жатқанда, қолды-аяққа тұрмай зыр жүгіріп жүрген кішкентай қыздарынан көз жазып қалады. Жанұшырған әкесі мен шешесі айналаны қарағанымен, ойыншығынан басқа ештеӊе таппаған. Полицейлер болжам бойынша бейкүнә бөбек суға кетіп, тұншығып өлген деп отыр. Оныӊ үстіне иісшіл иттер де, Эллинаныӊ иісін өзен маӊынан ғана сезген.

-Учаскелерді бөліп алдық. Бірін де қалдырмай қарап шығуымыз керек.

Бірақ, қызды біреулер ұрлап әкетуі мүмкін деген болжамдар айтылып жатыр. Ал, қайғыдан қан жұтқан ата-анасы есеӊгіреп, сөзге келуге шамалары жоқ. Олар Эллинаныӊ періштесі қағып аман есен ораларына үміттеніп отыр.

-Эллина, қайдасыӊ!

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны