11.09.2006, 11:43 2912

Алматыда "Қуат" корпорациясының күзет қызметі қоғамдық пікірді білдіруге келген бірнеше адамды соққыға жықты

Алматыда "Қуат" корпорациясының күзет қызметі қоғамдық пікірді білдіруге келген бірнеше адамды соққыға жықты

АЛМАТЫ. 11-қыркүйек. Kazakhstan Today. Алматыда 8-қыркүйекте "Қуат" корпорациясының күзет қызметі қоғамдық пікірді білдіруге келген бірнеше адамды соққыға жықты. Бұл туралы Kazakhstan Today тілшісіне оқиға куәгерлері хабарлады.

Жұма күні бірқатар қоғамдық ұйымдардың өкілдері пикет өткізу үшін корпорацияның кеңсесіне келген. Жұртшылық өкілдері баспана бағасының көтерілуіне, Алматы қаласының орталығындағы құрылыс жұмыстарына, тарихи құндылығы бар ғимараттарды бұзуға қарсылық білдірген. "Тек Алматыда ғана емес, жалпы бүкіл еліміз бойынша барлық қалаларда қарапайым тұрғындардың үйлерін, оқушылар сарайлары секілді қоғамдық маңызы бар ғимараттарды бұзу жұмыстары жүргізілуде. Бірақ адамдарға лайықты өтемақы төленбей отыр. Сол себепті біз "Қуат" корпорациясының өкілдерімен кездесіп, өркениетті әлемдегідей петициямызды табыс етпекші болдық. Біз "Қуат" корпорациясының өкілдері бізбен кездесуге шығады, біз оларға петициямызды табыс етеміз және "Қуат" корпорациясының жоғарыдағы жағдайға қарым-қатынасы төңірегінде пікір алмасамыз деп ойлаған едік",- деді пиетке қатысушылардың бірі Яков Федоров.

"Біз адамдар жүретін аяқжолдың үстінде тұрғанбыз. Корпорацияның аумағына кірген жоқпыз. Транспаранттар мен туларымызды жайып, үнпарақтар тараттық",- деді журналист Данияр Еникеев. Бірақ уақыттан кейін шараға қатысушыларға күзет қызметінің қызметкерлері шығып келген. Күзетшілердің бір тобы БАҚ өкілдеріне кедергі келтірсе, екінші бір тобы шараға қатысушыларды тарпа бас салып, корпорация ғимаратына кіргізіп, оларды соққыға жыққан. Барлығы төрт адам ұсталып, олардың үшеуі жарақаттанған. Ұсталғандардың ішінде журналист Д.Еникеев те бар.

Оқиға куәгерлерінің айтуынша, оқиға орнына жедел жәрдем көлігі шақырылған. Алайда корпорацияның күзетшілері дәрігерлерді ұсталғандарға қарай жібермей қойған.

Д.Еникеевтің айтуынша, екі сағаттан кейін ұсталған шараға қатысушыларды Медеу аудандық ІІБ-іне табыс еткен. Полицияда жұртшылық өкілдері арыз жазып, сот-медициналық сараптамадан өтуге жолдама алған.

Д.Еникеевтің айтуынша, пикетке қатысушылар сотқа шағымданбайды. Бірақ қоғам өкілдері "Қуат" корпорациясының басшылығымен кездесу ниетінен бас тартпайды. "Қазір біз "Қуат" корпорациясының басшылығын кездесуге шақырып хат жазып жатырмыз. Сейсенбі немесе сәрсенбіде біз бұл хатты табыс етеміз",- деді Д.Еникеев.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны