24.07.2007, 17:12 3200

Ақтөбе қаласының медициналық жедел жәрдем станциясының автопаркі 15 көлікпен толықтырылады

АҚТӨБЕ. 24 - шілде. Kazakhstan Today. Ақтөбе қаласының медициналық жедел жәрдем станциясының автопаркі 15 көлікпен толықтырылады. Бұл туралы Kazakhstan Today тілшісіне облыстық денсаулық сақтау департаменті директорының орынбасары Самат Данияров хабарлады.

Оның айтуынша, қалалық медициналық жедел жәрдем станциясының материалдық базасын жақсартуға облыстық бюджеттен 18 млн теңге бөлінген. "Бұл қаржыға қалалық жедел жәрдем станциясының автопаркін жол талғамайтын 13 ресейлік УАЗ көлігімен толықтыру жобаланып отыр", - деп түсіндірді С. Данияров. Ол, сондай-ақ олардың жартысы Ақтөбеге келіп қойғандығын айтты.

"Осыған дейін "Жедел жәрдем" қажеттілігі үшін негізінен қала жағдайында жүруге негізделген "Соболи" көлігі алынып келген. Сондықтан да қала маңындағы ауылдардан шақыру түскенде қыс маусымында қиыншылықтар туатын",- деп атап өтті С. Данияров. Ол "жаңа көліктермен мұндай проблемалар туындай қоймайтындығын" атап көрсетті.

Сонымен қатар, облыстық орталыққа соңғы он бес жылдан бері алғаш рет әрқайсысының құны 17 млн теңгені құрайтын "Фольксваген" фирмасының екі реанимобилі жеткізілуге тиіс. Бұл мақсаттарға қаржыны республикалық бюджет бөліп отыр. Денсаулық сақтау департаментіндегілердің түсіндіруінше, олардың жабдықтары автономды тәртіппен медициналық көмек көрсетуге, яғни елдімекеннен жырақ жағдайда адамның жанын сақтап қалауға мүмкіндік береді.

Бүгінде Ақтөбе қалалық медициналық жедел жәрдем станциясы жылына 90 мың адамға қызмет көрсетеді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 - 30 мың адамға көп.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны