14.07.2009, 16:34 2833

Алматыда құрылыс салынбаған аумақты көріктендіру жұмыстарын қолға алмаған құрылыс компанияларына айыппұл салынды - телеарна

Алматыда құрылыс салынбаған аумақты көріктендіру жұмыстарын қолға алмаған құрылыс компанияларына айыппұл салынды - телеарна

Алматы. 14 шілде. "Қазақстан Бүгін" - Алматыда құрылыс салынбаған аумақты көріктендіру жұмыстарын қолға алмаған құрылыс компанияларына айыппұл салынды, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігі "Хабар" агенттігіне сілтеме жасап.

"Кезінде құрылыс компанияларының еншісіне өткен Алматыдағы кейбір жер телімдері, бүгінде күл-қоқыс жиналатын орын мен қаңғыбастардың мекен-жайына айнала бастаған. Келеңсіздіктің алдын алу үшін, қала әкімшілігі жер иелеріне, құрылыс жұмыстары жанданғанша, қарамағындағы аумақты тазалықта ұстап, игі мақсаттарға пайдалануды ұсынған болатын. Бірақ бұған жауапты тұлғалар, түрлі уәж айтып, жүктелген міндетті орындауға асықпай отыр. Кезінде, белсенділігі тау жығардай көрінген құрылысшылар, бүгінде үлескерлер алдындағы міндетін орындамақ түгілі, еншісіне өткен аумақты тазалықта ұстауға да қауқарсыз болып отыр. Ақырында, қараусыз қалған гектар жерлер, күл-қоқыс жиналатын орындарға айналып, қала келбетіне айтарлықтай нұқсан келтіруде",- дейді "Хабар" тілшісі.

Телесюжетте атап көрсетілгендей, Алмалы ауданы әкімінің орынбасары Манапхан Қамсейітов былай дейді: "Өздеріңіз көріп отырсыздар мына айналасының бәрі қоқысқа толған. Бұл қоқыстар адамның денсаулығына зиян келтіреді. Балалар ойнайтын кішкене алаңдар болса, және де орындықтар қойып, гүл егіп кішкене әдемілеп, әсемдеп қойса жөн болатын еді. Бүгінгі күнде ондай жұмыстар әлі басталған жоқ".

Жоба байынша Алматыдағы Абай мен Тұрғыт Озал көшелерінің қиылысында орын тепкен құрылыс алаңында инфрақұрылымы дамыған көп қабатты тұрғын үй кешені бой көтеруі тиіс еді. Оның орнына, қаңырап бос тұрған жер нашақорлар мен қаңғыбастардың ордасына айналған. Жер иелері болса, қаржы дағдарысын сылтау етіп, жүктелген міндетті орындауға асықпай жүр.

Құрылыс компаниясының өкілі Илпейіс Қобыланов: "қазір банктерде де ақша жоқ. Қаржы жағынан тығырыққа тіреліп тұрғандықтан, соған енді біз инвесторларды іздеп жатырмыз",- дейді.

Осындай күй кешіп жатқан тағы бір аумақты көрудің реті келмеді. Жер иесі дарбазаны шынжырмен байлап, есігіне құлып іліп қойған.

"Есік неге жабық тұр? Бүгін акиматқа кел деген нұсқау болды. Сол себептен біз акиматқа келгенбіз. Есіктің кілтін алған жоқпыз. Білген жоқпыз осы объектіге келетінін",- дейді құрылыс компаниясының өкілі Иділбек Орынбаев.

Тележурналистің хабарлауынша, қалалық әкімшілік ұйымдастырған бүгінгі рейд кезінде, осындай келеңсіздікке жол берген 2 құрылыс компания басшысының әр қайсысына 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Алматыдағы Қарасай батыр мен Иди Шәріпов көшелерінің қиылысында бұрын әп-әдемі балалар бақшасы болған. Илеуметтік нысандарды сатуға тыйым салынса да, кезінде балалар бақшасы жеке меншікке өтіп, бұзылған болатын. Енді мүлдем қараусыз қалған бұл жер қала қаңғыбастарының тұрақты мекен-жайына айналды. Қазір Алматыда құрылысы тоқтаған немесе басталмаған 75 нысан бар. Олардың тек 13-де ғана көріктендіру жұмыстары қолға алынған. Бұл жолы әкімшілік қызметкерлері, жер иелеріне айыппұл салып ескерту жасаумен шектелді. Ал заң бойынша, әкімшілік 2 жыл ішінде игерілмеген жерді аукционға қойып сатуға құқылы, делінген "Хабар" сюжетінде.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. «Қазақстан Бүгін» Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны