14.09.2006, 14:31 3021

Алматыда баспана мен жер телімдеріне қатысты қитұрқылықтар ең көп таралған қылмыс түріне айналды - қалалық қаржы полициясының басшысы

АЛМАТЫ. 14-қыркүйек. Kazakhstan Today. "Алматыда баспана мен жер телімдеріне қатысты қитұрқылықтар ең көп таралған экономикалық қылмыс түріне айналды". Бұл туралы 13-қыркүйекте Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың төрағалық етуімен мемлекеттік мекемелердегі сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесі бойынша өткен кеңесте Алматы қаласы бойынша экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстармен күрес департаментінің бастығы Владимир Курбатов мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі әкімшіліктің сайтына сілтеме жасап.

Департамент басшылығы 2005-2007-жылдарға арналған мемлекеттік тұрғын үй құрылысын дамыту бағдарламасының аясында салынған пәтерлерді сатуға байланысты алаяқтық деректерінің белең алуына алаңдаушылық білдіреді.

Қалалық қаржы полициясы басшысының пікірінше, Алматы қаласында "аталмыш қылмыс түрінің белең алуына ммүкіндік толық". "Департаментке келіп жатқан шұғыл ақпараттарға жасаған талдау мен азаматтар мен заңды тұлғалардан түсіп жатқан ауқымды шағымдар жылжымайтын мүлік нысандарына қатысты күрделі қылмыстық ахуал қалыптасқанынан хабар береді",- деді ол.

"Алаяқтар бір жағынан азаматтардың аңқаулығын пайдаланса, екінші жағынан тұрғын үй департаментінің қызметкерлері сыбайлас жемқорлыққа белшесінен батқан деген лақап тарату арқылы өздері қылмысқа барады. Бұл мақсатта қылмыстық қауымдастықтар құрылады",- деді В.Курбатов.

Мәселен, оның айтуынша, Алматы қалалық қаржы полициясы "Жылжымайтын мүлік агенттігі" ЖШС қызметкеріне қатысты қозғалған қылмыстық істі тексеруді аяқтап, сотқа жолданды. ЖШС қызметкері Жұптыбаева аса ірі көлемде алаяқтықпен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топ құрған. "2005-2007-жылдарға арналған мемлекеттік тұрғын үй құрылысын дамыту бағдарламасына ешбір қатысы жоқ бұл қылмыскерлер Алматыдаы "Мамыр-3" ықшам ауданынан пәтер сатып алуға құжаттар рәсімдеуге қызмет көрсетеміз деген желеумен азаматтардан аса ірі көлемде ақша алып, артынан іздерін жасырып отырған",- деді В.Курбатов.

Оның айтуынша, алдын-ала тергеу барысында зардап шеккен 75 адам анықталды. Жұптыбаева олардың әрбіреуінен 2 мың мен 70 мың доллар арасындағы қаржыны алып кеткен. Алаяқтар түрлі жылдарға бас бостандықтарынан айрылды.

"Тағы бір алаяқ адамдарды Алматы қалалық әкімшілігінің қызметкерлеріне мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша пәтер бөлгізу үшін пара беруге итермелеген. Осындай тәсілмен ол 48 млн. теңгені иемденіп кеткен. Оның әрекетінен 15 адам зардап шекті. Қылмыскер ұсталды. Іс сотқа жолданды",- деді қаржы полициясының басшысы.

Ол сонымен бірге Алматыда құрылыс салуға берілетін "жалған" рұқсаттарды сату деген тағы бір қылмыс түрі таралды. "Осындай жалған рұқсаттты сатып алып тақырға отырғандардың арасында "Шаңырық" ықшам ауданының кейбір тұрғында да бар. Қаржы полициясы қазір осындай алаяқтарды іздестіріп жатыр".

"Осы тектес қоғамдық қаупі бар көріністермен күрес мақсатында департамент қала тұрғындарын алаяқтардан қорғауға бағытталған артықша тиімді шараларлы жүзеге асырмақшы. Өйткені, осындай алаяқтардың қылмыстық әрекеттері қоғамда шиеленіс тудырып, атқарушы билік органдарының беделіне көлеңке түсіреді",- деді қалалық қаржы полициясының бастығы.

Қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов тұрғындар үшін айрықша өзекті болып табылатын жеке баспана тұрғызу мен тұрғын үй құрылысын дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама аясында салынған пәтерлерді таратуға байланысты қылмыстарға тосқауыл қою құқық қорғау органдары мен әкімшіліктің түрлі құрылымдары арасындағы ықпалдастық пен жүйелі әрі кешенді көзқарасты талап етеді, деп пайымдайды.

Қала әкімінің пайымдауынша, "құрылыс саласы қитұрқылықтардың шырмауында қалды. Заңсыз құрылыс салу, жер телімдерін басып алу, пәтерлерді бірнеше мәрте сату мен пәтерлерді ауадан жасап сату сынды алаяқтықпен шұғылданатын қылмыстық топтар құру секілді әрекеттер белең алды. Осы сұрақтар бойынша біз шұғыл жұмыс ұйымдастыруға тиіспіз және бұл салаға барынша назар аударуымыз қажет",- деді қала әкімі.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны