Алматыда коронавирус инфекциясының таралуын ескерту мақсатында Құрбан айт күндері жаппай шараларды өткізуге тыйым салынды
Алматы. 28 шілде. Kazakhstan Today - Бүгін Алматы қаласының өңірлік коммуникация қызметі алаңындағы онлайн-сұхбат барысында Фтизиопульмонология орталығының инфекциялық стационар меңгерушісі Абзал Малбасқанов тағы бір рет Алматы тұрғындарын маска режимін сақтауға шақырды.
Бүгінде ауа тамшылары арқылы таралатын аурулардың, соның ішінде ең бастысы- коронавирустың алдын-алу үшін маска тағу - ең негізі құрал болып тұрғанын естеріңізге сала кеткіміз келеді.
Абзал Малбасқанов сұхбат барысында масканы тек дені сау не ауырып жүрген адамдар ғана емес, сондай- ақ, коронавируспен ауырып болған адамдар да тағуға міндетті екендігін атап өтті.
"Бұл пандемия кезіндегі әлеуметтік жауапкершіліктің ең өткір мәселесі. Себебі, адамдар коронавируспен ауырдым және маған енді жұқпайды деп ойлайды. Алайда олардың басқаларға жұқтыру қауіпі әрқашан бар", - деді Абзал Малбасқанов. Бір рет ауырған адамдардың қайтадан ауыру қауіпі бар екендігін айтып өтті. Естеріңізге сала кетейік, COVID-19-ды қайта жұқтыру қаупі жоқ екендігі туралы ғылыми дәлел жоқ.
Сондай-ақ, ол маска тағу - қауіптілігі жағынан тәуекел тобына енетін туған-туыстарын қорғауға мүмкіндік беретінін айтты. Жастарда бұл аурудың симптомы білінбей өтуі мүмкін. Алайда олар егде жастағы адамдарға инфекция таратушы болулары әбден ықтимал. Ал егде адамдар бұл аурумен ауыр немесе өте ауыр формада ауырады.
"Кейбір адамдар өздерінің коронавируспен ауырып жүргендігін білмейді. Өйткені, оларда симптомы байқалмай өтеді. Бұл адамдар басқаларға, әсіресе ата-анасына жұқтырады. Олар өздері ауырмайды, бірақ байқамай жақындарына жұқтырады ", - деп толықтырды Абзал Малбасқанов.
Сондай-ақ, фтизиатр дәрігер маскаларды қолдану және жою ережелеріне тоқталды.
"Бір масканы бірнеше күн бойы және екі сағаттан артық тағуға болмайды. Матадан жасалған маскалар бар. Оларды ұзақ қолдануға, қайтадан жуып, дезинфекция жасап қайтадан таға беруге болады", - деп түйіндеді сөзін А.Малбасканов. Респираторлық клапаны бар маскадан гөрі, толық жабылып тұратын түрі әлдеқайда тиімді екендігін айтты. Егер адам ауырып тұрса немесе вирус тасымалдаушы болса, онда ол шығаратын ауа атмосфераға түсіп, келесі адамды жұқтыруы мүмкін.
Дәрігердің тағайындауынсыз қолданылған антибиотиктер иммунитетті әлсіретіп, денсаулыққа зиян келтіреді - Алматы инфекционисті
Бұл туралы жұқпалы аурулар бөлімінің бастығы, фтизиохирург, фтизиопульмонология орталығының пульмонологы Абзал Малбасқанов өңірлік коммуникация қызметінің алаңында өткен онлайн-сұхбат барысында айтты. Ол тұрғындарға коронавирус инфекциясын, пневмонияны өз бетімен емдемеуге шақырды.
А.Малбасканов көбіне тұрғындар коронавирус инфекциясын өздері емдеуге бейім екендігін атап өтті.
"Коронавирустық пневмония - вирус тудыратын ауру. Антибиотиктер- бактерияға қарсы қолданылатын дәрілер. Антибиотиктерді қолдану арқылы иммунитетімізді әлсіретіп, денсаулығымызға зиян келтіреміз. Сондықтан үйде антибиотиктермен өзін-өзі емдеуге болмайды", - деп түсіндірді А. Малбасканов.
Инфекционист дәрігердің түсіндіруі бойынша, ауру белгілері байқалған жағдайда тез арада дәрігерге жүгіну қажет. Аурудың қалай өтіп жатқанын, қай деңгейде екендігін маман ғана анықтай алады. Қосымша клиникалық- рентгендік тексеруден өтіп, арнайы тағайындаудан кейін ғана дәрілік препараттарды қолдануға болады. Көп жағдайда осы процедуралардан өткен науқастар толық жазылуға мүмкіндік алып жатыр.
"Кейбір адамдар халықтық емдеу әдістеріне жүгініп жатыр. Оның соңы уақытты текке өткізіп алумен, асқынулармен аяқталып жатады. Кейін медициналық ұйымдарға қабылданғаннан соң емдеу шаралары басқа формада болуы мүмкін", - деді ол.
Ал ауру белгілері пайда болған жағдайда қала тұрғындарына тез арада медициналық қызметкерлеріне жүгіну қажеттігін айтамыз. Сондай-ақ, сарапшы барлық тұрғынды профилактикалық шараларды сақтауға, салауатты өмір салтын ұстануға шақырады. Сұрақтар туындаған жағдайда 1406 немесе 3000-505 нөміріне хабарласу керек.
Алматы инфекционистері дезинфекция пневмония тудырады деген ақпаратты жоққа шығарды.
Маска тағу және қол жуу сынды дезинфекция жүргізу де коронавирустың алдын алудағы қажетті шара.
Бүгінгі таңда Алматының кейбір тұрғындары коронавирус инфекциясының таралауын болдырмау мақсатында қала аумағына өңдеу жасалатын дезинфекциялаушы қоспалардың денсаулық үшін зиянды деп қауіптенуде. Осыған байланысты Алматы инфекционистері қалада жүргізілетін дезинфекция пневмония тудырады деп тарап жүрген ақпаратты жоққа шығарып, осыған байланысты түсініктеме берді.
Дәрігер-инфекционист, вирусолог, биоқауіпсіздік бойынша маман, доктор Phd Қарлығаш Әбдиева барлық препараттардың тиісті тексерулерден өткенін атап өтті.
"Дезинфекцияның пневмония тудыруы мүмкін емес, себебі дезинфекцияға арналған барлық препараттар қаншалықты улы болатынына тексеріліп, тест жасалады. COVID-19 вирусы беткі (үстіңгі) қабатта ұзақ сақталады, канадалық Pathogen Safety Data Sheets (PSDSs) зерттеулеріне сәйкес, коронавирус белгілі бір ылғалдылық пен температурада 7-9 тәулік сақтала алады. Сол себепті үстіңгі қабатты тиісті препараттармен дезинфекциялау вирустың таралуының алдын алуда қажет", - деп атап өтті ол.
Сонымен бірге, Қарлығаш Әбдиеваның айтуынша, COVID-19 вирусы күрделі, сөйлесу кезінде науқас адамның сілекейінен вирусы бар микротамшылар бөлінеді және олар беткі қабатта шамамен 30 минут бойы сақталады. Сол себепті дезинфекция қажет, әсіресе, елде коронавирус инфекциясын жұқтыру жағдайлары көбейген кезде.
"Біз бәріміз бет арқылы қалай жұғатынын білеміз, науқас адам келіп, таянышты (перила) ұстауы мүмкін, одан кейін оны басқа адам келіп ұстайды, кейін өзінің қолын бетіне апаруы мүмкін. Соның салдарынан тиісті дезинфекцияның болмауынан COVID-19-дың инфекцияны байланыс механизі арқылы таралу мүмкіндігі артады, - деп хабарлады Қарлығаш Әбдиева. - Көшелерді, тұрғын үй кіреберістерін дезинфекциялау коронавирус инфекциясының таралуының алдын алуда маска тағу және қолды жиі жуу сияқты қажетті шаралардың бірі".
Өз кезегінде, инфекциялық бөлім меңгерушісі, фтизиохирург, Фтизиопульмонология орталығының пульмонологы Абзал Малбасқанов өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен онлайн-сұхбат барысында дезинфекция пневмония тудырады деген ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін атап өтті. Ол тұрғындарға арандатушылыққа берілмей, ақпаратты ресми, ғылыми дерек көздерінен тексеруге кеңес берді.
"Қазір ресми дерек көздері бар. ДДСҰ ресми жарияланған дерек көздері, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрілігінің, 100% зерттеу жүргізетін ғылыми танымал журналдар бар", -деген Абзал Малбасқанов атауы жоқ арналарға сенудің қажеті жоқ екенін айтты.
Бүгінде Алматыда көпшілік пайдаланатын орындарға дезинфекция жүргізудің 28 кезеңі жүргізілуде, медициналық мекемелердің аумақтары, сауда нысандары, көпқабатты тұрғын үйлердің кіреберістері және аулалары және азаматтар көп жиналатын басқа да орындар. Кіреберістер мен аулаларға дезинфекциялық өңдеу жүргізу үшін "Глюзамин" және "Акма-Хлор" деген 2 түрлі дезинфекциялық құралдар қолданылады. Бұлар отандық өндірістегі тексеруден өткен, ҚР Кедендік Одағының санитарлық-гигиеналық талаптарына сәйкес келетін препараттар. Олар өндірілуіне, жүзеге асырылуы мен пайдаланылуына рұқсат етілген препараттар реестріне тіркелген. Аталған құралдар бактериялар, вирустар, қышымаларға қарсы тиімді, қауіптілігі төмен 3 топқа және қауіптілігі аз заттардың 4 тобына жатады, тітіркендіру әрекеті жоқ және адамдар үшін, жануарлар және құстар үшін зияны жоқ.
Осы жұмыстарға қолданылатын қоспалар аталған ұйымдардың арнайы оқудан өткен және куәлігі бар жауапты дезинфекторлар дайындайды. Тұрғын үйлердің кіреберістерін, ойын алаңдарын, көпшілік пайдаланатын басқа орындарды дезинфекциялау адамдар жоқ кезде, дезинфекциялау уақытын ескертумен жіне қауіпсіздік шараларын сақтау туралы түсіндіру арқылы жүргізіледі. Қала тұрғындарына өңдеу жасалғаннан кейінгі 5 сағат көлемінде аталған орындарға бармау ұсынысы жасалады.
"Акма-Хлордың" өзіне тән иісі бар екенін, ал "Глюзаминнің" иісі жоқ екенін атап өткен жөн. Сол себепті "Акма-хлор" ерітіндісін пайдаланып нысандарға өңдеу жүргізілген кезде адамдар препараттың иісін сезуі мүмкін, ал "Глюзамин" дезинфекциялық ерітіндісін пайдалану кезінде иісін сезбейді.
Алматыда қолданылып жатқан дезинфекциялық препараттарға жүйелі зертханалық бақылау жүргізіледі, бақылау қала басшылығының ерекше назарында. Лабораториялық зерттеулердің санитарлық-гигиеналық нормаларға сәйкестігін тексеру үшін тұрғын үй саясаты басқармасы дайын дезинфекциялық ерітінділерден сынама алып, оны "Алматы қаласының ұлттық сараптама орталығының" филиалына жеткізеді.
Халық короновирустық инфекцияныны тарату көзі науқас адам немеме симптомсыз ауырушы адам екенін естен шығармағаны жөн. Ауру жүргізіліп жатқан дезинфекциялық шараларға қатысы жоқ әртүрлі формада симптомсыз (жеңіл түрі) немесе өкпенің патологиялық зақымдануы мен аурудың өршуі орын алатын ауыр түрде болуы мүмкін.
Алматыда коронавирус инфекциясының таралуын ескерту мақсатында Құрбан айт күндері жаппай шараларды өткізуге тыйым салынды.
Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңындағы онлайн-брифинг барысында Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы, Алматы қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин Құрбан айт мерекесін дәстүрлі мерекелеудің биылғы жылғы тәртібі туралы айтты.
Құрбан айт дәстүрлі мерекесін тойлау қарсаңында Алматы қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин "Алматы қаласының аумағында Құрбан айт мерекесі күндері коронавирус инфекциясының таралуына ықпал ететін көпшілік шараларды өткізуге тыйым салу туралы" Қаулысына қол қойды.
Қаулыға сәйкес, Алматы қаласының аумағында Құрбан айтты мерекелеу күндері тыйым салынады:
1)жекеменшік формасына қарамастан, барлық ұйымдарда, сонымен бірге, жекеменшік үй-жайлар және медреселерде көпшілік шараларды өткізуге;
2)мал сойысын ұйымдастыруға және өткізуге, Алматы қаласының аумағында автокөліктермен әкелінген малдарды сатуға және жеке иеліктегі үй-жайларында мал сату ;
3)31 шілде мен 2 тамыз аралығында Алматы қаласының Орталық мешітімен бекітілген онлайн режимде құрбан шалуды жүзеге асыратындардан басқа, мал сататын цехтар мен базарлардың жұмысы тоқтатылады;
Құрбан шалу тек онлайн режимде БАҚ арқылы рұқсат етілген.
Сонымен бірге, Алматы қаласының полицейлері ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инспекциясымен бірлесіп, 27.07.2020 ж бастап, 02.08.2020 ж аралығында Алматы қаласына кіреберістерде онлайн режимде құрбандық шалуға арналғандарды қоспағанда, қала аумағына малдардың әкелінуін болдырмау және жолын кесу бойынша посттар ұйымдастырылады.
Сонымен бірге, ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инспекциясымен 27.07.2020 ж- 02.08.2020 ж аралығында Алматы қаласының аумағында мемлекеттік ветеринарлық-санитарлық бақылау және қадағалау күшейтіледі.
Ж.Бекшин аталған шаралардың коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу мақсатында қабылданғанын атап өтті. Себебі осы кезде адамдар көп жиналады, ал оның соңы жұқтыруға әкелуі мүмкін.
Құрбан айт мерекесінің қарсаңында алматылықтардан онлайн түрде құрбан шалуға 55 өтініш түскен
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңындағы брифинг барысында қаладағы қатаң шектеу шаралары аясында Құрбан айтты мерекелеу тәртібі туралы Алматы қаласының Орталық мешітінің Бас имамы Еркінбек Шоқай айтты.
Еркінбек Шоқайдың айтуынша, Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасы карантиндік шектеу шараларын ескере отырып және халықтың денсаулығын сақтау мақсатында Құрбан айт мерекесінің қарсаңында онлайн режимде жұмыс істейтін "QURBAN-2020" қайырымдылық акциясын ұйымдастыруға кірісті.
"Жобаны жүзеге асыру үшін "QURBAN-2020" арнайы сайты іске қосылған, сонымен бірге, онлайн түрде құрбандық шалудың алгоритмі мен процедурасы жасалды", - деді Еркінбек Шоқай.
Акция аясында құрбан шалынып, мұқтаждарға ет таратылады. Ол үшін сайтқа кіріп, қажетті мәліметтерді толтырып, құрбандыққа шалынатын малды таңдап, төлемін жасау керек. Құрбандық шалудың фотосы мен видеосы бар есеп тапсырыс берушінің номеріне Whatsaap мессенджері арқылы жіберіледі. Ет қайырымдылық ретінле тұтастай таратылады.
Бүгінгі таңда ірі және ұсақ малды құрбандыққа шалуға 55 өтініш келіп түскен. Мереке жақындаған сайын құрбан шалуға өтініш білдірушілер саны көбейе түседі деп күтілуде.
Сонымен бірге, сайтта құрбандыққа шалынған етті алуға өтініш беруге болады. Сонымен бірге, Еркінбек Шоқай атап өткендей, әкімдік жанында өтініш бергеніне қарамастан, көмек көрсетілетін мұқтаж адамдар тізімі бар.
Құрбандық шалу рәсімін жүргізуге өтініш беру және мұқтаж, аз қамтылған қала тұрғындарының ет алуға өтініш қалдыруы сайт арқылы 24 шілдеден 30 шілдеге дейін жүргізіледі. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін Алматыда арнайы штаб жұмыс істейді.
Qurban2020.kz сайтын пайдалануға қатысты нұсқаулықтар мен материалдар ҚМДБ ресми сайттарында - Алматы қаласының Орталық мешітінің Muftyat.kz және Azan.kz сайттарында жарияланған.
Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.