Система Orphus

Алматыда коронавирус инфекциясының таралуына қарсы іс-қимыл жөніндегі Қоғамдық кеңестің отырысы өтті

13.03.2020, 12:38 2890

Алматы. 13 наурыз. Kazakhstan Today - Алматыда коронавирустың енуіне және таралуына жол бермеу мәселелері бойынша қоғам мен БАҚ өкілдерінің кездесуі өтті.

Ержан Бабақұмаров қоғамды коронавирустың алдын алу бойынша шараларды бірігіп жүзеге асыруға және осы жағдайға түсіністікпен қарауға шақырды.

Бүгін Алматыда коронавирус инфекциясының таралуына қарсы іс-қимыл жөніндегі Өңірлік штаб мүшелері, қоғам және БАҚ өкілдерінің қатысуымен COVID-2019 әкелінуі мен таралуына жол бермеу бойынша Президент пен Үкімет қабылдаған шаралар қаралған Қоғамдық кеңестің отырысы өтті.

Жиынға Өңірлік штабтың төрағасы, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Е.Бабақұмаров, Қоғамдық денсаулық басқарамасының басшысы Т.Әбілдаев, Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы А.Молдағасымова қатысты. Талқылауға Алматы қаласы Қоғамдық кеңестің төрағасы, "Тұран" университетінің ректоры Р.Алшанов, "Дағдарыс орталықтарының одағы" ЗТБ басқармасының төрайымы З.Байсақова, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі М.Шибұтов, "Алтынбек Сарсенбайұлы" қорының төрағасы А.Сарым, "Қазақстанның велоқауымдастығының" негізін қалауған Д.Қапасов, режиссер және сценарист Е.Рақышев, "ҚазРЕНА" Қазақстанның ғылыми-білім беру компьютерлік желісін қолданушылары қауымдастығының бас директоры Б.Джапаров, "Алматы телерадиокомпаниясы" АҚ бас директоры Н.Мұхамеджанова және т.б қатысты.

Жиында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) жаңа коронавирусты пандемия деп тануын ескере отырып әзірленген Қазақстанға коронавирустың енуіне және таралуына жол бермеу жөніндегі арнайы алдын алу шараларына назар аударылды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Мемлекеттік органдардың басшыларымен кеңес өткізді. Үкімет мүшелері баспасөз конференциясында арнайы алдын алу шараларын атап өтті.

Өз кезегінде Алматы аумағында күшейтілген санитарлық-карантиндік бақылау шаралары іске асырылуда. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың шешімімен коронавирустық инфекцияның таралуына қарсы әрекет ету жөніндегі өңірлік штаб құрылды.

"Біз Президенттің, Үкіметтің және қала әкімінің елдегі коронавирустың енуіне және таралуына жол бермеу шараларын күшейтуге бағытталған нақты тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша жұмыс істейміз", - деді Ержан Бабақұмаров.

Алматыда 13 наурыздан бастап жаппай мәдени-спорттық іс-шаралар, конференциялар, көрмелерді өткізуге уақытша тыйым салынады. Сауда орталықтарын, базарларды, тамақ өнеркәсібі нысандарын, вокзалдар мен әуежайларды қоса алғанда, адамдар көп жиналатын жерлерде санитарлық тәртіп күшейтілуде. Мектептерде көктемгі демалыс 16 наурызбен 5 сәуір аралығына ауыстырылады. 16 наурыздан бастап жоғары оқу орындары қашықтықтан білім алуға көшеді. Қосымша шектеу шаралары халықаралық авиациялық тасымалдарға әсер етеді, 1, 2 санаттағы ел азаматтарының келуіне тыйым салынды.

Жалпы, бүгінгі күні Алматы аумағында коронавирустық инфекция тіркелген жоқ. Алдын алу сипатындағы шаралар Алматы халықаралық әуежайынан бастап жүргізіледі. "1а" санаты бойынша вирус тіркелген елдерден (ҚХР, Иран, Оңтүстік Корея, Италия) келген адамдар 14 күнге міндетті карантинге жатқызылады. Франция, Германия, Испаниядан келген адамдар есепке алынады және 14 күн ішінде қоңырау шалу арқылы медицина қызметкерлерінің бақылауында болады. Катаралды құбылыстар пайда болған жағдайда адамдар міндетті түрде емдеуге жатқызылады және одан әрі коронавирустық инфекцияның бар-жоғына тексеріледі. "1б" санаты (Франция, Германия, Испания) бойынша елдерден келген адамдар және 2 санаттағылар (Швейцария, Ұлыбритания, Нидерланды) 14 күндік үй карантиніне жатады. Бұл адамдарға медицина қызметкерлері бақылау жүргізеді. Оқшауландыру тәртібін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Катаралды құбылыстар анықталған жағдайда тұлға міндетті емделуге жатады, ары қарай коронавирус инфекциясының бар-жоғына тексеріледі.

Бүгінгі жағдай бойынша, Алматыда 497 адам карантинде жатыр. Барлығының жағдайы қанағаттанарлық, вирустық инфекцияның белгілері анықталған жоқ.

"Карантиндік қызмет маңызды. Мұндай жағдайда карантин қаланың қауіпсіздігін сақтап, қамтамасыз етуге қажет. Карантинде болу - бұл біздің қауіпсіздігіміздің кепілі", - деп атап өтті Ержан Бабақұмаров.

2020 жылдың 1 ақпанынан бері Алматыға шетелден 12 мың адам келген. Олардың 99,9 пайызы медицина қызметкерлерінің бақылауында. Медициналық ұйымдарда аталған азаматтарды іздеп, тексеру жұмыстары жалғастырылуда. Сонымен бірге, халықаралық рейстердің қысқаруы миграцияның төмендеуі және коронавирусты енгізудің қаупін азайтатыны аталып өтті.

Қаланың медициналық ұйымдары коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу бойынша өздерінің функционалдық міндеттерін орындауға дайын. Қаланың медициналық кадрларымен дайындық жұмыстары жүргізілді, медицина қызметкерлері коронавирустық инфекциясын болдырмау бойынша іс-шараларды іске асыруға толық дайын. Медициналық қызметтерге қол жеткізу және медициналық-санитарлық бақылау жоғары деңгейде болуы тиіс екені аталып өтті.

Сонымен қатар, қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша "халық арасында коронавирустық инфекция туындаған кездегі іс-қимыл алгоритмі" әзірленіп, бекітілді.

Бүгінгі таңда COVID-2019 жағдайы әлемнің 118 елінде тіркелген, 125815 адам инфекция жұқтырған. Сонымен бірге, коронавирусты жұқтыру жағдайы бақылауда екенін айтылуда. Оған дереу қолға алынған шаралар арқасында коронавирустың таралу қарқынын бәсеңдеткен ҚХР, Оңтүстік Корея елдерінің үлгілері дәлел.

Осыған байланысты, коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу бойынша өңірлік штабының төрағасы, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров қоғамның рөлі ерекше екендігін және қоғамды коронавирустың мәні мен алдын-алу шараларының артықшылықтарын дұрыс түсіндіру үшін бірге жұмыс жасауға және түсіністікпен қарауға шақырды.

"Бізге сонымен бірге, тек мемлекеттік қана емес, жекеменшік сектордың да санитарлық және профилактикалық шараларды күшейту бойынша шараларды қолға алулары үшін қоғамдық пікірдің күші, волонтерлардың қолдауы қажет. 13 наурыздан бастап барлық мәдени, спорттық және басқа да мемлекет тарапынан өтетін шаралар тоқтатылатын болады. Жекеменшіктер бойынша қатысушылардың санын шектеуге ұсыныс жасаймыз. Ресми түрде барлығына хабарладық. Жоспарланған спорттық жарыстарды өткізу тоқтатылды", - деді Е.Бабақұмаров.

Коронавирустың таралуы жайлы ақпараттық толқын мен сыбыстардың аясында инфодемия әсері (ақпараттық эпидемия) туындағаны туралы, оның (ақпараттық эпидемияның) коронавирусқа қарағанда жылдам тарайтыны айтылды. Бұл терминді ДДСҰ мамандары енгізді. Ақпараттық эпидемияның таралуының басты арнасы - әлеуметтік желілер. Осылайша, әлемде, әсіресе, коронавирус таралған елдерде қоғамның сенімсіздік қорқынышы өз кезегінде дүрбелең тудырып, эпидемияға қарсы және алдын алу шараларының тиімділігін жояды.

Сонымен қатар, жаңа коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында келесі алдын алу шараларын ұстану ұсынылады:

- қол мен бетті сабынмен жиі және мұқият жуу;

- спирттік антисептиктерді қолдану;

- адамдар көп жиналатын жерлерден аулақ жүру;

- сырқат адамдармен қатынаста болмау;

- суық тию белгілері пайда болған жағдайда (дене қызуының көтерілуі, мұрынның бітелуі, жөтел, тамақтың ауруы) тұрғылықты жері бойынша дәрігерге бару қажет.

Анықтама үшін 1406 нөмірі бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін call-орталық бар.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

При использовании информации, гиперссылка на информационное агентство Kazakhstan Today обязательна.

Комментарии

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны