12.02.2016, 20:55 3804

Алматыда "Көктөбе" телемұнарасы түнде жарқырап тұратын болады

Алматыда архитектуралық жарықтандыру тұжырымдамасы қолға алынды. Түнгі уақытта жарықтандыру технологиясын қолданудағы басты мақсат - түрлі-түсті жарық түсіру арқылы қалада бетке ұстар нысандарды ерекше қырынан көрсету және Алматыныӊ туристік тартымдылығын арттыру

Алматы. 12 ақпан. Kazakhstan Today - Алматыда архитектуралық жарықтандыру тұжырымдамасы қолға алынды. Түнгі уақытта жарықтандыру технологиясын қолданудағы басты мақсат - түрлі-түсті жарық түсіру арқылы қалада бетке ұстар нысандарды ерекше қырынан көрсету және Алматыныӊ туристік тартымдылығын арттыру, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Тұжырымдама аясында Республика алаӊындағы екі зәулім ғимаратқа жарық түсіргіш жүйе орнатылады. Ал Алматы қаласы әкімдігініӊ ғимаратына қазір түнгі уақытта түрлі-түсті жарық түсірілетін болды, деп хабарлайды inform.kz тілшісі.

Көп ұзамай тағы екі әкімшілік ғимарат пен Тәуелсіздік монументіне де осындай жүйе орнатылады.

Одан басқа, "Көктөбе" теле мұнарасына түрлі-түсті жарық түсіру жүйесін орнату бойынша жұмыстардыӊ алғашқы кезеӊі аяқталды.

Мұнараныӊ сегіз деӊгейіне 62 прожектор орнатылды. Құрылғыларды орнату барысында заманауи жарықдиодты қуатүнемдегіш технология қолданылды.

Алдағы сәуір айында екінші кезеӊ басталады. Мұнда мұнараныӊ ұшар басын жарықтандыру үшін қосымша 22 металлгалогендік прожектор орнатылады. Үшінші кезеӊде телемұнараныӊ айналасы жарықтандырылады. Жұмыстарды аяқтау мерзімі - 2016 жылдыӊ тамыз айы.

Алматыныӊ архитектуралық жарықтандыру Тұжырымдамасы биыл 6-шы ақпанда қала әкімініӊ қатысуымен өткен Қала құрылысы кеӊесінде қабылданған болатын. Соған сәйкес, қалада 203 нысанға көмескі жарық түсіргіш жүйе орнатылатын болады. Олардыӊ арасында Мәӊгілік алау, Офицерлер үйі, Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театры, Н. Сац атындағы театр, И. Қастеев атындағы ұлттық музей, ҚР ғылым академиясы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қазақстан-Британ техникалық университеті, Орталық стадион, Мұз айдыны, Цирк, "Балалар әлемі" дүкені, "Алматы" қонақ үйі, Заӊғар, "City Center" сауда ойын-сауық орталығы және "Сайран" автовокзалы бар.

"Жаӊа тұжырымдама бойынша түрл-түсті жарық түсіргіш жүйесінде ақ және сары-қызғылт реӊдерге басымдық беріледі. Заманауи қуатүнемдегіш технологияларды қолдану - электр қуатын үнемдеуге мүмкіндік береді", - деді өз сөзінде Алматы қаласыныӊ табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасыныӊ бастығы Еркебұлан Оразалин.

Айта кетелік, қалада осындай жарықтандыру жүйесініӊ арқасында жол-көлік оқиғалары мен көше қылмастарын 25 пайызға азайтуға болады екен. Бұл жобаны жүзеге асыруға бюджеттен тыс 2 млрд. теӊге жұмсалады.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны