05.07.2016, 20:06 4139

Алматыда жаӊа туған сәбилерді сатып пайда тапқан акушерлер үкімді естігенде, шетінен талып қалды

Алматы соты бүгін атышулы "акушерлер ісіне" нүкте қойды. Жаӊа туған шақалақтарды сатып, ұзақ уақыт бойы қыруар қаржы тауып келген перзентхана қызметкерлері енді кемі 2 жылын түрмеде өткізуі тиіс. Айыбын соӊына мойындамағандарға судья бүгін тіпті 9 жыл кесті.

Алматы. 5 шілде. Kazakhstan Today - Алматы соты бүгін атышулы "акушерлер ісіне" нүкте қойды. Жаӊа туған шақалақтарды сатып, ұзақ уақыт бойы қыруар қаржы тауып келген перзентхана қызметкерлері енді кемі 2 жылын түрмеде өткізуі тиіс. Айыбын соӊына мойындамағандарға судья бүгін тіпті 9 жыл кесті. Бұған қоса, барлығыныӊ мүліктері тәркіленетін болды. Сәби саудасымен танылған Алматы облыстық ауруханасы перзентхана бөлімініӊ қызметкерлері мұндай қатал үкім күтпесе керек, сот залында шетінен талып қалды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Балаларды тірі тауарға айналдырғандарға қатысты атышулы сот 5 айдан астам уақытқа созылды. Себебі, айыпталушылар саны 32 адам. Олардыӊ қатарында перзентхана қызметкерлері, туған баласын сатуға келіскен 4 әйел және сәбиді заӊсыз жолмен ақшаға сатып алғандар бар. Бүгінгі үкім алдында көбі ашулы. Тіпті залға кірген журналистерді де жағадан алуға дейін барды, деп хабарлайды www.ktk.kz тілшісі.

Бүгін осы шулы іске ақыры сот соӊғы нүктесін қойып, 32 айыпталушыға үкім кесті.

- Кінәлі деп танылып, оған ҚР Қылмыстық кодексініӊ 135 бабыныӊ 2 тармағымен мүлкі тәркіленіп,9 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын.

Судья осылай әр дәрігердіӊ жазасын жеке-жеке оқып берді. Яғни, енді Алматы облыстық ауруханасы перзентхана бөлімініӊ қызметкерлері 2 жылдан 9 жылға дейінгі уақыттарын түрмеде өткізбек. 2 жыл мерзім кінәләрін бірден мойындап, сот ісініӊ жүргізілуіне көмектескендерге берілді. Ал соӊына дейін қарсыласып мойындамағандардыӊ жазасы ауыр. Сондай-ақ олардыӊ мүліктері тәркіленеді. Және сот шығындарын өтеулері тиіс. Мұны естіген, бұрынғы акушерлер шетінен талып жатыр.

Сәби саудасын қыздырғандардыӊ былығы былтыр әшкереленген. Ақ халаттылар бұл әрекеттерін 8 жыл бойы жүзеге асырып келген екен. Осы уақыт ішінде 15 шақалақ сатылып кетіпті. Айыпталушылар бұған дейін қолхатпен және мүліктерін кепілге қойып бостандықта жүргенін де айта кетейік. Бүгін олардыӊ барлығыныӊ қолына сот залында кісен салып тікелей түрмеге алып кетті.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны