16.02.2021, 17:09 9182

Алматының қоғамдық көлік паркі 41 экологиялық автобуспен толықты

Биыл жолаушылар тасымалы паркі тағы 233 экологиялық таза көлікпен жаңартылады.
Алматы. 16 ақпан. Kazakhstan Today - Көгілдір отынмен жүретін жаңа автобустар мегаполистің қоғамдық көлік паркін толықтырды, деп хабарлайды Kazakhstan Today Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Алматы әкімі Б. Сағынтаев өзінің Instagram-дағы парақшасында коммуналдық және қоғамдық көліктерді жүйелі жаңарту және экологиялық таза отынға көшіру қаланың экологиясын жақсарту және жолаушылар тасымалы сапасын арттыру мақсатында жүзеге асырылатынын айтты.
 

Жолаушылар тасымалы саласы айтарлықтай жаңғыртылды. Бүгін экологиялық таза отынмен жүретін 41 жаңа автобус жолға шықты. №45, 70 сияқты бағыт бойынша қатынайтын автобус паркін жаңартамыз", - деп жазды Б. Сағынтаев.

 
Сыйымдылығы 90 адамға арналған үш есікті 12 метрлік жаңа автобустарда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған жылжымалы платформа бар. Автобустар бейнебақылау, жолаушы ағынын есептейтін автоматты жүйе және жүргізушінің жағдайын бақылайтын датчикпен жабдықталған.
 

"Алматыэлектротранс" коммуналдық автопаркі барлығы 150 автобусты жеткізуге келісімшарт жасады. Қалған 109-ы жақын арада келеді. Сондай-ақ, жеке тасымалдаушылар 83 автобус, соның ішінде 38 электробус сатып алуды жоспарлап отыр. Осылайша биыл жолаушылар тасымалы паркі 233 экологиялық таза көлікпен жаңартылады", - деп атап өтті Сағынтаев.

 
Жалпы қалада 20 автобус паркі жұмыс істейді. Онда 147 бағыт бойынша қатынайтын 1 940 бірлік автобус бар. Соның ішінде 393-і газбен, 14 электр автобус, 160 троллейбус, сондай-ақ мыңнан астамы дизель отынымен жүреді.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны