09.06.2009, 18:09 4212

Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының жаңа бастығы тағайындалды

Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының жаңа бастығы тағайындалды

Алматы. 9 маусым. "Қазақстан Бүгін" - Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының жаңа бастығы тағайындалды, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігі қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, кеше Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов қалалық Денсаулық сақтау басқармасының жаңа бастығы Еркін Дүрімбетовты ұжымға таныстырды. Ол осы тағайындауға дейін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Алматы қаласы бойынша мемлекеттік санитарлық - эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бастығы болып істеген.

Жаңа басшыны таныстырған қала әкімі басқарманың бұрынғы бастығы Зәуреш Аманжолованың жүзеге асырған істерін де атап өтіп, Алматы медицинасын реформалаудың жаңа міндеттерін белгіледі.

Соңғы жылдары Алматы қаласының медицина саласы айтарлықтай дамып, мамандардың біліктілігі артты. Жаңа медициналық мекемелер іске қосылды. Елбасының "100 мектеп, 100 аурухана" атты бағдарламалық тапсырмасы жүзеге асу үстінде. Емханалар, ауруханалар, босану үйлері мен балалар шипажайлары күрделі жөндеулерден өтуде. Қалалық кардиологиялық орталық құрылды, жедел жәрдем көрсететін аурухананың құрылысы аяқталып келеді. 2009-2010 жылдары жаңа медициналық нысандардың іске қосылуы барысында 1000 жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Икімнің сөзі бойынша, Алматы қаласында денсаулық сақтау нысандарын салу бұрын - соңды мұндай жоғары қарқын алмаған. Кездесу барысында Ахметжан Есімов бірінші кезекте жедел медициналық қызмет көрсету саласын жетілдіру қажеттігін атап көрсетті. Қаланың жетекші медициналық қызметтері: кардиология, травматология мен онкология біртіндеп даму үстінде.

2008 жылы қала әкімдігі жұмыста ерекше көзге түскен медицина қызметкерлерінің жалақысына қосымша ақша бөлу жөніндегі мәселені шешкен болатын. Қазір мұндай қосымша ақыны 208 адам алады. Бұл игі шара бұдан былай да жалғасын табатын болады.

Дағдарысқа қарсы жасалған "Жол картасына" қатысты медицина мекемелері кадрларының біліктілігін арттыру мақсатында 12 млн теңге бөлініп отыр. Бұл қаржы 90 дәрігер мен 120 орта медицина қызметкерінің білімін жетілдіруге мүмкіндік береді.

"Медиктердің материалдық жағдайы мен әлеуметтік мәртебесін көтеру жақсы нәтиже беруде. Жыл басынан бері 600 маман өз жұмыс орындарына оралды, біз бұл игі шараны одан әрі жалғастыра береміз", - деп атап өтті Ахметжан Есімов.

Медицина саласындағы оң істерге кеңінен тоқталған қала басшысы орын алған келеңсіздіктерді назардан тыс қалдырмады. Ол медицинадағы коррупция, тәртіп, мәдениет туралы да жетесіне жеткізіп айтты.

"Адамға өмір бір - ақ рет беріледі. Ол - баға жетпес байлық. Адам өмірін сақтауға ықпал ету - үлкен жауапкершілік. Сіздер сырқат жандарға барынша адал қызмет етіп, олардың денсаулығы жолында аянбай тер төгуге міндеттісіздер. Ақылы медицинадағы жағдай әзірше көңіл көншітпейді. Мұнда заңсыздықтар белең алған, жемқорлық бар, біз олармен ымырасыз күресетін боламыз", - деді Ахметжан Есімов.

Сын туралы айта келіп, қала әкімі ең басты сыншы сырқаттың дәрігердің қызметіне берген бағасы екендігін де жеткізді.

"Сынға үлкен жауакершілікпен қараған жөн. Бірақ ол әділ сын болуы қажет. Алматы - еліміздің аса ірі қаласы, ғылым мен білім орталығы. Мұнда жеке адамның мүддесінен қоғамның мүддесі жоғары тұруы тиіс. Біз адам өміріне келгенде ешқандай қателік жібере алмаймыз. Сондықтан да дәрігерлерге жүктелетін міндет өте зор", - деп атап өтті әкім.

Кездесу барысын қорытындылаған А. Есімов қалалық Денсаулық сақтау басқармасы жаңа басшысының алдында тұрған үлкен міндеттерді де жіліктеп айтты. Кадрларын құрамын жаңарту, жаңа жас білікті мамандарды жұмысқа тарту, тәртіпті күшейту, жемқорлықпен күресті нығайту, медициналық қызметтің ішкі аудитін жетілдіру және басқа да маңызды мәселелер қала басшысының назарынан тыс қалған жоқ. Кезек күттірмейтін басты міндет- ана мен бала өмірін сақтап қалу, ВИЧ, СПИД және туберкулез, сондай- ақ қалалық қан орталығының жұмысы бойынша тұрақты мониторинг жүргізу.

"Мен алда тұрған осынау күрделі міндеттерді Еркін Дүрімбетов мырза ойдағыдай шешіп, жүзеге асырады деп сенемін. Өйткені, ол - медицина саласының білгір маманы. Сізге бір жарым миллион алматылықтың денсаулығы сеніп тапсырылып отыр. Бұл - өте үлкен жауапкершілік. Сіз өзіңіз басқаратын ұжыммен бірлесе отырып, осынау жауапты міндетті абыроймен атқара аласыз. Алматы қаласының денсаулық сақтау саласы жоғары деңгейде болуы үшін Сіз бар біліміңіз бен мол тәжірибеңізді, күш- жігеріңізді аямай жұмсауға тиіссіз", - деп атап көрсетті Ахметжан Есімов.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. «Қазақстан Бүгін» Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны