30.04.2008, 19:29 6775

Алматыдағы өзен бойлай салынған құрылыстар қаланың су шаруашылығының дамуына қиындық тудыруда

Алматыдағы өзен бойлай салынған құрылыстар қаланың су шаруашылығының дамуына қиындық тудыруда

Алматы. 30 сәуір. "Қазақстан Бүгін" - Алматыдағы өзен бойлай салынған құрылыстар қаланың су шаруашылығының дамуына қиындық тудыруда, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі Алматы қаласы әкімінің аппаратының қоғаммен байланыс басқармасына сілтеме жасай отырып.

"Бұрнағы жылдары қала басшылығы ашық және жер астындағы су көздеріне жақын жерлерде жер телімдерін бөлген. Бұл заңға қайшы. Сондай-ақ, су жетіспеушілігі өсіп келе жатқанда қаланың су шаруашылығының дамуына айтарлықтай қиындықтар тудырады", - деп көрсетілген баспасөз баянында.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, премьер-министр Кәрім Мәсімов Бас прокуратураға Алматының су шаруашылығы аймақтарында құрылыс салудың заңдылығын тексеруді тапсырған еді.

"Мен Бас прокуратураға бұл құрылыстардың кімдерге тиесілі екенін және бұның табиғат қорғау заңына қаншалықты сәйкес екендігін тексеруді тапсырамын. Егер заң бұзушылықтар болса, барлығын өз қалпына қайтару керек", - деп атап көрсеткен премьер.

Алматы қаласының бұрынғы әкімі Иманғали Тасмағамбетов: "қалалық "Алматы өзендері" бағдарламасы су шаруашылығы аумағы болуға тиіс жерде салынған құрылыстарды бұзуды қарастырады", - деп түсіндірген-ді.

Өткен жылдың аяғында Алматы қаласының прокуратурасы Үлкен және Кіші Алматы, Бекенбай және т.б. өзендердің жағасынан берілген жер телімдері мен онда нысандар салудың заңдылығына тексеру жүргізген. Прокуратураның баспасөз қызметі таратқан мәлімет бойынша су тазалығына жүргізілген тексерулер судың құрамында бірқатар улы заттар бар екенін анықтаған.

Өзендердің көпшілігінің жағалаулары тұрмыстық және құрылыс қоқыстарына толы. Жағалауды нығайтқан бетон элементтерінің бүліну жайттары жиі кездеседі.

"Тексеру қорғаудағы су шаруашылығының аумағынан 187 жер беру оқиғасын, мемлекеттік қор жерін өз еркімен басып алудың 29 оқиғасын, рұқсат құжаттарынсыз нысандар мен қоршаулар тұрғызудың 327 оқиғасын анықтады", - деп көрсетілген хабарламада.

Сол кезде прокуратура өзендердің бойынан заңсыз жер берген 50 актіні анықтаған. Алайда осы күнге дейін мәселе өзекті қалпында қалып келеді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны