10.08.2020, 23:28 8222

Алматыда "Жастар және Абайдың рухани құндылықтары" жас кітапханашылардың халықаралық II Слеті онлайн форматта өтті

Алматыда онлайн форматта өткен "Жастар және Абайдың рухани құндылықтары" жас кітапханашылардың халықаралық II Слетінде кітапхана ісін кемелдендіру жайы айтылды.

Алматы. 10 тамыз. Kazakhstan Today - Кітапханашы - кітап қорын жасап, қажетті кітапты келген оқырманға каталогтан тауып беруші ғана емес. Ол - даналықтың үлгісі, руханияттың шырақшысы. Қарым-қабілетімен қоса, білім қазынасын бойына жиған жан ғана руханият ордасында қызмет ете алады. Әдеби, мәдени мұраларымыз арқылы қоғамдық сана қалыптасады, тарихи жадымыз жаңғырады. Бұл ретте кітапханашыларға артылатын жауапкершілік пен міндеттің жүгі ауыр. Алматыда онлайн форматта өткен "Жастар және Абайдың рухани құндылықтары" жас кітапханашылардың халықаралық II Слетінде кітапхана ісін кемелдендіру жайы айтылды.

Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхананың ұйымдастыруымен Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы аясында өткен шарада кітапхана ісін дамыту мен жас кітапханашылардың рөлін арттыру, кітапхана ісінде "Сандық" бағдарламаны дамыту жұмысында жас мамандардың әлеуетін ұтымды пайдалану, жастардың шығармашылық ізденістерін ынталандыру және оларды жоғары білікті маман ретінде қалыптастыруға жәрдемдесу мәселелері талқыланды.

Халықаралық басқосуға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері департаменті директорының орынбасары Мақсат Арғынбеков арнайы қатысып, конференцияға "Қоғамның рухани өміріндегі айтулы оқиға", деп баға берді.

"Жас кітапханашылардың II Слеті арнайы кітапханалар қызметінің жаңа бір белесінің көрінісі. Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана талай жылдан бері оқырмандарды ортақ іске ұйытатын игілікті істерге ұйытқы болып келеді. Басқосудың екінші рет өткізілуі оның маңызын арттыра түседі. Кітапхана қашанда қоғамда маңызды рөлге ие. Парасаттылық пен отансүйгіштік сынды рухани құндылықтарды жастардың санасына сіңіру сіздердің абыройлы міндеттеріңіз", деді Мақсат Арғынбеков.

Слет жұмысына Қазақстанның барлық аймағынан жас кітапханашылар жиналды. Шараға Ресей, Татарстан, Башқұртстанның арнайы кітапхана директорлары қатысып, тұжырымды ойларымен бөлісті.

Бұл жиын, жалпы, еліміздегі кітапханашылар қауымының қоғамдағы рөлін айқындап, аша түскендей әсер берді. Кітапхана болашағы - жастардың қолында. Жас кітапханашылардың мүмкіндіктерін дамыту және жетілдіру басшылықты ғана емес, жас кітапханашыларды да алаңдататын мәселе. Игі шара бағдарламасы аясында "Абай - әлемдік деңгейдегі ойшылдардың қатарындағы ғажайып тұлға" тақырыбында халықаралық онлайн конференция болды. Халықаралық басқосуда әдеби мұраларды аудару ісі төңірегінде тәжірибе алмасып, Абай щағармаларын оқырманға жеткізу, насихаттау мәселелері төңірегінде пікір алмасулар болды.

Осы ретте Зағип жандарға арналған Ресей мемлекеттік кітапхана федералды мемлекеттік бюджеттік мәдениет Мекемесі, оқу залының меңгерушісі Елена Глазова Абай мұраларын орыс тіліне аударып, оқырманға қол жетімді ету бағытында ауқымды жұмыс жасалып жатқанын айтты.

"Ресейде де Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай іргелі жұмыстар атқарылуда. Кітапханаларымызда арнайы кітап көрмесі ашылды. Көрмеде ұлы ақынның өлең жинақтары, қара сөздері хикмет кітаптары орыс тіліне аударылып, көрмеге қойылды. Оның ішінде ақынның өмір жолы, шығармаларына арналған ғалым-жазушылардың зерттеулері мен еңбектері де бар. Осы арқылы Абайдың бай мұрасымен танысқысы келетін көпшілікке жағдай жасалып жатыр" деді Елена Глазова.

Абай мұрасы - қазақ руханияты. Абай тұтас ұлт болмысын айшықтайтын тарихи, рухани тұлға, темір қазығымыз. Жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Egemen Qazaqstan" газетінде жарық көрген айтулы мақаласында биылғы Абай жылы тек мемлекет ауқымында емес, әлемдік деңгейде тойланады деп жоспарланғанын айтқан болатын. Өйткені Абай мұрасын жаһандық деңгейде насихаттау - қазақ елінің рухани әлемдік кеңістікке танытудың маңызды қадамы болмақ.

"Қазіргі өркениетті мемлекеттердің барлығы дерлік шоқтығы биік тарихи тұлғаларымен мақтана алады. Олардың қатарында саясаткерлер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, қолбасшылар, ақын-жазушылар, өнер және мәдениет майталмандары бар. Қазақ жұрты да біртуар перзенттерден кенде емес. Солардың ішінде Абайдың орны ерекше. Бірақ біз ұлы ойшылымызды жаһан жұртына лайықты деңгейде таныта алмай келеміз", деген Мемлекет басшысы, Хәкім Абай мұрасының тұтас адамзаттық деңгейде насихатталуына жан-жақты тоқталып өткен еді айтулы мақаласында.

Арнайы кітапханалар Абайдың рухани құндылықтарын оқырмандарға жеткізу, насихаттау жұмыстарына қатысты көптеген шараларды да қолға алды. Абайдың 175 жылдығына орай кездесулер мен байқаулар, виртуалды кітап көрмелері мен әлеуметтік желілерде челлендждер уақыт талабына сай өткізіліп жатыр. Ақынның шығармаларын нашар көретін азаматтарға Брайль жүйесінде ұсыну және видео, аудио өнімдер арқылы насихаттау жұмыстары жалғасын табуда.

Бұл жұмыстар бірыңғай электронды кітап қорын дамыту және арнайы көмекті қажет ететін азаматтарға арналған электронды кітаптарды қолжетімді ету міндетін жетілдіруді алдыға қойып отыр. Еліміздің әр өңіріндегі арнайы кітапханалар осы мақсатта жұмыс істеуде.

Шара аясында арнайы кітапханаларды жаңғыртудың үздік тәжірибелері мен оларды ағарту орталықтарына айналдырудың жолдары туралы пікірлер талқыланып, шеберлік сыныптары, тренингтер арқылы жаңа білім алудың мүмкіндіктері туралы тәжірибе алмасулар болды.

Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана тәуелсіздік алған жылдардан бергі тарихында рухани, мәдени салада ауқымды іс-шаралар атқарып, берекелі бастамаларға ұйытқы болып келеді. Толыққанды кәсіби кітапханашылардың корпусын калыптастырды. Бүгінгі таңда сұранысқа жауап бере алатын, қоғамдық мәселеге белсене араласатын мамандар жасақталды.

Халықаралық шараға "AIESEC" халықаралық жастар ұйымының вице-президенті - Динара Қалыбаева мен Ұлттық академиялық кітапхана директорының ақпараттық ресурстар бойынша орынбасары - Нұржан Жолдыбалинов қатысып, мамандардың кәсіби деңгейі мен заманауи келбеті, кітапханалық ресурстарды цифрлы форматқа көшіру мәселелеріне қатысты шеберлік сыныбын өткізді.

"Осындай ашық алаңдар жас кітапханашыларға тәжірибе алмасуға зор мүмкіндік береді. Бұл жерде тек Қазақстанның ғана емес, шетелдік кітапханашылармен ой бөлісіп, кітапхана саласындағы түйткілді мәселелерді, тың тақырыптарды талқылап жатырмыз. Қазір Еуропа кітапхана ісінің бай тәжірибесін өз жұмысыма пайдаланып жатырмын" - деді Нұржан Жолдыбалинов.

Жас кітапханашылардың басқосуында "Брайль жүйесінде шығарылған үздік басылымдар" республикалық байқауының жүлдегерлері онлайн марапатталды. Кітапханашы - кітап пен оқырманның арасындағы алтын көпір. Сондықтан, мұндай игі шаралардың алдында жас кітапханашылардың беделі мен кәсіби біліктілігін көтеру мақсаты тұр.

Асхат Байұзақов,

Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана директоры

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны