14.01.2008, 19:44 3159

Алматы облысының басшылығы кришнаиттердің шіркеулерін бұзғылары келеді - "Общество сознания Кришны"

Алматы облысының басшылығы кришнаиттердің шіркеулерін бұзғылары келеді - "Общество сознания Кришны"

Алматы. 14-қаңтар. "Қазақстан Бүгін" - Кришнаны тану қоғамы діни бірлестігінің мүшелері Алматы облысының басшылығы жақын арада оларға тиесілі шіркеуді бұзуға әрекет етпек деп санап отыр. Бұл туралы "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісіне діни бірлестіктің баспасөз қызметінен хабарлады.

"Алматы облысының Қарасай ауданындағы "Общество сознания Кришны" ұйымының ғимараттарын 10-қаңтар күні сәулеттік тексерістен өткізуі биліктің "Общество сознания Кришны" ұйымының шіркеуін жақын арада бұзу туралы ниеттерін тағы бір рет дәлелдеді", - деп хабарлады баспасөз қызметі.

Осы тексеру барысында "Общество сознания Кришны" ұйымының басшылығына екі құжат келіп түскен. Оның бірі Қарасай ауданының әкімі А. Мұсахановтың облыс әкімінің бірінші орынбасары В. Долженковқа жазған хат болатын. Діни бірлестіктің хабарлауынша, 2007 жылдың 27-қарашасындағы хатта Қарасай ауданы әкімшілігінің қаулысымен "Общество сознания Кришны" қоғамы орналасқан жер Алматы облыстық №1 балалар үйіне 5 жылға жалға берілгені көрсетілген. Алайда, хатта жазылғандай, бұл қаулыны іске асыру әзірге мүмкін емес. Себебі, құрылыстар мәселесі әлі шешілмеген. Хат соңында әкім құрылыстарды бұзу туралы мәселені сотта тағы да көтеру жөнінде өтінген.

Діни бірлестік өкілдерінің айтуынша, шіркеуді және өзге де ғимараттарды бұзу туралы ұсынысты Қарасай ауданының әкімшілігі 2007 жылдың мамыр айында жіберген. 2007 жылдың 21-мамырындағы хатта Қарасай ауданының сәулетшісі Е. Исмаилов Алматы облысының бас сәулетшісі Г. Ибдірайымовтан "құрылыстарды бұзу мәселесі бойынша сот органдарына шағымдану" жөнінде өтінген.

"2007 жылдың мамырындағы аудандық сәулетшінің хаты жауапсыз қалған. Себебі, ол кезде, "Общество сознания Кришны" ұйымының басшылығына кейбір Астаналық шенеуніктердің түсіндіруінше, кришнаиттер мәселесі саяси тұрғыдан уақытша қарастырылмаған. Күтіліп отырған ең басты мәселе Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалық етуі болатын", - деп хабарлады діни бірлестіктегілер.

"Общество сознания Кришны" ұйымы баспасөз қызметінің мәліметтеріне сүйенсек, 2007 жылдың 14-маусымында Америкалық Хельсинки комиссиясы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа үндеу жолдаған. Онда: "істің заңнамалық жағына қарамастан мәдени ғимаратты бұзуға қатаң тыйым саламыз. Сіздің үкіметіңіз 2009 жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалық етуге ұмтылып отырғанын ескере отырып, қалай болған жағдайда да, шіркеудің бұзылуын ЕҚЫҰ-на мүше елдердің көбісі 1975 жылғы Хельсинки Қорытынды актісінің міндеттемелерін тікелей бұзғандық деп есептейді", - деп атап көрсетілген.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны