04.07.2008, 10:32 1415

Алматының жаңа әкімшілік ауданында 15 млн шаршы метр тұрғын үй салынады - Мұқашев

Алматының жаңа әкімшілік ауданында 15 млн шаршы метр тұрғын үй салынады - Мұқашев

Алматы. 4 шілде. "Қазақстан Бүгін" - Алатау деген атқа ие болған Алматының жаңа әкімшілік ауданында 15 млн шаршы метр тұрғын үй салынады. Бұл туралы баспасөз мәслихатында Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары Мәулен Мұқашев мәлім етті, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

"Бұл ауданның халқы 500 мыңды құрайды (қазір онда 150 мың адам тұрып жатыр - агенттік ескертпесі). Яғни, 3 - 3,5 есе өседі деген сөз", - деп мәлімдеді М. Мұқашев.

Ол сондай-ақ, шекараны өзгертумен және құжаттарды қайта рәсімдеумен, әртүрлі анықтамалар берумен және басқа да мәселелерге байланысты проблемалардың барлығы мемлекеттік органдардың мойнына жүктелетінін атап көрсетті. Азаматтардың барлық құжаттарының заңдық күші бар.

Жақында ауданның барлық қажетті инфрақұрылымы пайда болады. Атап айтқанда, сәулет және қала құрылысы басқармасының бастығының міндетін атқарушы Сайран Фазылов хабарлағандай, бүкіл аудан көлемінде 78 гектар жерге спорт кешендері мен ғимараттары салынып, 6600 орындық кинотеатрлар, 1 млн томдық кітапхана, 50500 шаршы метр сауда алаңдары, 5100 шаршы метрге қоғамдық тамақтану орындары, 2000 жұмыс орнына арналған тұрмыстық қызмет көрсету кәсіпорындары, 1000 орынға арналған қоғамдық монша, 150 операциялық орынның банк мекемелері және басқа да нысандар бой көтереді. Ал 7200 гектарға орналасатын әкімшілік орталығы 32 тұрғын ауданға бөлінетін болады.

Алатау ауданында құрылатын әкімдіктің аппараты 43 адамды құрамақ. Сонымен қатар, жақында арнайы құрылған санитарлық-эпидемиологиялық қызмет, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, аудандық ішкі істер органдары, білім беру, кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімдері мен ішкі саясат бөлімі - барлығы 340 адам жұмысқа кіріседі. Икімдік ғимаратын келер жылдың наурыз айына қарай салу жоспарланып отыр.

Жаңа әкімшілік орталығы республикалық және жергілікті бюджет қаражатына, сондай-ақ, инвесторлардың ақшасына салынады. Алайда, шенеуніктер талап етілген соманы айтуға қиналып отыр. Өйткені, нақты есеп жасалмаған. Жақын арада мамандар ауданның егжей-тегжейлі жоспарлау жоспарына кіріседі. Соған қарамастан, М. Мұқашев қаладағы басталған бағдарламалар жаңа ауданды да қамтитынын хабарлады. Атап айтқанда, республикалық және жергілікті бюджеттерден энергетиканың дамуына 60 млрд теңге бөлінген. Сонымен қатар, Батыс - Оңтүстік газ құбыры төселуде. Ол газ проблемасы мен жылумен жабдықтау проблемасын шешеді. Және бұл, бірінші кезекте, жаңа аудан құрылып жатқан Алматының солтүстігін қамтитын болады.

"Шамамен 20 млрд теңге жылу энергетикалық желілерге жоспарланған. 10 млрд теңге тікелей Кеңсай қосалқы станциясының құрылысына арналған. Миллиард теңгеден астам қаражат қосалқы станцияларды жөндеуге арналып отыр. Биыл 400 млн теңге көлеміндегі республикалық бюджет есебінен 70 шақырымдық электр желісін төсеу қарастырылған", - деп хабарлады М. Мұқашев.

Сонымен қатар, қала әкімінің орынбасарының айтуынша, бірнеше магистральды көшелерді солтүстік бағытта және шығыстан батысқа қарай созу қарастырылған. Бұл көшелер Момышұлы, Саин, Тілендиев, Өтеген батыр, Рысқұлов және т.б. бұл көшелердің қиылысында көп деңгейлі жол айрықтары салынады.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, жаңа Алатау ауданының құрамына "Өжет", "Красный трудовик", "Заря Востока", "Ұлжан -1", "Ұлжан -2", "Дархан", "Байбесік", 6-градокомплекс, "Шаңырақ -1", "Шаңырақ -2", "Шаңырақ -3", "Шаңырақ -4", "Шаңырақ -5", "Шаңырақ -6", "Көкқайнар", "Ийгерім -1", "Ийгерім -2", "Құрылысшы", "Түркістан", "Ақ бұлақ", АДК, "Алғабас" енген. Ауданның жалпы жер көлемі -3821 гектар.

Бұдпан бұрын да хабарлағанымыздай, Алматы қаласы әкімдігі мен мәслихатының бірлескен шешімінің негізінде Алматы қаласында жаңа әкімшілік аудан пайда болды. Оған Алатау деген ат берілді. Аудан әкімі болып Бағдат Манзоров тағайындалды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны