30.09.2020, 21:49 9236

Алматы облысында бітімгершілік оқу-жаттығуы басталды

Алғаш рет кешенді бітімгершілік оқу-жаттығуы Н.Тілендиев ауылындағы оқу-жаттығу орталығы базасында өткізілді.

Алматы. 30 қыркүйек. Kazakhstan Today - Алғаш рет кешенді бітімгершілік оқу-жаттығуы Н.Тілендиев ауылындағы оқу-жаттығу орталығы базасында өткізілді.

Оған Десанттық-шабуылдау әскерлерінің, Әскери-әуе күштерінің, Әскери полицияның, әскери медициналық мекемелердің, сондай-ақ ҚР Қарулы Күштерін минасыздандыру орталығының бөлімшелері қатысады.

Бұл оқу-жаттығу бітімгершілік күштердің дайындық деңгейін бағалау, әскери қызметшілердің бейбітшілікті қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындауды ұйымдастырудағы дағдыларын жетілдіру мақсатында өткізіледі.

Бітімгершілік бөлімшелерінің жеке құрамы бақылау-өткізу және бақылау пункттерінде қызмет атқару, жергілікті жерлер мен елді мекендерді патрульдеу, маңызды нысандарды күзету және минасыздандыру жөніндегі міндеттерді пысықтайды.

Оқу-жаттығу өтіп жатқан оқу орталығы жеке құрамды оқытуға, бітімгершілік миссияны орындау кезінде әскери қызметшілерге қажетті негізгі дағдыларды әзірлеуге арналған полигон болып табылады. Аталмыш полигонда "Қазполк" бөлімшелері, БҰҰ қамқорлығымен әлемнің түрлі нүктелеріне жіберу үшін құрама контингент, сондай-ақ әскери бақылаушылар ретінде шетелге жіберілетін офицерлер әскери оқудан өтеді.

Оқу-жаттығуға қатысушылардың арасында бітімгершілік миссияларда тәжірибе жинаған әскери қызметшілер де бар. Халықаралық міндеттер мен міндеттемелерді орындау, шетелдік әріптестермен өзара іс-қимыл және тәжірибе алмасу процесінде алған құнды білім мен дағдылар Қарулы Күштерде, оның ішінде осындай оқу-жаттығулар барысында қолданылады.

Кешенді бітімгершілік оқу-жаттығуы ағымдағы жылдың 8 қазанына дейін жалғасады.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны