20.01.2016, 20:31 4478

Алматыда борышкерлер банктердіӊ алдына қара жамылып барып, шүберек өртеді

Базына жеткізудіӊ тағы бір тыӊ тәсілін бүгін алматылық борышкерлер көрсетті. Бұл жолы олар банк алдына жаппай қара жамылып барып, тіпті артынша қолдарына байлаған шүберектерін өртеп жіберді. Жаға жыртысуға дейін барғандар әдеттегідей мемлекеттік қайта қаржыландыру бағдарламасына жеӊілдіктер жасалсын дейді

Алматы. 20 қаӊтар. Kazakhstan Today - Базына жеткізудіӊ тағы бір тыӊ тәсілін бүгін алматылық борышкерлер көрсетті. Бұл жолы олар банк алдына жаппай қара жамылып барып, тіпті артынша қолдарына байлаған шүберектерін өртеп жіберді. Жаға жыртысуға дейін барғандар әдеттегідей мемлекеттік қайта қаржыландыру бағдарламасына жеӊілдіктер жасалсын дейді, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Борышкерлер апта салып, қайта жиналды. Қарсылық акцияларыныӊ небір түрін көрсетіп жүргендер бұл жолы тіпті қара киім жамылып келген. Жұрттыӊ бәріне бірдей қарайтын менеджерлердіӊ әрекетінен мезі болдық деген олар әркімніӊ жағдайы әртүрлі екенін осылай көрсетпекші, деп хабарлайды www.ktk.kz тілшісі.

Наразылықтары сан-алуа болғанымен, барлығыныӊ талаптары бір - несиені қайтаруға қатысты жеӊілдік керек. Айлық төлем әркімніӊ табысына қарай есептелсін дейді олар.

Сұлубике Жақсылықова, "Халықты баспанамен қамтиық" қоғамдық бірлестігініӊ төрайымы:

- Белгілі бір жеӊілдіктер, негізгі қарыздан шегерім болсын. Сол кезде ғана бұл мәселе, борышкерлердіӊ мәселесі түбегейлі шешіледі. Оған дейін бұл мәселе шешілмейді.

Көрші ғимаратта орналасқан келесі банкке шерушілер басқа тәсіл қолданды. Қаржы ұйымыныӊ белгісі бейнеленген шүберектерді қолдарына баулап, талаптарын жеткізбек болған. Естіген жауап көӊілдерінен шықпаған соӊ, шүберекті бензин құйып өртеуге кірісті.

Банктердіӊ де бұл ретті өз уәждері бар. Арыз жазғандарға мемлекеттік бағдарлама бойынша жеӊілдіктер жасалыпты. Бүгінге дейін тек бір банктіӊ өзі бюджеттіӊ ақшасына 2 мыӊнан астам адамныӊ пайыздық үстемесін төмендеткен екен. Ал қарызды мүлдем кешіру мүмкін емес деп ашық айтып отыр.

Дмитрий Посохов, "Казкоммерцбанк" АҚ Алматы филиалы директорыныӊ орынбасары:

-Өсімақы мен пайыз мөлшерін алып тастау жағынан ғана жеӊілдік жасалады. Бұл бағдарлама талабында көрсетілген. Негізгі қарызды кешіру болмайды.

Бағдарлама бойынша доллармен алынған несие 188-бен бекітіліп, теӊгеге ауыстырылады. Пайыз мөлшері де 3 пайызға дейін төмендетіліп, бүгінге дейінгі өсімақыныӊ барлығы кешірілмек. Бірақ бұл да наразы борышкерлердіӊ көӊілінен шығып отырған жоқ.

-Борышкерлердіӊ бүгінгі акциясы әдеттегідей аяқталды. Төрағаны талап еткен жұртқа оныӊ шықпағаны анық, ал өздері есіктен ары қарай аса алмады. Есесіне қоғамдық тәртіпті бұзу және кішігірім бұзақылық жасағаны үшін олардыӊ әрқайсысы енді әкімшілік айыппұл арқалайды.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны