25.04.2008, 18:25 6543

"Алматыжер" МҚК жер учаскелерімен алыпсатарлық жасады деген Atameken Holding айыптарын жоққа шығаруда

"Алматыжер" МҚК жер учаскелерімен алыпсатарлық жасады деген Atameken Holding айыптарын жоққа шығаруда

Алматы. 25 сәуір. "Қазақстан Бүгін" - "Алматыжер" МҚК "Atameken Holding" АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Ұзақбай Айтжановтың мемлекеттік кәсіпорын жер учаскелерінің алыпсатарлығымен айналысуда деген айыптарын жоққа шығарды, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі МҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

"Atameken Holding қаржылық-өнеркәсіптік тобы тарапынан біздің атымызға арналған айыптауларды алдын-ала жоспарланған және негізсіз деп есептейміз және де оны құрылыс салуға рұқсат қағаздарына байланысты шын мәніндегі проблемалардан қоғам назарын аудару әрекеті ретінде бағалаймыз", - деп көрсетілген "Алматыжердің" баспасөз баянында.

Бұрын хабарлағанымыздай, Ұ. Айтжанов сейсенбі күнгі баспасөз мәслихатында салынып жатқан 21 қабатты "Бес тұлға" кешеніне қатысты жағдайды хабарлаған. Оны салушы - "Atameken Holding" АҚ бөлімшесі болып табылатын "Атамекен құрылыс" ЖШС. Ұ. Айтжанов мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау департаменті мен "Алматыжер" МҚК қызметтік билігін асыра пайдаланды және алыпсатарлықпен айналысты деп айыптаған еді.

Оның айтуынша, кешенді салу қиындықтары құрылыс салынатын жер телімдерін сатып алу кезінде басталған. Оны "Атамекен құрылыс" үшін "A-Corp" компаниясы атқарған. Атап айтқанда, Сәтпаев - Мыңбаев - Гагарин - Радостовец көшелерінің аралығындағы жер телімдерінің 80 пайызы сатып алынғаннан кейін қалған 20 пайыз жерді (11 жер телімі) меншік иелерінен қымбаттатылған бағамен "Ақсай-Инвест компаниясы" ЖШС сатып алған. Бұл 11 жер телімі "Алматыжер" МҚК арқылы мемлекеттік қажеттіліктерге сатып алынған. Бірақ, Ұ. Айтжановтың айтуынша, кейіннен ол "Алматыжер" МҚК директорының орынбасарынан осы жер телімдерін нарықтық құнынан 2-3 есе жоғары бағамен сатып алу жөнінде ұсыныс алған.

Өз кезегінде МҚК баспасөз қызметі "Алматыжер" МҚК "A-Corp" компаниясынан осы жер телімдері бойынша тікелей ешқандай төлем алмағанын хабарлады. "Алматыжер" мемлекеттік қажеттіліктер үшін жер телімдерін құрылыс салушының, аталмыш жағдайда "Ақсай-Инвест компаниясы" ЖШС қаражатына сатып алған. "Өз еркімізбен сатып алу немесе жер телімдерін әрі қарай сату біздің кәсіпорынның құзырына кірмейді".

Сондай-ақ, баспасөз баянында даулы жер телімі жер комиссиясының "A-Corp" ЖШС қатысты қорытындысын өзгертуіне байланысты "Ақсай-Инвест компаниясы" ЖШС-не ұсынылғаны айтылған. Бұған дейін Ұ. Айтжановтың түсіндіргеніндей, "A-Corp" ЖШС жер телімдерін қымбаттатылған бағамен сатып алудан бас тартқаннан кейін компанияның қаржылық дәрменсіздігіне байланысты әкімнің орынбасары Яков Заяц қол қойған жер телімдерін "A-Corp" компаниясына беруге шығарылған жер комиссиясының алдыңғы қорытындысының күшін жою туралы тұжырым шыққан.

"Алматыжер" МҚК "A-Corp", "Аксай-Инвест" компаниялары арасында болған үш жақты келісімге қатысқан. Бұл құжатқа сәйкес жоғарыда көрсетілген жер телімі ерікті түрде тапсырылған және "Ақсай-Инвест" ЖШС барлық шығындарын "A-Corp" өтеп берген", - деп көрсетілген баспасөз баянында.

Естеріңізге сала кетсек, жер телімдерін сатып алу оқиғасы Ұ. Айтжанов баспасөз мәслихатында хабарлағандарының бірі ғана. Ол кейбір қызметтер 21 қабатты "Бес тұлға" кешенінің рұқсат қағаздарын алуға кедергі келтіруде деп отыр. Кейбір рұқсат құжаттарының жоқтығына қарамастан кешен құрылысы жүріп жатыр. Осыған байланысты жаңа әкім Ахметжан Есімов қаладағы заңсыз құрылыстар мәселесін қарауды тапсырған.

Өз кезегінде мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау департаментінің директоры Қайрат Қоңырбаев "Атамекен құрылыс" компаниясы салып жатқан 21 қабатты ғимарат бұзылады деп хабарлаған. Осыдан бірнеше ай бұрын Алматы қалалық соты осындай үкім шығарған.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны