03.01.2007, 12:55 39368

Алматыда майдангер-жазушы, Халық қаһарманы Қасым Қайсеновты ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті

АЛМАТЫ. 3-қаңтар. Kazakhstan Today. Алматыдағы Жазушылар үйінде Ұлы Отан соғысының ардагері, даңқты партизан, майдангер-жазушы, Халық қаһарманы Қасым Қайсеновты ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Қ.Қайсенов 31-желтоқсанда қайтыс болды.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қасым Қайсенов ағамыздың өмірден озуына байланысты оның туыстары мен жақындарына көңіл айтып , жеделхат жолдады.

"Халқымыздың аяулы перзенттерінің бірі, Ұлы Отан соғысының ардагері, даңқты партизан, майдангер-жазушы, Халық қаһарманы Қасым Қайсенов ағамыздың өмірден озғанын естіп отырмын. Аса ауыр қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамын",- делінген жеделхатта.

"Қасым аға өзінің бүкіл болмыс-бітімімен батыр болып жаратылған жан еді. Мұның өзі оның әрбір іс-әрекетінен көрініп тұратын. Ел тәуелсіздігін қуана қарсы алған ол әрбір табысымызға шаттанып, әрдайым өзінің турашыл, ақсақалдық пікірлерін ортаға салып отыратын.

Қайсеновтің өмір шындығына негізделіп жазылған тамаша кітаптарын жастарымыздың әлденеше буыны қызыға оқып, ержетті. Мұның өзі олардың отансүйгіш, батыр да батыл болып өсуіне ықпал еткені күмәнсіз. Ол шығармалар келешекте де қастерлі қазынамыз болып қала бермек", - делінген жеделхатта.

Қ.Қайсенов 1918-жылдың 23-сәуірінде Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданы Асубұлақ ауданында туған. Ол Киев және Полтава облыстарындағы партизандар қозғалысын алғаш рет ұйымдастырушылардың бірі болған, ол басқарған партизандық топтар Молдова, Румыния және Чехословакия аумағында көптеген көзсіз ерліктер жасаған. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жауынгерлік ерліктері үшін Қ.Қайсенов І дәрежелі Ұлы отан соғысы орденімен, Богдан Хмельницкий орденімен, сегіз медальмен марапатталған. Осыдан бірнеше жыл бұрын Украина үкіметі оны екінші және үшінші дәрежелі "Ерекше ерлігі үшін" ордендерімен марапаттады.

Қ.Қайсенов - Қазақстан жазушылар одағының мүшесі. Ол отыз шақты кітап жазған. Кітаптары орыс, украин, қырғыз және вьетнам тілдеріне тәржімаланды.

Батырдың 85 жылдық мерейтойына орай кинорежиссер Сағатбек Махмұт "Партизан Қасым Қайсенов немесе, қарапайым Вася" атты деректі фильм түсірді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны