18.02.2022, 17:12 27106

Алматыда жер үсті метросын салу ұсынылуда

Алматыда 10 есе арзан жерүсті метросын салу ұсынылды.
Алматыда жер үсті метросын салу ұсынылуда
Сурет: instagram/ayan_zikirin
АЛМАТЫ. 18 АҚПАН - Алматыда 10 есе арзан жерүсті метросын салу ұсынылды. 
 
Шешімін жердің астынан іздеудің қажеті жоқ. Алматыда екі теміржол вокзалының аралығына жерүсті метросын салу ұсынылды. Урбанистер мұны бұған дейінгі станциялардың құрылысынан 10 есе арзанға түсетінін айтады.
 
Жұртшылықтың Алматы-2 бекетінен біріншісіне жетуіне де жайлы болар еді дейді. Дегенмен қала құрылысына жауаптылар қаланың төменгі бөлігінде халықтың орталықпен салыстырғанда аз шоғырлануына байланысты, экономика жағынан өзін өзі ақтай алмайды дейді. 
 
Бұл идеяны қазақстандық сәулетші-урбанист Аян Зикирин өзінің инстаграм парақшасында жариялаған. Шаһардағы адамның көптігі мен қаптаған көлік кептелісі жас маманды да бейжай қалдырмапты. Мәселені шешуге атсалысқысы келген ол метроны вокзалға дейін созып, Алматы 2-ден бірінші Алматы аралығындағы теміржол желісі арқылы жер үстіне шығаруды ұсынды. 
 

Ескі вокзалдың қасында метро жоғары көтеріледі. Өйткені ол жерде онсыз да депо бар. Демек жаңа маршрут қазудың қажеті жоқ. Тек ескі филиалдың орнына жерүсті метросын ұйымдастырып, оны негізгі станциямен біріктіру керек. Бұл жер астындағы сейсмикалық қазба жұмыстарымен салыстырғанда әлдеқайда арзанға түседі", - деп айтты урбанист Аян Зикирин.

 
Жаңа желі Түрксіб пен Жетісу аудандарындағы 500 мыңнан аса тұрғынға қолайлы боларына сенімді. Сондай-ақ халықтың көп бөлігі арзан көлік түрін қуана пайдаланады деп отыр. Ал ескі вокзал маңындағы қоймаларды қаланың ішінен сыртқа қарай ығыстыру жөнінде де ұсыныс тастады. 
 

Қала орталығындағы жер телімдері өндірушілер емес, тұрғындар үшін қолайлы болуы қажет. Әрине, ол біршама уақыт пен қаражат қажет етеді. Дегенмен шаһардың қақ ордасынан көпқабатты үйлер, саябақтар, әлеуметтік нысандар салынып, неге халықтың тыныс-тіршілігін одан әрі арттырмасқа", - деді урбанист Аян Зикирин.

 
Алайда қала құрылысын жобалаушы мамандардың өз жоспары бар екен. Айтуларынша қос вокзалдың аралығына жерүсті метросын салу тиімсіз дейді. Ең алдымен көрсетілген талапқа сәйкес халық саны жеткіліксіз. 
 

Үнемі қандай да бір ұсынысты қабылдамас бұрын, оны кешенді түрде қарастыру керек. Транспорт — бұл жүйе. Ол экономикалық және қала құрылысына тікелей байланысты. Қазір Алматы-2 мен Алматы-1-ді жалғап тұрған орынға құрылыс жүргізуге болмайды. Өйткені ол табиғатты ерекше қорғайтын аумақ. Сондай-ақ адамдардың аяқ алысы аз. Бұл тіптен экономика үшін тиімсіз. Өзін-өзі ақтай алмайды. Бұған қоса жүк тасымалына да кедергі келтіреді", - деді Алматыгипрогор институты директорының орынбасары Алтай Сатыбалдиев.

 
Алайда бас жоспарда теміржол желісінің мәселесі баяғыда-ақ қарастырылыпты. Ол жерде трамвай желісін қайта жандандыру жайында ұсыныс бар екен. Тіпті қаржы жағынан да арзанға түсетінін айтады.
 
Ақпарат көзі: ktk.kz 
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны