27.12.2016, 21:08 6757

"Алмас қылыш" фильмі жалпыұлттық прокатқа 2017 жылдыӊ 5-ші қаӊтарынан бастап шығады

"Қазақ елі" телесериалыныӊ 10 сериядан ықшамдалып, 2 сағат 10 минуттық кино ретінде монтаждалған нұсқасы - "Алмас қылыш" фильмі журналистер мен тарихшылар қауымына алдын-ала таныстырылды

Астана. 27 желтоқсан. Kazakhstan Today - Бүгін Алматыда Қазақ хандығыныӊ 550 жылдығына, Ел тәуелсіздігініӊ 25 жылдығына тарту етілген "Қазақ елі" телесериалыныӊ 10 сериядан ықшамдалып, 2 сағат 10 минуттық кино ретінде монтаждалған нұсқасы - "Алмас қылыш" фильмі журналистер мен тарихшылар қауымына алдын-ала таныстырылды,- деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Қазақ хандығыныӊ құрылу тарихын баяндайтын "Алмас қылыш" көркем фильміне тарихшылар жоғары бағасын берді.

Тарих ғылымдарыныӊ докторы Берекет Кәрібаевтыӊ айтуынша, "Ілияс Есенберлин "Көшпенділер" туындысын жазған кезде 300ге жуық еӊбекті ақпарат көзі ретінде пайдаланып үлкен ізденіспен дүниеге әкелген. Бірақ Кеӊестік дәуірдіӊ тегеуріні салдарынан жіберіп алған қателіктері де бар еді. Тарих ғылымыныӊ дамуында да ол кезде қазіргідей мүмкіндік болған жоқ. Ал "Қазақ елі" кинотуындысында бұл қателіктерге жол берілген жоқ. Кинотүсірушілер тобыныӊ "Алаш" ұранын арқау етіп алуы да дұрыс шешім. Бұл егеменді елдіӊ төл туындысы және тәлімдік тұстары мол".

Тарих ғылымдарыныӊ докторы, профессор Талас Омарбеков былай дейді:"Бұл кинода аса бағалы нәрсеніӊ бірі Құранныӊ көрсетілуі. Құранныӊ орны. "Көшпенділер" романы жазылған кезде мұны көрсету мүмкін емес еді. Жәнібекті атылған садақ оғынан құранныӊ қорғап қалатын тұсы және Керейді ақ киізге шығарып, хан көтерген кезде құранды ауызға алу аса сәтті шыққан. Қазақ хандығы тарихында ислам діні ресми идеология болып қалыптасқаны рас. Фильмде жалпы ұлттық рух бар деп бағалаймын".

Бұл ауқымды тарихи жобаныӊ авторы - ҚР Президенті Н. И. Назарбаев. Фильм ҚР Мәдениет және спорт министрлігініӊ тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ "Centaurus Rustem Abdrashev production" ЖШС-ніӊ қатысуымен түсірілген.

Фильмніӊ режиссері Рүстем Ибдрашов: "Қазақ Хандығыныӊ құрылу тарихы туралы фильм түсіруді маған сеніп тапсырғаны үшін Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысым шексіз. Сіздер бұл фильмді алғашқылардыӊ бірі болып көріп отырсыздар. Елбасыныӊ өзі тұсауын кесіп, тікелей бақылауында, назарында ұстаған фильм енді міне, 5-қаӊтарда халықтыӊ назарына ұсынылады. Көрермендерге айтар жалғыз бұйымтайым, біздіӊ еӊбегімізді келіп көріп, лайықты бағасын берсеӊіздер деп сұраймын",- деді.

Елбасы қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында: "Керей мен Жәнібек - Шыӊғыс ханныӊ ұрпақтары. Олар 550 жыл бұрын Шудыӊ бойында Қазақ хандығын құрды. Соныӊ бәрі біздіӊ жастарға, біздіӊ ұрпағымызға тамырымыздыӊ тереӊ екенін көрсетеді. "Тамыры тереӊ қара емен, қасқая күтер дауылды" деген нақыл бар. Тамырыӊ тереӊ болса, қандай дауыл болса да қасқая көтересіӊ. Тарихымызды зерттеп, халқымыздыӊ тарихымыз туралы білімін арттыру қажет", - деген болатын.

Фильм туралы: ХV ғасырдыӊ орта тұсы. Қара теӊіз жағалауынан Моӊғолияға дейінгі Еуразия кеӊістігінде бір кезде зор қуатты империя болған Алтын Орда құлағаннан кейін бірнеше жеке хандықтар құрылды. Олардыӊ ішінен қазіргі Қазақстанныӊ аумағын жайлап жатқан Ақ орда ерекшеленді. Ақ орда билігі Шыӊғысханныӊ немересі, Жошыныӊ үлкен ұлы Орда Еженніӊ әулетіне тиесілі болды. Арада уақыт өте келе Шайбаниттердіӊ кіші тармағынан шығатын Ибілқайыр өз билігін күшейтіп, жеке хандық құрды. Ол көшпенділерге қатыгез, аяусыз саясат ұстанған болатын.

1460 жыл. Орда Еженніӊ ұпақтары - Керей мен Жәнібектіӊ айналасына біріккен ондаған мыӊ көшпенділер ақсақалдар кеӊесінде шешім қабылдап, Ибілқайырдан бөлініп шығады. Сұлтандар Моғолстанныӊ шекарасына дейін жеткенде, жергілікті билеуші Есен-бұға оларға қоныс беруге келіседі. Есімі аӊызға айналған абыз Асанқайғы да көшке ілесіп, бөлініп шығуға себеп болған оқиғаларды жырына қосады.

Жәнібек пен Керей Ибілқайырдыӊ хандығынан бөлініп, өз ұлыстарын құруға бекінді. Керей мен Жәнібекке қосылған рулардыӊ басшы-билері құрылтай өткізеді. Еӊ алдымен, жұдырықтай жұмылған ынтымақ керек екенін ескерген олар Керейді хан сайлап, Қазақ хандығыныӊ құрылғанын паш етеді.

Фильмніӊ сценарийі Ілияс Есенберлинніӊ "Алмас қылыш" романыныӊ негізінде жазылған.

Фильмніӊ режиссері - Қазақстан Республикасыныӊ Еӊбек сіӊірген қайраткері, кинорежиссер, сценарист және суретші Рүстем Ибдірашов. Ол"Құрақ көрпе", "Қаладан келген қыз", "Сталинге сыйлық", Елбасы жолы киноэпопеясыныӊ: "Балалық шағымныӊ аспаны", "От-өзен", "Теміртау", "Тығырықтан жол тапқан" атты кинотуындыларыныӊ авторы.

"Фильмніӊ түсірілім жұмыстары Алматы және Алматы облысында өткен. Түсірілімніӊ бір бөлігі "Қазақфильмніӊ" павильондарында құрылған декорацияларда, сонымен қатар киностудияныӊ аумағында суретшілер тұрғызған Шайбаншаһтыӊ сарайында өткен. Фильмді жасауға 500-ден астам адам жұмылдырылған, олардыӊ 200-ге жуығы түсірілім тобыныӊ мүшелері. Түсірілімдер бес айға созылып, 30 нысан пайдаланылған",- деп хабарлайды "Қазақфильм".

Ондаған тарихи ірі тұлғалардыӊ, атап айтқанда Ақ орданыӊ билеушісі Ибілқайыр Шайбани, Қазақ хандығыныӊ негізін салған Керей, Жәнібек хандар, Моғолстан билеушісі Есен-бұға, ойраттардыӊ тайшысы Өз-Темір, қазақ сұлтандары Қасым мен Бұрындық, атақты Асан қайғы мен Қазтуған жырау бейнелері түрлі оқиғалар тұсында жан-жақты ашылады.

Қазақстанныӊ еӊбек сіӊірген қайраткері, режиссер Рүстем Ибдірашевтіӊ айтуынша, "Қазақ елі" - жалпы сценарийін жазу,түсіру және монтаждау секілді жұмыстарға 2 жылдан астам уақыт сарп етілген ауқымды жоба. Фильмді түсіруге бас-аяғы 1000-ға жуық адам жұмыс істеген. 100-ден астам әртістер қатысқан. Иртістердіӊ киімдері Қазақстан, Ресей, Қытай елдерінде тігілген.

Жәнібек пен Керейдіӊ рөлін ойнаған екі жігіт те жас әртістер. Бірі - Қайрат Кемалов, екіншісі - Еркебұлан Дайыров.

Басты рөлдерде Досхан Жолжақсынов және Бекболат Тілеухан секілді танымал тұлғалармен қатар Қарағанды театрыныӊ әртісі Қайрат Кемалов сынды көпке бейтаныс, бірақ қазақылығымен дараланған адамдар шақырылған. Осындай көпке әзірге беймәлім болса да, болашағынан үміт күттірген дарын иелерін көбірек тартуға тырыстым, дейді Рүстем Ибдірашов. Ойраттардыӊ тайшысы Өз-Темір рөлін Монғолиядан шақырылған әртіс сомдаған.

Еске сала кетейік, 2016 жылдыӊ 16 желтоқсан күні Астана қаласындағы "Қазақстан" орталық концерт залында және 17 желтоқсан күні Алматыда Республика сарайында "Қазақ Елі" киносериалыныӊ кинонұсқасы - "Алмас қылыш" фильмініӊ тұсаукесері өтті.

Тұсаукесер барысында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы жиналған қауымды Тәуелсіздіктіӊ 25 жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, фильм жайлы былай деді: "ҚР Президенті Нұрсұлтан Ибішұлы Назарбаевтыӊ тікелей бастамасымен қолға алынған "Қазақ Елі" жобасыныӊ тұсаукесері Тәуелсіздігіміздіӊ 25 жылдығымен тұспа- тұс келуініӊ өзіндік мәні бар деп ойлаймын. Шығармашылық топ назарларыӊызға киносериалдыӊ кинонұсқасын ұсынып отыр. Тынбай еӊбек еткен шығармашылық топ бәріміз күткендей ерекше туынды жасап шығарды".

Түсіру тобы таратқан мәліметке сәйкес еліміздіӊ телевизия тарихындағы тұӊғыш тарихи сериал - "Қазақ елініӊ" түсірілім жұмыстарына ҚР Мәдениет және спорт министрлігі 1 миллиард теӊге, кейін "БазисА" компаниясы 180 миллион теӊге, "Freedom Finance " ұйымы да 100 миллион теӊге бөлген. Бұл қаржыға 10 сериядан тұратын сериалдыӊ бірінші маусымы дүниеге келді. Алда тұӊғыш отандық тарихи экшн жанрындағы сериалды одан әрі жалғастыру жоспарда бар дейді шығармашы ұжым мүшелері.

Қазір сериалды "Қазақстан" ұлттық арнасынан, "31 арнадан" көрсету туралы келісім-шарттар жасалып жатыр. Фильм режиссерініӊ айтуынша, бұйыртса көктемде телеарналардан көрсетіле бастайды, ал қазір монтаждау жұмыстарыныӊ аз бөлігі қалған. "Алмас қылыш" фильмі жалпыұлтттық прокатқа 2017 жылдыӊ 5-ші қаӊтарынан бастап шығады. Кинонұсқа еліміздіӊ 60 кинотеатрында көрсетіледі деп күтілуде.

Қоюшы-режиссері: Рүстем Ибдірашов

Сценарий авторлары: Смағұл Елубай, Тимур Жақсылықов, Рүстем Ибдірашов

Қоюшы суретшілері: Өмірзақ Шманов, Сәбит Құрманбеков, Еділ Нүсіпов пен Жаннат Баймұқанованыӊ қатысуымен

Қоюшы операторлары: Сапар Койчуманов, Александр Плотников және Андрей Маслов.

Бас продюсері: Арман Исенов

Фильмніӊ продюсері: Іӊкәр Ибдіраш

Композиторы: Ибілқайыр Ибдіраш

Басты рөлде: Қайрат Кемалов, Еркебұлан Дайыров, Досхан Жолжақсынов, Иісбек Ибілмәжинов, Аян Өтепберген, Мейірғат Амангелдин, Ниязбек Шайсұлтанов, Бекболат Тілеухан, Арман Қожа, Шұғыла Сапарғали, Мадина Есманова, Қарлығаш Мұхамеджанова, Іӊкәр Ибдіраш, Дінмұхамед Ақымов және басқалар.

Ақпаратты пайдаланИан жаИдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық қИқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны