11.03.2020, 16:04 5543

"Алматының жыл мұғалімі" атағын беру үшін конкурс өткізуде

Жүлделі орындарға ие болған Конкурс қатысушыларына диплом, құнды сыйлық беріледі (Гран-При - бір бөлмелі пәтер, І орын - автокөлік) және біржолғы ақшалай сыйақы төлемдері (II орын - 2,5 млн теңге, III орын - 1 млн теңге) төленеді.

Алматы. 11 наурыз. Kazakhstan Today - Алматы қаласының Білім басқармасы қаланың әкімі Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаевтың тапсырмасымен және қолдауымен орта білім беру ұйымдарының мұғалімдеріне "Алматының жыл мұғалімі" атағын беру үшін конкурс өткізуде.

Конкурстың Гран-При иегеріне "Алматының жыл мұғалімі" атағы беріледі. Жүлделі орындарға ие болған Конкурс қатысушыларына диплом, құнды сыйлық беріледі (Гран-При - бір бөлмелі пәтер, І орын - автокөлік) және біржолғы ақшалай сыйақы төлемдері (II орын - 2,5 млн теңге, III орын - 1 млн теңге) төленеді.

Конкурстың жеңімпаздары жыл сайынғы "Мұғалімдер күні" мерекесінің салтанатында марапатталады.

Конкурстық комиссия педагогикалық, психологиялық және әдістемелік саланың ғалымдарынан, республикалық "Үздік педагог" конкурстарының жеңімпаздарынан, ардагер-ұстаздардан, жаңашыл-педагогтер, әдіскерлерден және қоғамдық ұйымдардың өкілдерінен құрылады.

"Алматының жыл мұғалімі" атағын беру қоғамда педагог мәртебесін көтеруге, кәсіби және әлеуметтік келбетін қалыптастыруға, талантты мұғалімдерді анықтау, оларға қолдау көрсету мен марапаттауға, педагогикалық шығармашылыққа ынталандыруға бағытталған.

Конкурстың негізгі міндеттері: мұғалімдердің шығармашылық мүмкіндіктерін ашуға, педагогтік шеберлігін танытуына жағдай туғызу; жас ұрпақтың бойында ұлттық рухани кодтың қалыптасуын, ұлттық бірегейліктің сақталуын қамтамасыз ететін тәрбиелік әлеуеті жоғары педагогикалық тәжірибені зерделеу; оқушының санасы айқын, бәсекеге қабілетті тұлғасын қалыптастыратын инновациялық тәжірибені анықтау; оқушы бойында сындарлы ойды, функционалдық сауаттылықты қалыптастыратын озық тәжірибені насихаттау; бәсекеге қабілетті, тәжірибелі және табысты мұғалім мәртебесін көтеру.

Конкурстың жалпы ережелері

"Алматының жыл мұғалімі" конкурсына Алматы қаласының орта білім беру ұйымдарының кемінде бес жыл үзіліссіз педагогикалық өтілі бар барлық пән мұғалімдері қатыса алады. Сонымен бірге міндетті шарт - конкурсқа қатысушы мұғалім ұсынған мектепте кемінде 3 жыл жұмыс өтілі болуы қажет.

Конкурс үш кезеңде өткізіледі:

I кезең - мектепішілік, ағымдағы жылдың ақпан айында өткізілді. Бірінші кезеңнің қорытындысымен әр мектеп екіден артық емес жеңімпаздарды Конкурстың екінші кезеңіне ұсынды.

II кезең - аудандық, ағымдағы жылдың наурыз айында өткізілуде.

ІІ кезең қорытындысы бойынша әрбір ауданнан ең жоғары балл жинаған бес жеңімпаз конкурстың ІІІ кезеңіне ұсынылады.

III кезең - қалалық, ағымдағы жылдың сәуір-қыркүйек айларында өткізіледі.

Конкурстың қалалық кезеңі 5 турдан тұрады:

1 тур (іріктеу) - пән бойынша олимпиада, мұғалімнің портфолиосын зерделеу. Бұл турда қатысушының оқытатын пәніне байланысты теориялық дайындығы мен мұғалімнің кәсіби жетістіктері бағаланады.

2 тур - (іріктеу) "Менің инновациялық педагогтік тәжірибем" айдарымен мұғалімнің кәсіби шығармашылығының тұжырымдамалық негіздерінің, әдістемелік және технологиялық құрылымының таныстырылымы. Бұл турда мұғалімнің кәсіби шығармашылығының тұжырымдамалық, әдістемелік және технологиялық негіздерінің өзектілігі, нақтылығы, инновациялығы және оның баяндау шеберлігі, жаңашылдығы, сындарлы ойлауы, жобаның тәжірибелік бағыты бағаланады.

3 тур - "Сабағым - мұғалімнің кәсіби тұжырымымның айнасы" айдарымен мұғалімнің өзінің таныстырылымында баяндаған тұжырымдама негізінде өткізілетін сабағы. Конкурсқа қатысушы сабақты басқа мектептің оқушыларымен өткізеді. Бұл турда мұғалімнің кәсіби шығармашылығының тұжырымдамалық негіздемелері, әдістемелік және технологиялық құрылымы сабақта қаншалықты жүзеге асқандығы, оқушының функционалдық сауаттылығын қалыптастыратын сындарлы ойлауын, қарым-қатынас жасау қабілеті және командада жұмыс істеу дағдысын дамытуды іске асыру деңгейі бағаланады.

4 тур - "Мен елімнің патриотымын" тақырыбында басқа мектептің оқушыларымен тәрбие сағатын өткізу. Бұл турда оқушы бойында оның Кіші Отанына деген сүйіспеншіліктен, Қазақстанда тұратын халықтардың рухани-адамгершілік құндылықтары призмасы арқылы ұлттық бірегейлікті сақтаудан басталатын қазақстандық патриотизмді қалыптастырудағы мұғалімнің шығармашылық әлеуеті мен тәжірибесі бағаланады.

5 тур - "Менің Қазақстанның дамуына қосқан үлесім" тақырыбындағы мұғалімнің телевизиялық таныстырылымы. Телевизиялық таныстырылым "Алматы" телеарнасы арқылы өткізіледі, онда көрермендер нақты бір конкурстың қатысушысына дауыс береді. Таныстырылым ұзақтығы - 7 минутқа дейін. Бұл турда мұғалімнің педагогикалық кредосы, белсенді азаматтық ұстанымы, өзгелерді өзіне тартуы, сенімділігі, сындарлы ойы бағаланады.

10. Көрермендер таныстырылым аяқталғаннан соң үш сағат бойы телефон желісі арқылы өздерінің дауыстары туралы СМС-хабарламаларды жолдайды. Конкурс қатысушыларына берілген дауыстарды санауды Ұйымдастыру комитеті жүргізеді және қалалық конкурстық комиссияға ұсынылады. Телекөрермен өз дауысын конкурсқа қатысушы мұғалімдердің тек қана біреуіне бере алады.

Конкурс жеңімпаздарын қалалық конкурстық комиссия конкурсқа қатысушалырдың ІІІ кезеңнің бес турының қорытындысы бойынша жинаған балдарымен анықтайды.

Конкурстың жүлделі орындары: Гран-При (1 адам); I орын (1 адам); II орын (1 адам); III орын (1 адам). Конкурстың Бас жүлде иегері 1 жыл Алматы қаласы әкімінің білім беру саласындағы кеңесшісі ретінде тағайындауға, жеңімпазы мен жүлдегерлері білім беру ұйымдарының басшысы лауазымдарына резервке ұсынылады.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны