14.02.2008, 16:32 3250

Алматы қаласының әкімшілігі Республика алаңы қазылатыны туралы ақпаратты растады

Алматы қаласының әкімшілігі Республика алаңы қазылатыны туралы ақпаратты растады

Алматы. 14-ақпан. "Қазақстан Бүгін" - Алматы қаласының әкімшілігі "Алмалы" жер асты кешенін салу үшін Республика алаңы қазылатыны туралы ақпаратты растады, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі қала әкімінің құрылыс мәселелері жөніндегі орынбасары Қанат Сұлтанбековтың кеше Интефакс-Қазақстан агенттігіне берген сұхбатына сілтеме жасай отырып.

"Кешен құрылысы алдын ала бекітілген жоспар бойынша жүргізіледі. Ол бойынша құрылыс кезең-кезеңімен іске асатын болады және жол бөліктері де кезек-кезек жабылады", - деп хабарлаған Қ. Сұлтанбеков.

"Алдымен құрылыс компаниясы алаңның бір бөлігін жабады. Ол жерде болашақ кешенді салу үшін асфальт жамылғысын аршуы мүмкін. Ол кезде жолдың бір бөлігі жабылады. Содан соң компания құрылыстың екінші кезеңіне көшіп, алаңдағы жолдың келесі бөлігін жаппақ. Ал қазір болса, құрылыс жұмыстары алаңның бүкіл аумағының астында жүргізіліп жатыр", - деді әкім орынбасары.

Естеріңізге сала кетсек, кең ауқымда жарнамаланған "Алмалы" сауда орталығы салынардан бұрын "Базис А" компаниясы алаңның үстіндегі қозғалысты тоқтатпайтындары жөнінде кепілдеме берген болатын.

"Асфальттағы сызат жарылыстан емес, құрылыс жұмыстарын жүргізу және сонымен бірге, көліктердің белсенді қозғалысының әсерінен пайда болды", - деп хабарлады Қ. Сұлтанбеков.

"Сызаттар үлкен емес. Оның ені - 30-50 см аралығында", - деді ол. Оның айтуынша, "Гидроспецстрой" АҚ мамандары "сызат шөгінді сипатында және геотехникалық процестер мен автокөліктердің қозғалысының әсерінен пайда болған" деп есептейтінін жеткізді.

Айта кететін бір жайт, Алматы әкімшілігінің баспасөз қызметіндегілер "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшілеріне қала әкімінің құрылыс мәселелері жөніндегі орынбасары Қанат Сұлтанбековтың түсініктемесін беруден бас тартты. Баспасөз қызметінің жетекшісі Айгүл Аспандиярова ақпаратты Интерфакс-Қазақстан агенттігінен алуды ұсынды.

Бұрын хабарлағанымыздай, "Базис-А" корпорациясы бүкіл алаңның аумағында қазба жұмыстарын жүргізуге әкімшіліктен рұқсат сұраған болатын. Қала әкімшілігіндегі ақпарат көзі рұқсат берілгенін және әкімшілік "Базис-А" компаниясы қазба жұмыстарын алаңға жаңа асфальт төсеумен сылтаурата отырып, жоспардан тыс жұмыстардың дұрыс екендігіне халықтың көзін жеткізетін түсініктеме құраулары қажет екендігін айтқанын хабарлады. Ақпарат көзінің хабарлауынша, "мұны қысқа мерзімде жасау қажет".

Жексенбі күні алаңда асфальт жамылғысын нығайту бойынша жұмыстар басталған. "Жерге екі метрден астам темір істіктер қағылуда. Сосын ол жерге бетон құйылады", - деді жұмыстың алғашқы кезеңін жүргізіп жатқан жұмысшылар.

Құрылыс мамандарының пайымдауынша, бұл шаралар асфальт жамылғысын нығайту бойынша жұмыстармен халық көңілін аулау үшін жүргізіліп отыр. Себебі, бұл келесі қазаншұңқыр қазу жұмыстарымен еш қабыспайды".

Мамандар егер корпорацияға алғаш жоспарланғандай емес, алаңды жауып, құрылысты үстінен жүргізуге мүмкіндік берсе, бұл компанияға ақша-қаражатты айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік бермек. Себебі, құрылыс бағасы арзандайды.

Естеріңізге сала кетсек, алаң астынан орталық салуға Қазақстанның ұлттық-демократиялық күштерініңі өкілдері қарсы болған еді. Олар бұл құрылыс алаңның 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына байланысты тарихи рөліне сай емес деген болатын. "Бұл тек пайда қуу ғана емес, Желтоқсан оқиғасы туралы жәдігерді жою ниеті болып табылады", - деп мәлімдеген еді өткен жылдың қаңтар айында қоғам қайраткері Жасарал Қуанышәлин. "Бұдан өзге де жерлер бар емес пе? Неліктен тап осы жерде осындай жайттар орын алуы керек?", - деп өз ренішін білдірген болатын.

Ал Алматы қаласының әкімі И. Тасмағанбетов "Алмалы" орталығын салуды қолдады. "Республика алаңының астынан көп функциялық кешеннің салынуына келер болсақ, мен бірқатар алматылықтардың бұл құрылыстың жөнсіз салынуы жайындағы пікірлерімен таныспын. Мен бұл оймен мүлде келіспеймін. Себебі - алаң дегеніміз мазар немесе мұражай емес, ол өзінің белгілі бір функциясын атқарады", - деген И. Тасмағамбетов. "Біз алаңдар тек ресми қызмет қана атқаратын, яғни, әскери парадтар өткізілетін кеңестік жүйеден бас тартқымыз келеді. Алаң осыдан басқа қызмет атқармаған. Адамдар ол алаңдарды айналып өтуге тырысатын. Себебі, ол алаң биліктің алаңы еді", - деп толықтырған болатын қала әкімі.

Сонымен бірге, бұрын хабарлағанымыздай, сәулет және құрылыс саласындағы сарапшылар Алматыда жүргізіліп жатқан құрылыстардың сейсмикалық нормаларға сай келмейтіндігін талай рет көрсетіп, қала орналасқан 10 балл жер сілкініс қаупі бар аумақта жөнсіз құрылыс салудың болуы мүмкін салдары жөнінде бірнеше мәрте ескерткен еді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны