10.04.2007, 16:47 3813

Алдын-ала мәліметтер бойынша, Каспийдегі итбалықтардың жаппай қырылуы ауа райының қолайсыздығынан болған

АСТАНА. 10 - сәуір. Kazakhstan Today. Алдын-ала берілген мәліметтер бойынша, Каспийдегі итбалықтардың жаппай қырылуы ауа райының қолайсыздығынан болған, деп хабарлады Kazakhstan Today агенттігінің тілшісіне қоршаған ортаны қорғау министрлігінің баспасөз қызметінен.

"Үстіміздегі жылдың 20-ақпанына дейін Солтүстік-Шығыс Каспийдің басым бөлігінің бетіне мұз қатпаған, бұл итбалықтардың күшіктеу кезінде келеңсіздік тудырады. Бірақ 21 - 22 -ақпанда аяздың түсуіне байланысты Солтүстік Каспийдің айдынының бетін толығымен мұз жапқан. Дегенменде мұз өте жұқа, ұсақ, кей жерлері опырылғыш болды. Тұтас мұздың қалыңдығы 5 - 10 см жетті. Бірақ ауа райының жылы болуына байланысты мұздың 20-наурызда толығымен еріп кетуі төлдердің жағдайына жағымсыз әсер етуі мүмкін",- деп айтылған министрліктің баспасөз баянында.

Сонымен қатар министрліктен, итбалықтардың қырылуының себебі туралы нақты қорытынды итбалық еттеріне жасалған зерттеулер мен теңіз суының сынамасынының қорытындысын алғаннан кейін ғана жария етілетіндігін атап өтті.

Баспасөз баянында сондай-ақ, Маңғыстау облысының санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығының зертханаларының өлген итбалықтардың ішкі мүшелеріне жүргізген алдын-ала зерттеулері нәтижесінде ауыр металл тұздарының құрамы мөлшерден көп екендігін анықталмады. Сынамалардан пестицидтер де табылған жоқ. "Сонымен қатар, өлген итбалықтар табылған жерден алынған теңіз суының сынамасының анализі суда мұнайдың жоқ екендігін көрсетіп отыр",- делінген хабарламада. Бекіре және майда балықтардың қырылу дерегі де тіркелмеген.

Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, 9-сәуірдегі жағдаймен Каспийде 303 итбалық қырылған, олардың 90 пайызы итбалықтың төлдері.

Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылық министрлігінің балық шаруашылық комитетінің мәліметтері бойынша, Каспийдегі итбалықтардың саны 350 мыңнан асып жығылады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны