18.03.2020, 18:48 2978

Алматы әкімдігі жұмыс берушілердің еңбек заңнамасын сақтауын бақылайтын болады

Қашықтықтан жұмыс істеу мүмкін емес ұйымдарда жұмыс беруші - Еңбек кодексінің 70-бабына сәйкес толық емес режим жұмыс күнін енгізуге құқылы, онда еңбек ақы нақты жұмыс істеген уақыты бойынша төленеді.

Алматы. 18 наурыз. Kazakhstan Today - Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлкебайұлының қатысуымен Мемлекет басшысының "Қазақстан Республикасында төтенше жағдай енгізу туралы" Жарлығының орындалуы жөніндегі баспасөз конференциясы өтті.

Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсынатын орталықтарда стационар жағдайында 6 нысанда карантин жарияланды, жартылай стационар жағдайында - орталықтар демалысқа жіберілді.

"Бұдан өзге "Бақытты отбасы", "Белсенді ұзақ өмір" орталықтардың жұмысы тоқтатылды. Қызметкерлердің жалақысы сақталады, орталықтардың жұмысы қашықтықан жүргізілетін болады", - деді Данияр Әлкебайұлы.

Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының ведомстволық бағынышты ұйымдары - халықты жұмыспен қамту орталығы мен Басқарманың аудандық бөлімдері штаттық режимде жұмысын жалғастыруда. Бұл ретте, ұйымдарда санитарлық бақылау шаралары, санитарлық ережелерге сәйкес эпидемияға қарсы іс- шаралар қамтамасыз етілген.

Данияр Әлкебайұлы елде коронавирустың таралуына байланысты төтенше жағдай кезіндегі еңбек тәртібі туралы айтты.

Қашықтықтан орындалатын жұмысқа көшкен жағдайда жұмыс істеу тәртібі жұмыс уақытының есебі бойынша ҚР Еңбек кодексінің 138-бабына сәйкес анықталады. Жалақы толық көлемде төлене отырып, жұмыс уақыты жұмыс берушінің актісімен реттеледі. Бұл ретте, Еңбек кодексі жұмыс берушіні қашықтан жұмыс атқару үшін жағдай жасауды міндеттейді.

Қашықтықтан жұмыс істеу мүмкін емес ұйымдарда жұмыс беруші - Еңбек кодексінің 70-бабына сәйкес толық емес режим жұмыс күнін енгізуге құқылы, онда еңбек ақы нақты жұмыс істеген уақыты бойынша төленеді.

"Егер мұндай режим мүмкін емес және жұмыс берушілер өз қызметін тоқтатуға мәжбүр болса, онда Еңбек кодексінің 112-бабы басшылыққа алынады - бос тұрып қалу уақытына ақы төлеу. Бұл жағдайда жұмыс беруші қызметкерлердің жалақысы ең төменгі жалақы мөлшерінен (42 500 теңге) кем болмайтын мөлшерде белгілейді. Дегенмен, егер еңбек немесе ұжымдық шартта жазылған өзге талаптар болса, онда төлеу сол талапқа сәйкес жүргізіледі, бірақ жалақының ең төменгі мөлшерінен төмен болмауы тиіс", - деді Д.Әлкебайұлы.

Төтенше жағдайларда жұмыс беруші штат санын қысқартуы мүмкін. Бұл жағдайда жұмыс беруші Еңбек кодексінің 131 бабына сәйкес бір ай бұрын жұмысшыны хабардар етуі керек және жұмысшының орташа жалақысы мөлшерінде өтемақы төлеуі қажет.

"Осыған байланысты, біз жергілікті атқарушы орган ретінде қаладағы кәсіпорындардың жұмыс жағдайын, қызметкерлерді босатуын, жұмыс берушілермен жұмысшылардың Еңбек кодексін сақтауын күнделікті мониторинг жүргізетін боламыз", - деп атап өтті Д.Әлкебайұлы.

Еңбек заңнамасының сақталуын еңбек инспекторлары бақылайтын болады. Инспекторлардың барлық байланыс деректері басқарманың ресми сайтында, сонымен бірге әлеуметтік желілерде көрсетілген.

Жұмыстан босатылған жағдайда, жұмыстан босатылу себептеріне қарамастан, 6 ай ішінде азаматтардың жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемді рәсімдеуге құқығы бар (мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан). Төлем бұрын алған жалақысының 40% мөлшерінде жүргізіледі. Ол үшін қаланың Жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелу қажет, оны egov.kz порталына тіркеліп, қашықтықтан жасауға болады, одан әрі әлеуметтік төлем жұмысшының қатысуынсыз тағайындалады.

Сонымен қатар, Д.Әлкебайұлы, халықты жұмыспен қамтамасыз ету үшін "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасының жұмыс істейтінін, онда уақытша және әлеуметтік жұмыс орындары, қоғамдық жұмыс және жастар тәжірибесі қарастырылғандығын, бөлінетін квоталар санының көбейіп жатқанын айтып өтті.

Басқарма басшысының орынбасары сөзін қорытындылай келіп, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары қамтамасыз етілетіндігін, сондай-ақ қызметкерлердің босауына және оларды жұмысқа орналастыру бойынша уақтылы шаралар қабылдауға бақылау жүргізілетінін атап өтті.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны