27.02.2007, 17:58 2805

Алматыда қоғамдағы наразылыққа қарамастан, Республика алаңының астында көңіл көтеру орталығының құрылысы басталып кетті

АЛМАТЫ. 27-ақпан. Kazakhstan Today. Алматыда қоғамдағы наразылыққа қарамастан, Республика алаңының астында "Алмалы" көп функциялық орталықтың құрылысы басталып кетті, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Естеріңізге сала кетейік, қаңтардың аяғында ұлттық-демократиялық күш өкілдері көп функциялы орталықтың салынуына наразылықтарын білдірген болатын. Олар Республика алаңының астында мұндай нысан салу оның 1986 жылғы желтоқсан көтерілісіне байланысты тарихи роліне тіптен қайшы, деп санайды.

"Бұл тек пайда көзін іздеп ақшаның соңынан түсу ғана емес, желтоқсан оқиғасына қатысты тарихи жадыны жоққа шығарып, қорлау", - деген қоғам қайраткері Жасарал Қуанышалин.

Ұлттық-демократиялық күш өкілдері қала әкімі Иманғали Тасмағанбетов пен "Базис-А" құрылыс корпорациясының атына, жоспарланған орталық құрылысын болдырмауды талап еткен үндеу жолдаған болатын.

Дегенмен, Алматы әкімі қала тұрғындарына есеп беру кездесуінде "бірқатар алматылықтардың пікірімен мүлдем келіспейтіндігін, себебі - алаң - зират немесе мұражай емес", деп мәлімдеген болатын.

Бұрындары хабарлағанымыздай, Алматыдағы Республика алаңының астында "Алмалы" атты көп функциялы қоғамдық орталық салынады. Жаңа орталық аумағы шамамен 100 мың шаршы метр жерде Сәтпаев көшесінің бойында Фурманов көшесінен Желтоқсан даңғылына дейін орналасады.

"Алмалы" көп функционалдық қоғамдық орталығында кинотеатрлар, балалар алаңы мен аттракциондар, бильярд клубы мен боулинг орталығы, мейрамханалар мен кафе желілері, дүкендер мен бутиктер, мұз айдыны, мини-картинг, интернет-кафе, түнгі би клубтары, фитнесс орталығы орналасады. 3 деңгейлі кешеннің тереңдігі - 14 - 20 метр. Жер астында шамамен 1000 машина қоятын жерасты паркинг құру жоспарланған.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны