05.07.2006, 15:33 2956

Алматыда журналистер БАҚ мәселелері жөніндегі заңнамаға енгізілетін түзетулерге қарсылық белгісі ретінде түйетікен тұқымдарын екті

АЛМАТЫ. 5-шілде. Kazakhstan Today. Бүгін Алматыда журналистер БАҚ мәселелері жөніндегі заңнамаға енгізілетін түзетулерді қабылдауға қарсылық белгісі ретінде түйетікен тұқымдарын екті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

“Осынау далада өсетін әзіз гүл журналистер қауымының салалық мекемемізге деген “нәзік” сезімін паш етеді. Ал оның мынау тікендері министр туралы және сенат мақұлдап, парламент бекіткен бастамалар туралы біздің ой-пікіріміздің белгісі. Түйетікен біздің оған деген қарым-қатынасымызды көрсетеді”,- деді “Газета.kz” баспасының журналисі Руслан Минулин.

Заң жобасын жасау барысында министрлік президенттің ерік-жігеріне бағынды деген Ермұхамет Ертісбаевтың уәжіне сөз бостандығын қорғау жөніндегі “Иділ сөз” қорының президенті Тамара Калеева күмән келтіреді. “Бұл жобаны президент жасаған жоқ. Президент осынау жабайы нормаларды ойлап тапқан жоқ. Елбасы жағдайды реттеу туралы нұсқау берсе берген шығар, бірақ, Конституцияны белден басып, пікір алуандығын тұншықтыруға пәрмен бермегені анық. Меніңше президенттің мұндай бұйрық беруі мүмкін емес”,- деді Т.Калеева. Оның айтуынша, президент Нұрсұлтан Назарбаев заң жобасына вето қойған жағдайда, түйетікен егілген жерге қайтадан “раушангүлдер мен газон” егіледі.

Журналистер бүгін министр арамшөпке саналатын түйетікен гүлі егілген құмыраны Е.Ертісбаевқа табыс етпек.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Қазақстан парламенті ҚР мәдениет және ақпарат министрлігі жобасын жасаған БАҚ іс-қызметін реттейтін заңды жуырда асығыс қабылдады.

Ал министр ұсынған түзетулерге қазақстандық журналистер ғана емес, сонымен бірге, халықаралық ұйымдар да қарсылық білдіруде. Журналистер қауымдастығы түзетулерді “тұншықтырғыш түзетулер” деп атаса, шетелдік бірлестіктердің өкілдері заң Қазақстанда сөз бостандығын дамытуға кедергі келтіреді деп санайды.



МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны