25.09.2007, 17:21 3161

Алматыдағы заңсыз салынған ғимараттарды бұзу үшін төленетін өтемақы мөлшері 4 млрд доллар деген болжам түзетілуі мүмкін - ҚР Қаржы министрлігі

Алматыдағы заңсыз салынған ғимараттарды бұзу үшін төленетін өтемақы мөлшері 4 млрд доллар деген болжам түзетілуі мүмкін - ҚР Қаржы министрлігі

Астана. 25 қыркүйек. "Қазақстан Бүгін" - ҚР Қаржы министрі Наталья Коржованың пайымдауынша, Алматыдағы заңсыз салынған ғимараттарды бұзу үшін төленетін өтемақы мөлшері 4 млрд доллар деген болжам түзетілуі мүмкін. Бүгін үкіметтің отырысы аяқталғаннан кейін журналистерге берген сұхбатында еліміздің қаржы министрі Наталья Коржова осындай пікір білдірді.

"Бұл ауқымды қаржы, бірақ ол виртуалды аталған сома. Яғни, бұл - күрделі әңгімеге арқау болмайтын баға", - деді Н. Коржова.

"Жұмыс тобы зерттеулер жүргізіп жатыр. Бізге тексеругер жүргізуге, әрбір меншік иесімен жұмыс істеп, құрылысты салуға жер бөлу жөнінде шешім шығарған кім және ондай шешім шығаруға негіз болған не екенін түсінуге тағы 2 апта берілді", - деді ол.

"Өтемақы мәселесін шешу үшін ең алдымен құжаттармен ауқымды жұмыс жүргізу қажет. Сондықтан да менің пайымдауымша, аталған сан болжам ғана, бұл нақтылауды қажет етеді",- деп атап көрсетті министр. "Егер жерді өз бетінше басып алса, онда ешқандай өтемақының төленбейтіндігін, өздеріңіз түсінесіздер, ал адамдар кінәлі болмаған жағдайда, келешектегі меншік иесі тарапынан жалған құжат тапсырылмаса, немесе басқа да заң бұзушылықтар болмаған жағдайда өтемақы төленуге тиіс",- деп түсіндірді Н. Коржова.

"Ир жағдай әртүрлі әрі өзгеше, сол себепті қазір комиссия бас прокуратураның басшылығымен әрбір оқиғаның байыбына баруға тырысуда", - деді қаржы министрі.

Бұрын хабарлағанымыздай, өткен жұмада үкіметтің кеңейтілген отырысы барысында Алматының әкімі Иманғали Тасмағамбетов, "егер бұзу үшін бір нысанның ең төменгі құнын 200 мың АҚШ доллары деп бағалағанның өзінде, тек өзенді бойлай 1981 нысанды бұзу үшін қажет болатын қаржының көлемі 4 млрд АҚШ долларын құрайды", деп хабарлаған. Осы отырыста Қазақстан Республикасының премьер-министрі Кәрім Мәсімов президенттің Алматыдағы қала салу мәселелері туралы тапсырмасын орындау мерзімін 1-қарашаға дейін ұзарту туралы мәлім еткен болатын.

Естеріңізге сала кетейік, елбасының тапсырмасы бойынша 11-қыркүйекте үкіметте премьер-министрдің төрағалығымен Алматыдағы құрылыс мәселелері жөніндегі комиссия құрылған болатын. Комиссияның құрамына қаржы министрі, әділет министрі, экономика және бюджеттік жоспарлау министрі, индустрия және сауда министрі, қоршаған ортаны қорғау министрі, төтенше жағдайлар министрі, Жер ресурстарын басқару агенттігінің төрағасы, сондай-ақ бас прокурордың орынбасары кірген болатын.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны