23.03.2020, 23:00 7308

Алматы қаласы Алатау ауданының әкімі коронавирустың таралуының алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен таныстырды

Естеріңізге сала кетейік, қала аумағындағы эпидемиологиялық тексеру нәтижелері бойынша COVID-2019 індетінің 10 ошағы анықталған еді. Соның бірі 18 наурыз күні осы Алатау ауданындағы "Шапағат" шағынауданында тіркелген болатын.

Алматы. 23 наурыз. Kazakhstan Today - Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында өткен онлайн-брифингте Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков аудан аумағында коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен таныстырып, аудан аумағындағы блок-бекеттер жайын сөз етті.

Естеріңізге сала кетейік, қала аумағындағы эпидемиологиялық тексеру нәтижелері бойынша COVID-2019 індетінің 10 ошағы анықталған еді. Соның бірі 18 наурыз күні осы Алатау ауданындағы "Шапағат" шағынауданында тіркелген болатын.

- Аталған азамат жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылып, зертханалық зерттеулердің нәтижесі бойынша диагнозы расталды. Соған байланысты құзырлы мамандар үйді карантинге жауып, эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізуде. Аталған үйде тұратын 9 адам 14 күндік карантинге жабылып, медициналық бақылауға алынды, - деді Азамат Қалдыбеков.

Аудан әкімінің айтуынша, төтенше жағдайға байланысты негізгі жұмыстар тұрғындардың үйіне бару арқылы жүргізілуде. Оның ішінде жүкті әйелдер, диспансерлік науқастар мен балалар және шетелден келген азаматтар да бар. Олардың тарапынан денсаулықтарына қатысты шағымдар болмаса 14 күндік карантинге алынып, бақылауда отыр.

- Бүгінгі күні стационар және үй карантинінде 60 адам отыр. Ауданда барлық әлеуметтік нысанда, яғни емханаларда, халыққа қызмет көрсету сынды өзге де орталықтарда медициналық және санитарлық бақылаулар күшейтілді. Жалпы білім беретін барлық мектеп, балабақшалар жабылып, жоғары оқу орындарының студенттері қашықтан оқу режиміне көшірілді, - деді А.Қалдыбеков.

Қауіпті инфекцияны таратпау бойынша алдын алу жұмыстары аудан бойынша блок-бекеттерде де қызу жүргізілуде. Айта кетсек, Алатау ауданы аумағында бес блок-бекет орнатылған. Олар "Қарасу" айналымы, Боралдай шағынауданындағы Центральная - Жаужүрек көшелері, Момышұлы - Жаужүрек көшелері, Көксай - Түрік бұрылысы мен "ЖЭЦ-2"-ге орнатылған.

- Барлық блок-бекет қажетті заттармен толықтай қамтамасыз етілген. Яғни контейнер, үстелдер, орындықтар, диспенсер, электрмен жабдықтау, жарықтандыру, қоқысқа арналған жәшік, биодәретханалар, мен шатырлар, қол жуғыштар, бетперде, қолғап, санитайзер және басқа да көптеген ауадай қажетті бұйым бар. Аталған бекеттерде полиция басқармасы, аудандық прокуратура, ҰҚК, аудан әкімдігі және СЭС қызметкерлері қызмет етеді. Олардың жалпы саны 170 адам. Барлық бекетте дезинфекциялық жұмыстар жүргізілуде, - деді аудан әкімі.

Қазіргі уақытта блок-бекеттерден Алматы қаласында тіркелген тұрғындардың кіруіне рұқсат етілген және тек азық-түліктерге, жүк көліктерінің өтуіне рұқсат бар.

Ескерте кетейік, ағымдағы жылдың 22 наурызында түнгі 00:00 бастап Алматы қаласына азық-түлік, жүк көліктері мен жанармай көлігінен басқаларды қала аумағына өткізу толықтай тоқтатылады. Аудан әкімінің айтуынша, барлық блок-бекетте түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Сөз соңында Алатау ауданының әкімі А.Қалдыбеков аудан тұрғындарын үйлерінен шықпауға және карантин ережелерін сақтауға шақырып, карантинге қатысты қандайда бір мәселе алаңдатса, бірден +7 727 299-86-43, +7 727 299-86-13 телефондарына хабарласуға болатынын ескертті. Whatsapp +7 700 300 20 97.

Айта кетейік, аудан аумағында әлеуметтік маңызға ие азық-түлік тауарларына бағалардың өсуі тіркелмеген. Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша бақылау жүргізілуде, сондай-ақ, аудан аумағындағы барлық қоғамдық көлікті дезинфекциялау да өз тәртібімен жүзеге асырылуда. Ауданды санитарлық тазалау және барлық көшелерді жуу жұмыстары да күшейтілген.

Ескере кететін жағдай, аудандық полиция басқармасы мен прокуратура қызметкерлерінің қатысуымен аудан аумағындағы көңіл-көтеру нысандарын жабу бойынша рейдтік іс-шаралар өткізілді. Нәтижесінде "Емиль" және "Центр шашлыка" кафелерінің иелері ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 476-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Аталған кафелерде 30 адамның болғаны анықталды.

Аудандағы "Алатау аналары" қоғамдық қоры ауданның аз қамтылған тұрғындарына тегін тарату үшін 2000 бетперде тігуде. Осындай жұмыстар "Бақытты отбасы Алатау" орталығында да жүріп жатыр.

Өзге де сұрақтар бойынша 1406 және Open Almaty 1308 нөмірлері бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін call-орталыққа хабарласуға болады. Катаралды белгілері бар адамдар анықталған жағдайда дереу қаланың санитарлық-эпидемиологиялық қызметінің тәулік бойы жұмыс істейтін 382-33-50 нөміріне хабарлау керек.

Ресми ақпараттар Алматы қаласы әкімдігінің сайтында және әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында қолжетімді. Қосымша ақпарат жедел түрде Telegram арнасындағы stopcov Almaty және Darmen мобильді қосымшасына салынады.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны