25.08.2006, 14:27 3210

Алматыдағы білім беру мекемелері жаңа оқу жылына дайын - Алматы қаласының әкімі

АЛМАТЫ. 25-тамыз. Kazakhstan Today. Алматыдағы білім беру мекемелері жаңа оқу жылына дайын. Бұл туралы қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов қаладағы мектептердің 2006-2007- жаңа оқу жылына дайындық барысына қатысты кеңес қорытындысы бойынша мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Мектептердің жаңа оқу жылына дайындығына қатысты техникалық мәселелерді қарап, жалпы ахуалды қанағаттанарлық деп бағаладым",- деді И.Тасмағамбетов. "Кейінгі кездері білім беру саласы қалдық принципімен қаржыландырылып отырған жоқ. Президент елімізді әлемнің бәсекеге барынша қабілетті 50 елінің санатына қосу жөнінде биік меже қойып отыр. Бірақ егер білім беру саласы үшін ерекше жағдайлар жасалмаса, онда бұл мұрат іске асады деп айту қиын",- деді қала басшысы.

Білім беру департаментінің директоры Гүлмира Есімбаеваның айтуынша, жалпы алғанда 74 білім ошағы, соның ішінде 23 мектеп күрделі жөндеуге қамтылды. Іріктеп алынған мектептерге күрделі жөндеу жүргізуге 852 млн. теңге бөлінді. Соның ішінде жылыту жүйесін жөндеуге 484 млн. теңге (54 нысан), шатырды жөндеуге 55 млн. теңге (4 нысан), кешенді жөндеуге 179 млн. теңге (4 нысан), жарым-жартылай жөндеуге 29 млн. теңге (4 нысан) бөлінді. Сонымен бірге республикалық бюджет қаржысынан 14 білім беру нысанын, соның ішінде 4 мектеп пен 10 балабақшаны сейсмологиялық тұрғыда күшейтуге 1 млрд. теңге бөлінді.

Департамент директорының хабарлауынша, қалалық бюджеттен алғаш рет білім беру нысандарын ағымдағы жөндеуге 275,08 млн. теңге бөлініп, оған 200 мекеме, соның ішінде 166 мектеп жөнделді. Қазіргі жағдаймен жөндеу жұмыстары аяқталды, 140 мектеп қабылдап алу құжатына қол қойды.

Кеңес барысында қала әкімі қазір республикалық бюджет қаржысының есебінен "Таугүл-3" және "Шаңырақ-1" ықшамаудандарында мектеп салынғаынн еске салды. Сонымен бірге жергілікті бюджеттен "Құлагер" және "Мамыр" ықшам аудандарында мектептердің бірінші кезегін салуға 300 млн. теңге бөлінді. Екі мектеп те 1000 орынға есептелген, олар 2007-жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.

И.Тасмағамбетовтың айтуынша, қазіргі жағдаймен 30 мыңдай орын жетіспеушілік проблемасы бар. "Демографиялық көрсеткіштер мен сұраныс өсе түсуде, сол себепті алдағы жылдың бюджетін қалыптастыруда жаңа мектептер салуға арнап қаржы қарастыру қажет",- деді әкім.

Бүгінде Алматыда 170982 бала оқитын 187 мемлекеттік мектеп пен мектеп-интернаттар, сондай-ақ, 7580 оқушы оқитын 53 мемлекеттік емес мектептер бар. Сондай-ақ, 168 183 бала оқитын 177 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны