14.09.2016, 11:02 3860

Алматыныӊ 1000 жылдығы: тарихи мәліметтер

2015 жылғы 3 қарашадағы ЮНЕСКО Бас конференциясыныӊ 38 сессиясы шешімімен Алматы қаласыныӊ 1000 жылдығын мерекелеу ЮНЕСКО-ныӊ Бүкіләлемдік мерейтойларыныӊ тізіміне енді.

Алматы. 14 қыркүйек. Kazakhstan Today - Ақышев К.А. бастаған қазақстандық ғалымдар 1969 жылы Алматы маӊында Есік қорғанындағы қазба жұмыстары кезінде "Алтын адамды" табады. Оныӊ б.э.д. V-VI ғасырларды қамтитын сақ дәуіріне жататыны белгілі болды. Бұл сол уақытта Алматы қаласыныӊ аумағында елді мекендердіӊ болғандығын айқындайды.

Археологиялық зерттеулер VII-IX ғасырларда қазіргі Алматы қаласыныӊ территориясында бірнеше елді мекендердіӊ болғанын, олардыӊ IX-X ғасырларда қалашықтарға айналғандығын көрсетеді. Еӊ ірісі бұрынғы шекара училищесіне жақын, қаланыӊ оӊтүстік бөлігінде орналасқан. Ол жерден қыштан жасалған ыдыс-аяқ, қола және темірден жасалған бұйымдар табылды. 1980 жылы Байпақов К.М. бастаған археологтар ортағасырлық ұстахана орнындағы қазба жұмыстары кезінде крицилерді - темір дайындамаларын, балталар жиынтығын және ортағасырлық домна пешін табады.

Мұхаммед Хайдар Дулати "Тарих-и-Рашиди" атты кітабында Алматы қаласы туралы жазып, оны "өӊірдегі еӊ танымал жер" деп көрсетеді.

Қала атауы туралы мәліметтер Рашид әд-Дин еӊбектерінде кездеседі. Тарихшы X-XII ғасырлардағы Оғыз ханныӊ жорықтары туралы жаза келе, оныӊ Алатаг пен Алмалық аумағына жеткендігін, Ақ-Қайя жерінде бір топ жауынгер-ардагерлермен кездескендігін баяндайды. Алатаг пен Алмалық атаулары географиялық тұрғыдан Іле Алатауы мен қазіргі Алматы аумағына тиесілі.

XVI ғасыр жазушысы және ақын Захир әд-Дин Мұхаммед Бабыр Алматы қаласы туралы "Таразкент" атты кітабында келесідей мәліметтерді келтіреді: "Ферғана - бесінші климаттағы аудан, игерілген егістік жер шекарасында орналасқан. Оныӊ Шығысында Қашқар, Батысында Самарқанд, оӊтүстігінде Бадахшан шекара таулары, Солтүстігінде Алмалық, Алмату және Янги сияқты қалалар бар". Бұл жазбада ортағасырлық қала Алмату - Алматы туралы жазылғаны анық.

1979 жылы бұрынғы шекара училищесі территориясынан күміс тиындар табылды. Шығыстанушы және нумизмат В.Н.Настич тиындардыӊ Жетісу өӊірінде жасалғаны, қазіргі Алматы қаласыныӊ территориясында ХІІІ ғасырда теӊге сарайыныӊ болғаны жайлы тұжырымдайды.

Қала өмірі туралы құнды мәліметтерді 1967 жылы "Горный гигант" совхозыныӊ аумағынан табылған шағатайлық тиындарды зерттеу арқылы алуға болады. Бұл шағатайлық тиындардыӊ Қазақстанда табылған еӊ үлкен орны. Жалпы "Горный гигантта" 1386 тиын табылды.

2015 жылғы 3 қарашадағы ЮНЕСКО Бас конференциясыныӊ 38 сессиясы шешімімен Алматы қаласыныӊ 1000 жылдығын мерекелеу ЮНЕСКО-ныӊ Бүкіләлемдік мерейтойларыныӊ тізіміне енді.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны