08.07.2010, 10:49 2863

Алматыда мемлекеттік қордан үй бөлу кезінде орын алған көптеген заң бұзушылықтар анықталды

Алматыда мемлекеттік қордан үй бөлу кезінде орын алған көптеген заң бұзушылықтар анықталды

Алматы. 8-шілде. Kazakhstan Today Алматыда мемлекеттік қордан үй бөлу кезінде орын алған көптеген заң бұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігі "Нұр Отан" ХДП жанындағы Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық кеңес мүшелері жүргізген тексеру нәтижесіне сілтеме жасай отырып.

"Жергілікті атқару органдары пайдаланатын пәтерлерді бөлу механизмі жүйелік заңсыздықтарға алып келген", - деп атап көрсетілген тексерудің сараптамалық анықтамасында.

Атап айтқанда, Алматы қаласының әкімиятында мемлекеттік тұрғын үй қорына мұқтаж жандарды тіркеу жүргізілмейді. Тіркеу қаланың жеті ауданында жеке-жеке жүргізіледі.

"Пәтерлерді бөлу туралы әкімият қаулылары тұрғын үй комиссиясының шешімдері негізінде қабылданады. Ал оның отырыс хаттамалары ұсынылмады. Сондай-ақ, комиссия құрамын бекіту туралы құжаттар да көрсетілмеді. Тұрғын үй басқармасының қызметкерлерінің айтуынша, іс жүзінде шешім тұрғын үй басқармасы бастығының және әкімияттың басқа да қызметкерлерінің қатысуымен өтетін әкім жиналысында қабылданады. Осыған байланысты мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй бөлу жөніндегі тұрғын үй комиссиясы Алматы қаласында жоқ деуге негіз бар", - деп көрсетілген тексерудің сараптамалық анықтамалығында.

Сонымен қатар, түрғын үй басқармасы жоғарыдағы органдардың жекелеген талаптары мен өтініштерін қарастырады және қанағаттандырады. Атап айтқанда, "Вечерний Алматы" газетінің төрт қызметкеріне және "Қазақстан" ТРК үш қызметкеріне аталмыш бұқаралық ақпарат құралдарының мерейтойларына арналған бас редактордың өтініші негізінде қала әкімінің қаулысымен пәтерлер берілген. Бұл ретте пәтер алған адамдар тұрғын үйге мұқтаж жандар қатарында тіркеуде болмаған.

"Мерекелердің алдында пәтер ордерлерін тапсырудың зиянды тәжірибесі бар. Дәрігерлер күні, мұғалімдер күні және т.с.с. алдында пәтерлерді бөлу кезінде заңды бұза отырып халықтың тиісті бөлігіне, мысалы, мәдениет, бұқаралық ақпарат құралдары, құқық қорғау органдары қызметкерлеріне, дәрігерлер, ұстаздарға басымдық беріледі", - деп жазады Сыбайлас жемқорлықпен күрес кеңесі.

Сондай-ақ, кеңес тұрғын үйді бөлу кезексіз іске асырылатынын атап көрсеткен. Осылайша, Бостандық ауданы әкімиятының қызметкері З. Абланға (кезекке 2008 жылы 25 желтоқсанда тұрған. Пәтер 2009 жылы 3 наурызда берілген), Иуезов ауданы әкімиятының қызметкері К. Рамазановқа (кезекке 2006 жылы 9 маусымда тұрған. Пәтер 2009 жылы 16 қыркүйекте берілген), Алмалы ауданы прокуратурасының қызметкері А. Садыбековке (кезекке 2007 жылы 14 қарашада тұрған. Пәтер 2007 жылы 21 желтоқсанда берілген), "Салтанат" би ансамблінің жетекшісі Г. Орымбаеваға (кезекке 2008 жылы 27 қарашада тұрған. Пәтер 2009 жылы 3 наурызда берілген) пәтерлер берілген. Ал сол уақытта қаланың жеті ауданының әкімдерінің аппараттарында 1982 жылдан бері кезекте тұрып келе жатқан адамдар бар.

Заң талаптарын бұза отырып тұрғын үй мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алуға құқы болмаған азаматтарға берілген. Бостандық ауданының әкімиятында 2007 жылы кезекке тұрған Түрксіб ауданының прокуроры Е. Қожабековке жұбайы Р. Шүкеева 2006 жылы екі бөлмелі пәтерін сатып жібергеніне қарамастан 2008 жылы үш бөлмелі (!) пәтер берілген.

ҰҚК департаментінің басшылары Т. Жүнісовке, А. Мұқашевке, Е. Таттыбаевқа, Алатау ауданының білім беру департаментінің бастығы С. Досматоваға, Алматы қалалық салық органдарының басшылары Н. Үсенова мен К. Рахметоваға, Жетісу ауданы әкімиятының бас маманы Э. Жақсылықоваға пәтерлер тіркеуге тұрғаны расталмастан берілген.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны