31.01.2019, 14:28 13033

Алматы әкімдігінде президенттің бес әлеуметтік бастамасының қалай орындалып жатқаны туралы айтылды

Дегенмен Бауыржан Байбек тиісті инфрақұрылымды жүргізіп қана қоймай, жеке сектордың газға толық көшуін қамтамасыз етудің ерекше маңызды екенін атап өтті. Қазіргі кезде кейбір тұрғындар үйлерін ауаға залалды материалдармен, сапасыз көмірмен, резеңкемен және басқалармен жылытуда.

Алматы. 31 қаңтар. Kazakhstan Today - Алматы әкімі Бауыржан Байбек мемлекеттік бағдарламалар мен Президенттің Бес әлеуметтік бастамасының қалай орындалып жатқаны жөнінде кеңейтілген жиын өткізді.

Жыл қорытындысы бойынша Алматыда барлық негізгі көрсеткіштер орындалды. Мысалы, "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында мегаполис аумағында 323,8 мың. шаршы метр немесе 4 725 пәтер тұрғызылды. Биылғы жылы тағы да қосымша 340 мың шаршы метр тұрғын үй қорын іске қосу жоспарланған. Президенттің "7-20-25" бағдарламасы қарқынды жүргізілуде. Қазіргі кезде еліміз бойынша түскен өтінімнің 25%-дан астамы тікелей Алматыға тиесілі. Айта кетерлігі, соңғы жылдары 2 млн. шаршы метр немесе 11,5 мыңнан астам пәтер пайдалануға берілді. Биылғы жылдың соңына дейін тағы да 2,1 млн. шаршы метр үй салынады.

Шағын және орта бизнес субъектілері даму үстінде. Қала осы салада жұмыс жасайтындардың саны бойынша бірінші орында нық тұр. 9 айдың қорытындысы бойынша ШОБ 4,7 трлн. теңгенің өнімін шығарған, өсім 21,2% және еліміз көлемінде шығарылған өнім үлесі - 26,4%, яғни республика бойынша ең жоғары көрсеткіш.

Білім саласында да оң динамика қалыптасты. Қалаға қосылған елді мекендердегі интенсивті миграция мен туу қарқыны есебінен мектептегі орын жетіспеушілігі мен балабақша кезегін азайту үшін 2018 жылы Наурызбай ауданында 1200 орынды мектеп пайдалануға берілді, үш мектеп жанынан 1400 орынды қосалқы нысандар және 730 орынды үш мемлекеттік балабақша іске қосылды. Бұлардан өзге, жыл қорытындысы бойынша 2,5 мың орынды 6 жеке мектеп және 4936 орынды 170 жеке балабақша ашылды.

Қаңтар айының соңында 440 орынды тағы екі мемлекеттік балабақша пайдалануға беріледі. Алатау ауданында 600 орынды мектеп және 360 орынды 3 мемлекеттік бала бақша салынуда. Мемлекеттік-жеке әріптестік және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында оқушылар тығыз орналасқан орталықтағы 4 мектеп жанынан қосалқы оқу корпустары салынады.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша студент жастардың жағдайын жақсарту мақсатында Алматыда 1200 орынды 3 жатақхана салынды, оның біреуі модернизацияланған. Жыл соңына дейін 2680 орынды 5 жатақхана құрылысы аяқталады және 6300 орынды 12 жатақхана құрылысы қатар жүреді. Жалпы, 2020 жылға дейін 19 480 орынды 42 жатақхана салынып, пайдалануға беріледі.

Жиын барысында Алматы әкімі қаланы газдандыру қарқыны, соның ішінде жеке секторға газ беру туралы ақпаратты тыңдады. Қала әкімінің орынбасары Алмас Мәдиев газ желісіне абоненттердің 99%-ның қосылғанын, жеке сектордың небәрі 1 пайызын құрайтын 2217 тұрғын үйдің 200-іне газ берілгенін, тағы 1000 үйге газ желісінің тартылғанын, қалған 1017 үйдің биылғы жылдың үшінші тоқсанында газ желілеріне қосылатынын айтты.

Дегенмен Бауыржан Байбек тиісті инфрақұрылымды жүргізіп қана қоймай, жеке сектордың газға толық көшуін қамтамасыз етудің ерекше маңызды екенін атап өтті. Қазіргі кезде кейбір тұрғындар үйлерін ауаға залалды материалдармен, сапасыз көмірмен, резеңкемен және басқалармен жылытуда.

Қала экологиясын түбегейлі жасқарту қажеттілігін ескере отырып Алматы әкімі табиғатты қорғау прокуратурасымен бірге осы мәселені тексеруді тапсырды.

Айта кетерлігі, барлық компаниялармен газ желілеріне қосу бағасын төмендету бойынша келісім жасалды. Әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындарға жеңілдік қарастырылған. Мысалы, ҰОС қатысушыларға газ тегін жүргізіледі, жағдайы төмен отбасылар мен көп балалы аналарға 50%, I,II топтағы мүгедектерге 30% жеңілдік жасалады.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны