08.05.2008, 10:24 2827

Алматыда бір топ тұрғын АҚШ, Германия, Франция елшіліктері мен ЕҚЫҰ, Еуроодақ өкілдіктеріне шағымданды

Алматыда бір топ тұрғын АҚШ, Германия, Франция елшіліктері мен ЕҚЫҰ, Еуроодақ өкілдіктеріне шағымданды

Алматы. 8 мамыр. "Қазақстан Бүгін" - Алматыда Ил-Фараби - Розыбакиев - Қожабеков - Гагарин көшелерінің аумағында тұратын тұрғындардың бір топ бастамашылары олардың құқықтары мен бостандықтарының бұзылу оқиғалары жөнінде АҚШ, Германия, Франция елшіліктері мен ЕҚЫҰ, Еуроодақ өкілдіктеріне хат жолдап шағымданды. Бұл туралы "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісіне бастамашылар тобының мүшесі хабарлады.

Өз хаттарында топ мүшелері өздерін заңмен қорғалып отырмыз деп сезінбейтіндерін мәлімдеді. "Біз құқығымыз бен еркіндіктеріміз бұзылып жатқаны жайлы қоғамға, оның ішінде демократиялық елдер тобына жататын мемлекеттердің өкілдіктеріне жеткізгіміз келеді. Атап айтқанда, билік бізге Қазақстан Республикасының Ата заңында, азаматтық және саяси құқық пен еркіндік туралы халықаралық пактіде, экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар жайындағы пактіде кепілдік берілген жеке меншік пен жиналу еркіндігі құқығын таптап отыр", - деп көрсетілген хатта.

Қала тұрғындары қаланың бұрынғы әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың қаулысымен олардың меншігі жергілікті атқарушы билік және арнайы құрылған мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын "Алматыжер" тарапынан мемлекеттік қажеттіліктер үшін деген желеумен тартып алынып жатқаны жайлы хабарлады.

"Біздің үйлеріміздің орнында мемлекеттік мақсаттағы нысандарды салу көзделмесе де қаланың мәртебелі ауданындағы жер телімі мақсатты түрде неғұрлым көп пайда түсіру үшін көп ешкімге танымал емес "Сити Сервис Инвест Строй" ЖШС компаниясына берілуде", - деп атап көрсеткен бастамашылар тобының мүшелері.

Олар өз хаттарында әкімдік жер телімі мен сонда тұрған үйді күшпен тартып алу бойынша жүздеген азаматтарды сотқа бергенін жазған. "Мұндай тәжірибе бұрын да болған және Алматы, Астана, Шымкент қалаларының ондаған мың тұрғындарына қатысты әлі де жалғасын табуда. Көптеген азаматтар өз меншіктерінен қазіргі таңда айрылып қалды. Сондықтан, өздерінің тұрғын үй жағдайын нашарлатуға мәжбүр", - деп көрсетілген хатта.

"Барлық деңгейлердегі соттар биліктің атқарушы органдарына тәуелді болғандықтан құрылыс компаниялары мен қызығушылық танытқан шенеуніктердің қолындағы құралға айналған. Іс жүзінде биліктің белсенді қатысуымен қарапайым азаматтардың меншігі жылжымайтын мүлік нарығының ірі ойыншыларының пайдасына кетуде", - деп есептейді бастамашылар тобының мүшелері.

Олар сондай-ақ, Алматы қаласы әкімдігінің 2006 жылдың 21 ақпанындағы №1/159 қаулысының күшінің жойылуын талап еткендерін хабарлады. Олар оны Конституцияға қайшы деп тапқан және азаматтарға берілген сот арыздарының барлығының қайтарылуын талап еткен. "Сот аясында шенеуніктерді даулап жеңе алмағандықтан біз өз құқықтарымыз бен бостандықтарымызды пикеттер мен аштық жариялау түріндегі заңды қарсылық көрсету арқылы қорғамақшы болдық", - деп көрсетілген қалалықтардың үндеуінде.

Олар сондай-ақ, мұндай акцияларды өткізудің барлық әрекеттері полиция күшімен тоқтатылады. Ал белсенділері болса тұтқындалады. Атап айтқанда, биылғы жылдың 25 наурызы күні осы аудан тұрғындарының қалалық әкімдік алдындағы бейбіт шеруі қуып таратылған және жеті адам тұтқындалған. Ал 26 наурызда бес белсендіге қатысты сот ісі өтті. Нәтижесінде төртеуін айыппұл және ескерту түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартса, құқық қорғаушы Айнұр Құрмановты 10 тәулікке тұтқындаған.

Бастамашылар тобы 1995 жылдың 17 наурызындағы №2126 "Қазақстан Республикасындағы жиналыс, митинг, шеру, пикет және демонстрация ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" заңның 3- бабына сәйкес шатырлар орнату арқылы ұзақ мерзімдік аштық жариялауға қала әкімдігіне ресми арыз беру арқылы өздерінің бейбіт акция өткізу құқықтарын іске асырмақшы болған.

"Алайда, шенеуніктер қатарынан екі рет бізге негізсіз тыйым салды. Ал 24 сәуір күні қалалық мәслихат депутаттарының сессиясының шешімімен осындай шараларға арнайы бөлінген "Сарыарқа" кинотеатрының артындағы саябақта шатыр орнату әрекеті екі бейбіт тұрғынның Сергей Дмитриев пен Ирина Ягуткинаның тұтқындалуымен аяқталды", - деп көрсетілген хатта.

Бастамашылар тобының мүшелері сондай-ақ, бұдан былай да акция өткізуге арыз бере беретіндіктерін мәлімдеді. Дегенмен, олар бұл арыздардың да шенеуніктер тарапынан кері қайтарылатынына сенімді. "Бұл кері қайтаруларды сот арқылы даулау мүмкін емес. Біз полиция, сот және басқа да арнайы қызметтер тарапынан қуғынға міндетті түрде ұшырайтынымызды білсек те қарапайым азаматтар ретінде өз меншігіміз бен үйімізді сақтау үшін қарсылық әрекетін жалғастыра береміз", - деп есептейді қала тұрғындары.

Қорытындылай келе қала тұрғындары өз хаттарында мұндай тұтқындаулар мен меншікті күшпен тартып ала беретін болса, осы топтың кейбір тұрғындары саяси баспана беру бойынша АҚШ, Германия және Франция елшіліктеріне өтініш жолдайтындарын хабарлады.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, тұрғындардың бір тобы мерзімсіз қарсылық акциясын өткізбек болған. Сәуірдің 22-де осы ауданның 100 шақты тұрғыны Нестеров көшесі мен Радостовец көшелерінің қиылысына жиналған. Ашынған тұрғындар аудан тұрғындарына қарсы жаппай сотқа арыз беру жалғасып жатыр деп хабарлады. Судьялар құрылыс салушы компания "Сити Сервис Инвест Строй" ЖШС пайдасына меншікті күшпен тәркілеу жөніндегі шешімдерге таңбаны басып жатыр.

Брифингке қатысқандардың айтуынша, бастамашы топтың 24 сәуір күні Сарыарқа кинотеатрының арт жағында қарсылық акциясын ұйымдастырып, аштық жариялауына рұқсат берілмеген. Олар өздерінің қарсылық акцияларын 1 мамыр күні өткізуге жаңа өтініш берген.

"Қалалық соттың аппеляциялық инстанциясындағы сот отырысында біз жұма, 18 сәуір күні жеңіліске ұшырадық", - деді акцияға қатысушылар.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, осы аумақта тұратын қала тұрғындары 25 наурызда Алматы қаласы әкімдігі алдында қарсылық митингісін өткізген. Олар "Алматыжер" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының іс-әрекеттеріне қатысты наразылықтарын ортаға салып, әкімшілік қызметкерлеріне сол кездегі қала әкімі Иманғали Тасмағамбетовқа арнаған жолдауын табыс еткен.

"Үйлері бұзуға жіберілген аудан тұрғындары біздер сіздің іс-әрекеттеріңізге және сізге бағынышты "Алматыжер" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны мен "Сити Сервис Инвест Строй" ЖШС атты құрылыс салушы компанияның іс-әрекеттеріне наразылық білдіреміз", -деп жазған қала тұрғындары И. Тасмағамбетовқа жолдаған петициясында.

Осындай митинг өткізуге рұқсат берілмегендіктен, тәртіп сақшылары наразылық шарасына бірден тосқауыл қойды. Бастамашы топ құрамындағы ең белсенді жеті адам ұсталды. Полицейлердің айтуынша, оларды қоғамдық тәртіп бұзушылар ретінде Бостандық ауданының ішкі істер басқармасына жіберілген.

Икімшілік ғимаратының алдына келген адамдар өз талаптарын жария етпек болған. Біріншіден, олар Алматы қалалық әкімшілігінің "Мемлекеттік қажеттілік үшін жер телімдерін тәркілеп (сатып алу) алу туралы" 2006 жылдың 21 ақпанындағы №1/159 қаулысының күшін жоюды талап етеді. Өйткені, олар бұл қаулыны заңсыз әрі Қазақстан Конституциясына қайшы деп таниды. Екіншіден, олар әкімшіліктің жер телімдері мен жылжымайтын мүлікті күшпен тартып алу жөніндегі жер телімдерінің иелеріне жасаған шағымдарының кері қайтарылып алуына қол жеткізуді көздеп отыр.

"Икімшілік пен сіз президент Нұрсұлтан Назарбаевтың коммерциялық құрылыс салуға арналған жер егер ол жеке меншікте болса, соттар арқылы тәркіленбеуі керек. Ол меншік иесімен келісімге келу арқылы сатып алынуға тиіс деген сөзін назарға алмай отырсыздар", -дейді наразылық білдірушілер.

Наразылық шарасына келгендердің пікірінше, "құрылыс салушы компания мемлекеттік қызметкерлермен тізе қоса отырып, өздері ұсынған шарттарға келіспеген адамдарға өлшеусіз қысым көрсетуде. Басқа аудандарға қатысты барлық сот шағымдары құрылыс нарығындағы дағдарысқа байланысты кері қайтарып алынған. Ал біздің құрылыс салушы компаниямыз жерді өз капиталы жоқ бола тұра, негізнен сот арқылы және несиеге сатып ала бастады. Ал қазір оның қаржылық ахуалы нашарлап, 2006-жылдың қазан-қараша айларында өткен соттардың шешіміне сәйкес те, меншік иелерімен арадағы сату-сатып алу келісіміне сәйкес те өтемақы төлей алмай отыр".

"Бірақ бұл жайт құрылыс салушы компанияны да, әкімшіліктің мүддесін қорғаушы "Алматыжер" МКК-ын да тоқтата алмай отыр. Біздің жер теліміміз бойынша меншікті мемлекеттік қажеттілікке деп мәжбүрлі иеліктен шығару жөнінде 100-ден астам шағым түсірілген. Ал шын мәнінде ол жерде тұрғын үй құрылысы салынбақшы", -деп ашуланады тұрғындар.

"Біздің бастамашы топтың өкілдері әкімның орынбасарының қабылдауында болды. Біздің мәселемізді тек әкім ғана шеше алады деп ойлап, біз оған бірнеше сұрақ қоймақ болған едік. Біздің жер теліміміздегі жерді сатып алумен "Сити Сервис Инвест Строй" компаниясы айналысады, бірақ бізге шағым түсіріп отырған -әкімшілік. Біз бұл компанияның тіпті қайда екенін де білмейміз, оның кеңсесі де жоқ. Олар бізбен жұмыс істеп отырған жоқ, бізбен байланысқа шықпайды. Біз тіпті құрылыс салушы компаниямыздың басшылығын көрмедік. Бірақ біздің үстімізден сотқа шағым түсіріп отырған "Сити Сервис Инвест Строй" емес, ол - әкімшілік. Біздің осы жерде жиналу себебіміз осыда", - деді акцияға қатысушы Гүлстан Маликова.

Тағы бір митингке қатысушы Светлана Тарасованың айтуынша, үйлері бұзуға жіберілген аудан тұрғындары аудандық әкімшіліктен бастап прокуратураға дейінгі барлық мемлекеттік ұйымдарға шағымданған. Бірақ өз сауалдарына жауап алмаған. Компанияла қазір жеткілікті қаржысы жоқ, сол себепті өткен жылғы күзде сотта жеңіліс тапқан тұрғындарға және сотқа бармай, құрылыс салушы компанияның шарттарымен келісуге ұйғарған тұрғындарға бүгінгі күнге дейін өтемақы төленген жоқ.

"Егер оларда ақшасы жоқ болса, біздің тыныштығымызды бұзбағандары жөн еді. Немесе құрылыс салушы компания бізге келіп, адам сияқты, заңды сөйлесуі керек еді. Біз миллиондарды сұрап отырған жоқпыз, бізге осы ауданнан теңбе-тең баспана ғана керек. Бізді не себепті асықтырып отыр? Менің екі бөлмелі пәтерімнің орнына маған бір бөлмелі пәтер ұсынады. Ал менің бес балам бар", - дейді Нұрсұлу Райымбекова.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны