14.09.2006, 18:16 2897

Алматыда 8 айда мемлекеттік қызметкерлер алған пара көлемі 10 млн. теңгеден асты - қалалық қаржы полициясының басшысы

АЛМАТЫ. 14-қыркүйек. Kazakhstan Today. Алматыда 2006-жылдың 8 айында мемлекеттік қызметкерлер алған пара көлемі 10 млн. теңгеден асты. Бұл туралы 13-қыркүйекте Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың төрағалық етуімен мемлекеттік мекемелердегі сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесі бойынша өткен кеңесте Алматы қаласы бойынша экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстармен күрес департаментінің бастығы Владимир Курбатов мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі әкімшіліктің сайтына сілтеме жасап.

В.Курбатовтың айтуынша, өкі басқаратын мекеменің қызметкерлері 8 айда сыбайлас жемқорлыққа қатысты 84 қылмыстың бетін ашты. Бұл былтырғы көрсеткіштен отыз процент артық. Парақорлық дерегін анықтау көрсеткіші екі есе артты (былтыр 18 болса, биыл 44). Оның айтуынша, жекелеген жағдайларда пара көлемі 10 мың долларға жетеді. Параның жалпы көлемі 10 млн. теңгеден асты.

Өткен мерзімде 44 іс сотқа жолданды. Қазіргі жағдаймен соған сәйкес 17 адам сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін, соның ішінде ішкі істер органдарының 4 қызметкері, сот үкімін орындаушы 3, салық комитетінің 2 қызметкері сотталды.

Мәселен, қылмыстық іс бойынша оң шешім шығарып беру үшін 800 доллар пара алған Медеу аудандық ІІБ-ның тергеушісі; әкімшілік жауапкершілікке тартпау үшін 50 мың теңге пара алған мемлекеттік өрттен қадағалау қызметінің бас маманы, сот шешімінің орындалуын кейінге шегере тұрғаны үшін 500 доллар пара алған Иуезов учаскесінің сот үкімін орындатушысының қылмыстары әшкереленді.

Сондай-ақ, департамент басшысының мәліметіне сәйкес, Иуезов аудандық сотының судьясы мен Түріксіб аудандық сотының судьясы пара алғаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айрылса, Алматы қалалық тұрғын үй департаментінің директоры қылмыстық жауапкершілікке тартылып, артынша рақымшылық аясына ілікті.

Ағымдағы жылдың 8 айында қаржы полициясы мекемелерінен 9 адам көлеңкелі әрекеттері үшін жұмстан шығарылды. 8 қылмыскердің үстінен қылмыстық іс қозғалды.

"Бұл сандарға талдау жасай отырып, Алматы қаласы сыбайлас жемқорлыққа белшесінен батты деген тұжырым жасауға болмайды. Бұл қаржы полициясы органдары былтырғыға қарағанда белсенді жұмыс істей бастағанының айғағы ғана",- деді В.Курбатов.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны