04.06.2008, 22:35 2701

Алматыда ҰБТ жауаптарының дұрыс кодтарын сатумен айналысатын топ анықталды

Алматыда ҰБТ жауаптарының дұрыс кодтарын сатумен айналысатын топ анықталды

Алматы. 4 маусым. "Қазақстан Бүгін" - Алматыда Ұлттық бірыңғай тест жауаптарының дұрыс кодтарын сатумен айналысатын топ анықталды, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қалалық департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

"Департамент тест басталғанға дейін дұрыс жауаптардың кодтарын сату үшін клиент іздеумен айналысқан тармақталған қылмыстық топты анықтады. Олардың кейбіреулері код бергені үшін ақша жинау кезінде қамауға алынды", - деп хабарлады баспасөз қызметі.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, қамауға алынғандарға қатысты департаменттің тергеу басқармасы мемлекеттік құпияны жария ету және алаяқтық оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғаған.

Департаменттің баспасөз қызметі атап көрсеткендей, биылғы жылы тест тапсырмалары Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік құпия туралы" заңына сәйкес мемлекеттік құпияны құрайтын мәліметтердің тізіміне енгізілген.

"Қазіргі уақытта департамент ҰБТ дұрыс жауаптарының кодтарын алу және оны өткізуге әректтеніп жүрген қылмыстық қызметтің жолын кесуге бағытталған шараларды жалғастыру үстінде", - деп хабарлады баспасөз қызметі.

Тест басталғалы бергі екі күннің ішінде департамент қызметкерлері ғимаратқа ұялы телефонмен кірудің 31 әрекетін анықтаған. Бес мектеп бітірушіден ұялы телефон аудиторияның ішінде табылған. Сондай-ақ, аудиторияға ҰБТ тапсыру үшін 2 бөгде адамның кіру әрекеті тоқтатылған.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны