12.04.2007, 15:09 3369

Алматыда сәуірдің 18 мен 21 аралығында азық-түлік және өңдеу өнеркәсібі салаларының көрмелері өтеді

АЛМАТЫ. 12-сәуір. Kazakhstan Today. Алматыда сәуірдің 18 мен 21 аралығында азық-түлік және өңдеу өнеркәсібі салаларының көрмелері өтеді. Бұл туралы бүгін "Қазақстанның азық-түлік рыногы-2007", "Тәттілер -2007", "Шарап - Вино-2007" және "Жабдықтар. Ыдыстар. Қаптамалар - 2007" атты жыл сайынғы көрмелердің ашылуына арналған баспасөз мәслихатында Қазақстанның азық-түлік және өңдеу өнеркәсібінің тауар өндірушілері одағының президенті Анатолий Папелюшко мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Биыл біз сатып алушыларды өз өнімдерімізбен таныстырып, елімізде өндірілетін шикізаттар, материалдар мен өнімдер, құрал-жабдықтар мен қаптама бұйымдарды тұтынушылар мен сатушыларды бір-бірімен таныстырамыз",- деді А. Папелюшко. "Бұл көрмелерде еліміздегі инновацияларға, өнімдер мен жетістіктерге қатысты біртұтас тізбектер көремен назарына ұсынылады. Біз сол арқылы еліміздің азық-түлік өнімдерін өндірушілер мен өңдеушілердің бір жылдағы жұмыстарын қорытындылаймыз",- деді ол.

Сонымен бірге Қазақстанның азық-түлік және өңдеу өнеркәсібінің тауар өндірушілері одағының президентінің айтуынша, көрмелердің аясында кәсіпкерлер мен мамандардың кездесулері, өнім өндірушілердің семинарлары, бизнес-тренингтер, фирмалар мен қатысушылардың тұсаукесерлері өткізіледі. Бұдан басқа "Азық-түлік нарығының жетекшісі -2007" деген ұран астында азық-түлік өнімдері мен сусындардың дәмін татып көретін кәсіби байқаулар өткізіледі.

Көрмелерде нан-тоқаш, тәттілік және сүт өнімдерінің, балаларға арналған тағамдардың, азық-түлікке қоспалар мен хош иістендіргіш заттардың, спиртті және спиртсіз өнімдер мен сусындардың, консервіленген өнімдердің, темекі, азық-түлік өнімдерін өндіруге арналған жабдықтардың, шикізат пен қаптама бұйымдардың үлгілері назарға ұсынылады.

Шараны ұйымдастырушылардың хабарлауынша, оған Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Беларусь, Австрия, Дания, Түркия, Үндістан, Чехия, Қытай елдерінен 100-дей компания қатыспақ.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны