15.01.2018, 16:11 5574

Алматыда "Мен - жеӊімпазбын!" жобасы аясында екі бірдей әлеуметтік ролик таныстырылды

Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында "Мен - жеӊімпазбын!" қайырымдылық жобасы аясында қатерлі дертті жеӊген балалар туралы түсірілген әлеуметтік роликтіӊ таныстырылымы мен халықты қатерлі аурулар туралы сауаттылығын арттыру тақырыбына арналған баспасөз мәслихаты өтті

Алматы. 15 қаӊтар. Kazakhstan Today - 12 қаӊтар күні Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында "Мен - жеӊімпазбын!" қайырымдылық жобасы аясында қатерлі дертті жеӊген балалар туралы түсірілген әлеуметтік роликтіӊ таныстырылымы мен халықты қатерлі аурулар туралы сауаттылығын арттыру тақырыбына арналған баспасөз мәслихаты өтті.

Айта кетейік, "Мен - жеӊімпазбын!" қайырымдылық жобасы - қатерлі дерттіӊ алдын-алуға болатынын ескертіп, ерте анықтау мен дер уақытында қаралудыӊ өмірлік маӊыздылығы жоғары екендігін еске салатын, сонымен қатар, ауыр сырқатқа шалдыққан балалар мен олардыӊ ата-аналарына сенімді ұялатып, сауығып кетуіне ықпал ететін, үміт отын жоғалтпауға шақыратын жоба.

Жоба аясында түсірілген әлеуметтік роликте ауыр дертті жеӊе білген қайсар балалардыӊ ерлігі баяндалады. Таныстырылымы өткен бүгіні роликтіӊ кейіпкерлері Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы мен Астана қаласындағы Ана мен бала ғылыми орталығында ем алушы балалар.

Оныӊ бірі Педиатрия орталығында емделуші 6 жастағы Ақерке Асылбек анасымен бірге баспасөз мәслихатына қатысып, аты жаман ауруды, емделмейді деген дертті қалай жеӊгендері туралы айтып, шараға қатысушы, орталықта ем алушы балалар мен олардыӊ ата-аналарына сенім мен үміт сыйлады. Үш жарым жасында жіті лимфобласталық лейкозға (острый лейкоз), яғни ақ қан ауруына шалдыққан ол орталықта 9 ай бойы емделді. Қазіргі уақытта баланыӊ жағдайы оӊалып, ауруыныӊ беті қайтуда.

"Ауыр күндердіӊ бәрі артта қалды. Шүкір....Алғаш бұл ауру туралы естігенде меӊ-зеӊ болып қалдық. Жыладық та. Бізге орталық мамандары да, психологтар да көмектесті. Біріншіден өзіміздіӊ мықты болуымыз керек екендігін айтты. Біз сосын өзімізді уайым-қайғыға түспеуге шақырып, баламызға бәрі жақсы болады, жазылып кетесіӊ деп бәрін түсіндірдік. Қызым өмірді өте жақсы көреді, ол да жеӊуге өз әсерін тигізді. Қызым ақ жарқын, сурет салуды, бимен айналысуды ұнатады. Ол күнде еӊ алдымын өзіне емес, барлық бала жазылып кетсінші, ауырмасыншы деп тілек айтады. Біздіӊ үмітіміз бен сеніміміздіӊ тірегі бола білген Педиатрия орталығыныӊ білікті дәрігерлеріне үлкен алғысымды айтамын. Біз ауыл, аудан, облыстан кейін сенім артып осы орталыққа соӊғы үмітімізбен келген едік. Мен барша ата-аналарға үміт отын сөндірмеӊіздер, күресіӊіздер дегім келеді. Еӊ алдымен баладан бұрын ата-аналары мықты болуы керек", деді Ақеркеніӊ анасы, Жамбыл өӊірінен келген Нұргүл Манекеева.

Елімізде балалардағы онкологиялық ауруларды емдейтін екі ірі орталық бар. Оныӊ бірі - Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы болса, екіншісі - Астанадағы "Ана мен бала" орталығы. Ауыр жағдайдағы балалардыӊ барлығы көбіне Педиатрия орталығына келіп түседі. Педиатрия орталығындағы балалар онкологиясы және гематология бөлімі 115 орынға арналған. Мұнда жылына 2500 бала емделеді. Бұл бөлімде күндізгі стационар негізінде онкологиялық, гематологиялық патологиясы бар, сирек және ревматологиялық ауруға шалдыққан пациенттерге стационар алмастыратын көмек көрсетіледі. Орталықтыӊ онко-гематологиялық қызметі ашылғалы бері 5000-нан аса лейкоз, яғни ақ қан ауруына шалдыққан, 10 мыӊнан аса онкогематологиялық аурулардыӊ ауыр түрімен ауырған балалар қаралып, емделіп шықты. Балалардыӊ барлығы бұрын квотамен түссе, қазір электронды портал арқылы келеді. Айта кетерлігі, онкологиялық ауруларға кезек мүлде жоқ.

"Қазақстанда жылына орташа есеппен алғанда 500-ден астам бала ауыр дертке ұшырап, дәрігерлерге жүгінеді. 2017 жылы 558 бала онкологиялық ауруларға шалдыққан. Оныӊ 230-ы лейкоз, ақ қан ауру. Біздіӊ елімізде ғана емес, бүкіл әлемде бірінші орында кеӊінен таралған осы жіті лейкоз (острый лейкоз) ауруы тұр. Бұл ауру көп жағдайда туа салысымен және 3 жасқа дейінгі аралықта анықталуда. Онкологиялық аурулардыӊ жартысы туабітті және гендік. Қуантатын жағдай, қазіргі таӊда қатерлі ісік дерегі азайып келеді. Біріншіден, арнайы бағдарлама жасалынып, ауруды дәл анықтайтын диагностика жақсарды. Бұрын бала туғаннан кейін көп ұзамай шетінеп кететін. Оныӊ қатерлі ісіктен көз жұмғанын ата-анасы, тіпті дәрігер де білмей қалатын еді. Сондай-ақ, қазір бұл дерт емделетін болды. Тек сенім болса, жазылып кетеді. Өкініштісі сол, сауығып кеткен балалардыӊ кейбірінде дерт қайталануы мүмкін. Осы қайталанушылық аурудыӊ санын арттырып отыр. 20 жыл бұрын лейкоз емделмеген. Қазір балалардыӊ көбі жазылып кетуде", деп атап өтті Педиатрия орталығыныӊ директоры Риза Боранбаева.

Оныӊ айтуынша, клиникада 2012 жылдан бастап орталықта еӊ күрделі заманауи жоғары технология әдісі - трансплантация әдісі қолданылып жатыр. "Нақты айтқанда, күрделі онкологиялық және гематологиялық ауруларға шалдыққан балаларды емдеуде гемопоэздік өзектік жасушаларды трансплантациялау, сүйек кемігін ауыстыруды қолға алдық. Онкологиялық және онкогематологиялық ауруларға шалдыққан балаларға өмір сүруге мүмкіндік беретін 70-тен астам гемопоэздік өзектік жасушалар (ГӨЖ) трансплантациясы операциясы жасалынып, бұл ауруды емдеудіӊ жаӊа әдісі меӊгерілді. 2017 жылдан туыстық донордан гемопоэздік өзектік жасушалардыӊ (ГӨЖ) гаплоұқсас трансплантациялауды енгіздік. Бұл ота бойынша 2017 жылы 47 трансплантациялау жасасақ, оныӊ алдыӊғы жылы 12 ота жасаған едік. Қазіргі уақытта бұл терапияға үлкен мән беріліп келеді", деді Р.Боранбаева.

Дәрігерлер, балалардыӊ тезірек сауығып кетуіне эмоционалдық жағдай да бірінші кезекте әсер ететіндігін алға тартуда. Бұл жағдайды ескерген, Педиатрия орталығы бір мезет ауруды ұмыттыру үшін түрлі шаралар ұйымдастыруды қолға алған. Мәселен, кішігірім концерт, театрландырылған қойылым қою, "Верить и жить" сынды түрлі форумдарға қатысу және т.б. шаралар.

Қоғамдық және қайырымдылық игі істермен 3 жылдан бері айналысып келе жатқан "Help Today" қоғамдық қорыныӊ төрайымы Эльмира Илиева: "Мен - жеӊімпазбын!" қайырымдылық жобасы аясында түсірілген әлеуметтік роликті түсірудегі басты мақсатымыз - қоғамға ауыр сырқатты жеӊуге болатынын жеткізу, аты жаман ауруды жеӊе білген бүлдіршіндер мысалы арқылы ата-аналары мен басқа балаларды тағдырдыӊ жазуына мойымауға, басқа түскен ауыртпалықты жеӊе білуге шақыру. Еӊ бастысы балаларға қолдау көрсету" деді. Қоғамныӊ бір мұӊын да болса азайтуға септігін тигізіп, қайырымды істердіӊ басы-қасында жүрген ұйым осы жылдар ішінде мүмкіндігі шектеулі 50-ден астам балаға көмек көрсетіп, жүздеген қайырымдылық акциялар мен жәрмеӊке, қайырымдылық концерттер сынды түрлі шаралар өткізіп келеді.

Таныстырылымы өткен екі әлеуметтік роликтер жобаға қолдау білдірген "Business TV" мен "KazDesign Production" продюссерлік компаниялардыӊ көмегімен тегін түрде жасалған. Үміт сыйлайтын, мотивация беретін әлеуметтік роликтерді қоғамдық орындарда шығаруға Алматы қаласы Прокуратурасы атсалысқалы отыр. "Бұл әлеуметтік маӊызы бар, үміт отын жағатын керекті әрі қажет жоба. Ата-ана ретінде бауыр еті баласыныӊ дерті қаншалықты жандарына бататынын түсінем. Ата-аналарына шыдамдылық тілеймін, үміттеріӊізді ешқашан үзбеӊіздер! Балалар тезірек жазылып, дертінен құлан таза айығып кетуіне шын жүректен тілектеспін!", деді Алматы қаласы Прокуратурасыныӊ аға прокуроры Г.Жанбекова.

Жобаға ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы, Ана мен бала ғылыми орталығы қолдау білдірді, деп хабарлайды "Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы" баспасөз қызметі.

Ақпаратты пайдаланИан жаИдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық қИқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны