17.11.2011, 13:07 3981

Алматы метросындағы жолақыны төлеу контактысыз смарт-карталар және смарт-жетондар арқылы жүргізілетін болады

"Жолақысын төлеу контактысыз смарт-карталар және смарт-жетондар арқылы жүргізіледі. Метроның барлық стансаларында кассалар жұмыс істейді, ал олардан жолаушылар алдын ала ақысын төлеп жетондар сатып алады", - делінген бейсенбі күні таратылған хабарда.

Алматы. 17-қараша. Kazakhstan Today - Алматы метросындағы жолақыны төлеу контактысыз смарт-карталар және смарт-жетондар арқылы жүргізілетін болады, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Бұл туралы Алматы әкімшіліген шаруашылық жүргізу құқығы бар "Метрополитен" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын (МКК) баспасөз қызметінен хабарлады.

ҚазТаг ақпараттық агенттігінің хабарлауынша, "Жолақысын төлеу контактысыз смарт-карталар және смарт-жетондар арқылы жүргізіледі. Метроның барлық стансаларында кассалар жұмыс істейді, ал олардан жолаушылар алдын ала ақысын төлеп жетондар сатып алады", - делінген бейсенбі күні таратылған хабарда.

Хабарда айтылғандай, смарт-жетондар бір реттік жол жүруге арналған және сатып алынғаннан соң бір тәулікке ғана жарайды. Смарт-карталар да белгілі бір жол жүру санына және белгілі уақыт аралығына арналған. "Ол үшін метроның дәліздерінде арнайы аппараттар орналастырылған, бірақ жолушы қалайтын болса, аталған операцияны кассирлер арқылы орындай алады", - делінген хабарда.

Кассирлерден басқа стансаларда контролерлер жұмыс істейді. Олар жолаушылардың жол ақысын карталар мен жетондар арқылы төлеулерін қадағалап тұрады.

Хабарда айтылғандай, жолаушыларға аталған жүйе бойынша қызмет көрсететін барлық метро қызметкерлері Санкт-Петербор метросында арнайы оқудан өтіп келген. "Метрополитен" МКК Алматы метросында жол жүру ақысы Т80 екенін еске салады. "Аталған тарифті бекіткенде метрополитен тұтынатын электр қуатының бағасы ескерілді", - делінген ведомство таратқан хабарда.

Бұрын хабарланғандай, Алматы әкімінің орынбасары Серік Сейдумановтың айтуынша, Алматы метросын 1 желтоқсан күні іске қосады.

"1 желтоқсанда біз ашылмақшымыз. Екінші кезегін бастап та қойды. Қалқаман бағытында Абай даңғылымен 200 метрдей өттік. Екі жылда біз екінші кезегін іске қосамыз. Сол кезде Қалқаманнан Раймбек даңғылына дейін келуге болады. Ал әзірге 8 станса жұмыс істейді", - деді С. Сейдуманов сейсенбі күні көпбалалы аналармен кездесуінде.

Еске салсақ, алматылық метроның құрылысы 1988 жылдың күзінде КСРО салалық министрліктерінің басшылығымен қолға алынып, республикалық бюджет есебінен қаржыландырылды. КСРО-ның ыдырауына байланысты метроның құрылысы тоқтап қалды. 2005 жылы ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Алматы қаласын 2010 жылға дейін дамыту бағдарламасын" бекітті, оның аясында метроның құрылысы басымдықты инвестициялық жобалар қатарына жатқызылды. Сол сәттен метро құрылысын қаржыландыру қайта қолға алынып, 7 жылдан аз уақытта құрылыс-монтаждау жұмыстарының 70%-ға жуығы орындалды.

Райымбек даңғылынан Фурманов көшесінің астымен Абай даңғылына дейін, ары қарай батыс бағытта Гагарин көшесіне дейін баратын (барлығы 8,5 км) І желінің І кезегінің құрылысын 2011 жылдың желтоқсанында аяқтау көзделген. Құрылыстың құны шамамен Т165 млрд-қа жуық. Метрополитеннің I кезегі тәулігіне 300 мың жолаушы (жылына 110 млн жолаушы) тасымалдай алады. Екінші кезек іске қосылғанда тәулігіне 748 мың жолаушы (жылына 305 млн жолаушы) тасымалданады.

Алматы метрополитенінің алғашқы желісіне 7 станция кіреді: "Райымбек батыр", "Жібек-Жолы", "Алмалы", "Абай", "Байқоңыр", "Мұхтар Иуэзов ат. театр", "Алатау".

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны