30.04.2008, 18:03 6863

Алматының құрылыс компаниялары қаланың бірқатар нысандар құрылысын аяқтау үшін таяу арада 22,4 млрд теңге көлеміндегі алғашқы траншқа ие болады

Алматының құрылыс компаниялары қаланың бірқатар нысандар құрылысын аяқтау үшін таяу арада 22,4 млрд теңге көлеміндегі алғашқы траншқа ие болады

Алматы. 30 сәуір. "Қазақстан Бүгін" - Алматының құрылыс компаниялары қаланың бірқатар тұрғын обьектілерінің құрылысын аяқтау үшін таяу арада 22,4 млрд теңге көлеміндегі алғашқы траншқа ие болады. Бұл туралы қала әкімі Ахметжан Есімов құрылыс компаниялары мен екінші деңгейдегі банк өкілдерімен өткен бүгінгі кеңесте айтты, деп хабарлайды агенттік Алматы қаласы әкімі аппаратының жұртшылықпен байланыс басқармасына сілтеме жасап.

"Бұл сома Алматы қаласына бөлініп отырған қаржының алғашқы траншы әрі биылғы жылы мемлекеттік бағдарлама бойынша үлескерлерді қорғайды. Үкімет бұл қаржыны алу механизмін анықтады. Ақша осы бағдарлама бойынша жұмыс істейтін банктерге "Қазына" арқылы жіберіледі. Олар өз кезектерінде тізімге енген 14 құрылыс компаниясын несиелендіретін болады", деп хабарлайды баспасөз қызметі.

А. Есімов банкирлерге арнаған сөзінде: "Сендер мемлекет ақшасын үлкен бизнес жасау үшін пайдалануға тиіс емессіңдер. Бөлінген қаржы бірінші кезекте Алматы қаласының ең өзекті мәселесі -үлескерлер дауын шешуге жұмсалуы тиіс" деп қадап тұрып айтты.

Осы бағдарламаға жұмсалатын мемлекеттік қаржыны банктер арқылы өткізу операциясы қазір талқылану үстінде. Алматы қаласы бойынша бұл тізімге енген құрылыс компанияларына қойылатын басты талап - құрылыс капиталы резервінің 15 пайызы.

Ахметжан Есімов кеңеске қатысқандарыдың назарын бөлінген қаржыны дер кезінде іске асыру қажеттігіне аударды. "Егер біз алда тұрған міндетті екінші тоқсанда жүзеге асырсақ, онда мен екінші және үшінші транштар туралы да мәселе көтеремін",-деді әкім.

2008 жылы мемлекеттік бағдарлама бойынша үлескерлер құқығын қорғау мақсатында Алматы қаласында 58 миллиард теңгеден астам қаржыны игеру жоспарланып отыр.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны