30.03.2007, 15:36 3125

Алматыда сәуірдің басында жеңіл өнеркәсібі салаларының көрмелері өтеді

АЛМАТЫ. 30-наурыз. Kazakhstan Today. Алматыда сәуірдің 1 мен 4 аралығында жеңіл өнеркәсібі салаларының көрмелері өтеді. Бұл туралы бүгін "Home Textile-2007", "Houseware-2007", "Carpet&Flooring-2007" және "Central Asia Fashion-2007" атты халықаралық көрмелердің ашылуына арналған баспасөз мәслихатында Орталық-Азиялық халықаралық көрме компаниясының көрмелердің кураторы Гүлмира Серікова мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Көрмелер сәуірдің 1 мен 4 аралығында өтеді. Көрмелердің тақырыбы - үйге арналған тоқыма бұйымдар, үй сәндеу, кілемдер мен еден төсеніштері, мода-2007 болып табылады",- деді ол. Оның айтуынша, көрмелерге 25 елдің компаниялары қатысады.

Орталық-Азиялық халықаралық көрме компаниясының көрме кураторының айтуынша, "бұл шаралар шағын және орта бизнестің дамуына, алыс және жақын шетелдер арасындағы сауда-саттық байланыстарды дамытуға түрткі болып, өнім өндірушілерді бәсекеге мейлінше қабілетті тауарлар өндіруге, ұзақ мерзімді байланыстар орнатуға, сатып алушыларды жеңіл өнеркәсібі салаларындағы жаңалықтармен таныстыруға ынталандырады".

Атап айтсақ, Қырғызстан Республикасының жеңіл өнеркәсібі кәсіпорындарының қауымдастығы директорының көмекшісі Арсен Арзыбаевтың айтуынша, осы тектес көрмелер Орталық Азия аймағындағы экономикалық байланыстарды нығайтуға көмектеседі. "Алматыда өтетін көктемгі мода көрмесі біздің кәсіпкерлер үшін киім тігу саласындағы жаңа ағымдар саласындағы өз жетістіктерін Орталық Азия аймағының тұтынушыларына таныстыруға тамаша мүмкіндік болмақ",- деді ол. Сонымен бірге оның айтуынша, "Қырғызстаннан экспортқа шығарылатын тігін бұйымдарының 30 проценті Қазақстанға әкелінеді".

Өз кезегінде ҚР жеңіл өнеркәсібі кәсіпорындарының қауымдастығы басқармалары төрайымы Любовь Худова Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі салалары үшін көрмелерден күтілген нәтижеге қатысты абайлықпен болжам айтты. "Нәтиже ауыз толтырып айтарлықтай болады дей алмаймын. Дегенмен, шикізаттар, материалдар мен аксессуарларды сатушылармен әріптестік байланыстар орнату тұрғысынан бұл пайдалы шара болмақ",- деді ол.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны