19.03.2010, 14:58 4845

Алматы облысындағы су тасқынан зардап шеккен 150 оқушы "Балдәурен" республикалық оқу-сауықтыру орталығына жіберіледі - ҚР БҒМ

Алматы облысындағы су тасқынан зардап шеккен 150 оқушы "Балдәурен" республикалық оқу-сауықтыру орталығына жіберіледі - ҚР БҒМ

Астана. 19 наурыз. Kazakhstan Today - Ақсу ауданындағы су тасқынан зардап шеккен 150 оқушы мен оларды алып жүретін 5 мұғалім үшін 2010 жылғы 1-10 сәуір аралығында республикалық бюджет есебінен "Балдәурен" республикалық оқу-сауықтыру орталығында демалу мен сауықтырылуы ұйымдастырылатын болады. Бұл туралы бүгін ҚР БҒМ Орта білім департаментінің директоры Нұрғали Аршабеков брифингте мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

ҚР БҒМ өкілі Алматы облысы Ақсу ауданындағы су тасқынынан кейінгі жағдайға байланысты қолға алынған шаралар жөнінде мәлімдеді.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, қазіргі күні аталмыш ауданның Қызылағаш ауылындағы І.Жансүгіров атындағы орта; Ақтоған ауылы мен Көлтабан ауылындағы негізгі мектептер мен Егінсу ауылындағы орта мектептің қызметі тоқтатылды. Бұл мектептердегі балалардың жалпы саны - 575.

538 бала сабақтарын жалғастыруда, 18-і ауруханада, 5 бала қайтыс болса, 14-не іздеу салынуда.

Аталған елді мекендердегі мектептерді су басып жарамсыз болып қалуына байланысты балалар Талдықорған қаласындағы тоғыз мектепке, Ақсу, Ескелді, Қаратал, Көксу, Панфилов, Сарқан, Текелі, Қапшағай аудандарындағы мектептерге орналастырылып, сонда білім алуда. Алажиде ауылы тұрғындары өз үйлеріне қайта оралды. Осы ауылдағы 52 бала білім алатын орта мектеп 17 наурыздан бастап жұмысын қайта бастады.

Облыстық білім басқармасы 47 мектеп оқушысын Талдықорған қаласындағы № 25 орта мектепте оқыту туралы шешім қабылдады. Мектепке дейінгі жастағы 17 бала уақытша облыстық "Айналайын" балалар орталығына орналастырылды.

Ақсу ауданында мектептермен қатар мектеп жанындағы интернаттар құру, балаларды тамақтандыру мәселесі шешілуде. Барлық мектептер республикалық бюджет есебінен қажетті мектеп оқулықтарымен қамтамасыз етіледі.

Білім және ғылым министрлігі су тасқыны апатынан зардап шеккендер қорына министрлік қызметкерлерінің бір күндік жалақысын аудару туралы шешім қабылдады.

Апат салдарынан болған залалдың көлемін ескере келе, қалпына келтіру жұмыстарына "Жасыл ел" жастар еңбек жасақтары және студенттік құрылыс жасақтары атсалыспақ. 20 мамырдан бастап "Нұр Отан" ХДП "Жас Отан" жастар қанатымен бірлесіп "Жас Отандықтар" бірлескен жобасы жүзеге аса бастайды. Аталмыш жоба аясында Алматы облысына 200 сарбаздан тұратын студенттік құрылыс жасағын жіберу жоспарланып отыр. Жасақтың құрамына еліміздің барлық өңірінен сарбаздар тартылмақшы.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны