14.08.2026, 19:16 47071

Алматыдағы Канье Уэстің концерті блэкаутқа қарамастан өтеді

Алматыдағы Канье Уэстің концерті блэкаутқа қарамастан өтеді
Алматыдағы Канье Уэстің концерті қалада электр энергиясының жаппай өшуіне қарамастан, кестеге сәйкес өтеді, деп хабарлайды First Media Group маркетингтік холдингі.

"Концерт кестеге сәйкес өтеді, әртіс сахнаға сағат 21:00-де шығады. Қазірден бастап жолға шығуды және жолға кететін уақытты, жолдағы кептелістерді, стадионға кірердегі тексеру мен алаңға кіру рәсімдерінің алатын уақытын алдын ала ескеруді сұраймыз. Барлығы штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Стадионда күтеміз!" - деп мәлімдеді баспасөз қызметінен.


Сонымен қатар, "Алатау Жарық Компаниясы" Алматыдағы Канье Уэстің концерті кезінде электр энергиясы болатынына қатысты нақты жауап бере алмады.

"Нақты жауап бере алмаймыз, өйткені электр энергиясы әлі толық берілген жоқ", - деп хабарлады компания өкілі.


Сонымен қатар, АЖК-де алдағы іс-шараның техникалық параметрлері мен энергия тұтыну көлемі туралы ақпарат жоқ екенін де атап өтті.

"Алатау Жарық Компаниясы" АҚ-да Канье Уэстің қатысуымен өтетін концерттің техникалық параметрлері мен энергия тұтыну көлемі туралы ақпарат жоқ. Осыған байланысты оның энергия шығынын және қаланы электрмен жабдықтауға ықтимал әсерін бағалау мүмкін емес", - деп хабарлады АЖК.


Kazakhstan Today дереккөздерінің мәліметінше, концерт өтетін алаңда электрмен жабдықтауда іркіліс болған жағдайда пайдаланылатын генераторлар қарастырылған.

Бұған дейін Алматыда электр энергиясы жаппай өшкен болатын. Соның салдарынан метро жұмысы уақытша тоқтатылып, жекелеген аудандарда сумен жабдықтауда да қиындықтар туындап, бағдаршамдар жұмыс істемей қалған.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны