09.10.2017, 13:26 4818

Ақмола облыстық филармониясына Үкілі Ыбырайдыӊ есімі берілді

Қазақтыӊ ән өнеріне өзіндік айшық, ерекше сипат алып келген дүлдүл өнерпаз, асқақ әнші Үкілі Ыбырайдыӊ есімі Ақмола облыстық филармонияға беріліп, "Қалдырған сөзім - аманат!" атты тақырыпта өнер ордасыныӊ 71-ші маусымыныӊ ашылу салтанаты болып өтті.

Көкшетау. 9 қазан. Kazakhstan Today - Қазақтыӊ ән өнеріне өзіндік айшық, ерекше сипат алып келген дүлдүл өнерпаз, асқақ әнші Үкілі Ыбырайдыӊ есімі Ақмола облыстық филармонияға беріліп, "Қалдырған сөзім - аманат!" атты тақырыпта өнер ордасыныӊ 71-ші маусымыныӊ ашылу салтанаты болып өтті.

Республикалық "Рухани жаӊғыру" бағдарламасы аясында өткен мәдени шараға облыс әкімініӊ орынбасары Айна Мысырәлімова қатысып, сөз сөйлеп, өнер мерекесіне арнайы келген құрметті қонақтарға жүрекжарды тілегін жеткізді. Көкшетаулықтар мен қала меймандарын хас шеберлігімен тәнті еткен өнер жұлдыздарына облыс әкімініӊ атынан ықылас гүл шоқтары табыс етілді.

Аталмыш шараға киелі Айыртау өлкесініӊ алғысын арқалап, арнайы келген Айыртау ауданыныӊ әкімі Ағзам Тастамбеков те сахнаға көтеріліп, жиналған жұртшылық алдында сөз сөйлеп, өнер ордасына Үкілі Ыбырайдыӊ есімі беріліп жатқандығын зор қуанышқа балап, бұл біртұтас ұлттыӊ абыройы екендігін баса айтып, облыс басшылығына ризашылығын білдіре келе, филармонияға ескерткіш сыйлық табыс етті.

Жұрт елеӊ еткен жаӊалықтыӊ бірі жаӊа маусымныӊ ашылу салтанатына Қазақстан Республикасыныӊ халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтыӊ иегері Қайрат Байбосынов пен Нұржамал Үсенбаева қатысты. Бұл әсіресе, жастайынан ән өнеріне қанып өскен, уызынан жарыған киелі Көкше өӊірініӊ өнерсүйер қауымы үшін үлкен сый болды.

Ин мен күй шыққан күн мен туған айдай дала жұртыныӊ тал бесіктен жер бесікке дейінгі жан серігі десек, қазақтыӊ ән өнері сонау көне заманнан бері қалыптасқан халқымыздыӊ асыл қазынасы ғой. Содан болар, кешегі сал-серілердіӊ асқақ әндері шырқала бергенде ән болып лапылдаған ыстық сезім көӊіл жазирасынан шарықтай жөнелетіні бар.

Сахна шымылдығы ашылып, аппақ нұрға оранған бұлбұл үнді Нұржамал Үсенбаева Үкілі Ыбырайдыӊ "Гәккуін" шырқай жөнелгенде, көпшілік қошаметпен көмкерді. Бұл ән атақты әншініӊ орындауында тіпті құлпырып, асқақтап кетеді екен. Облыстық филармония әртістері дайындаған прологтан бастау алған концерттік бағдарлама барысында К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар мен эстрадалық-үрлемелі аспаптар оркестрлерініӊ сүйемелдеуімен өӊіріміздіӊ айтулы әншілері де өз өнерлерін ортаға салды. Өнер кешінде Абылай ханныӊ, Құрманғазыныӊ, Ықыластыӊ, Нұрғисаныӊ құлақ құрышын қандыратын сұрапыл күйлері, Ақан сері мен Үкілі Ыбырайдыӊ, халық әндері мен қатар жергілікті композиторлардыӊ да әндері орындалды. Мәселен, ақын Кәкімбек Салықовтыӊ сөзіне жазылған композитор Иран Тасқараныӊ "Үкілі Ыбырай қайда жатыр?" әнін халық жылы қабылдағанын айта кетсек артық болмас. Оркестрдіӊ сүйемелдеуімен орындаған облыстық филармонияныӊ әншісі, Қазақстан Республикасыныӊ Мәдениет қайраткері Жанат Есов бұл әнді жүрекке жеткізіп, әсерлі шырқап берді. Инді тыӊдап отырғанда, бейтаныс әуен ішінен қазақтыӊ мінезіне тән кеӊдікті, дархан көӊілін, тектілігін, өрлігін танығандай боласыӊ. Өйткені, ән тақырыбы есіӊе өзіӊе таныс жерлерді түсіретіні бар.

Концертте Қайрат Байбосыновтыӊ шәкірті Айтбек Нығызбаев та өнер көрсетіп, халықтыӊ ықыласына бөленді. Маусымныӊ ашылу салтанатына арнайы келген Айтбек әншініӊ орындауындағы Үкілі Ыбырайдыӊ соӊғы әні мен "Қызыл асықты" көпшілік сүйсіне тыӊдады. Ұстазыныӊ өнегесі мен ұлағатын алған Айтбек Нығызбаев ел көӊілінде жақсы әсер қалдырды. Сонымен қатар, бұл кеште атадан мұра болған жақсы аты мен ізгі мұратын жалғастырып жүрген Үкілі Ыбырайдыӊ шөбересі, танымал қобызшы Беркінбек Зарапұлы да өз өнерін ортаға салып, көпшілікті тәнті етті.

Сиқырлы саздыӊ тылсым сырына бойлаған көкшелік өнерсүйер қауым өнер дүлдүлдеріне дән риза болып, ақжарма тілектерін арнап, тарқасты.

Ақпаратты пайдаланИан жаИдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық қИқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны