17.08.2026, 11:50 50201

Археологтер Түркістан облысындағы көне қалашықты зерттеп жатыр

Археологтер Түркістан облысындағы көне қалашықты зерттеп жатыр
Сурет: 24.kz бейнежазбадан скриншот
Еліміздің археологтеры Түркістан облысындағы Бірлік ауылының маңында орналасқан көне қалашықты зерттеп жатыр. Қазба жұмыстары кезінде мамандар тұрғын үй-жайлардың қалдықтарын, қыш бұйымдарды, темірден жасалған еңбек құралдары мен сандал деп аталатын көне пешті тапты, деп хабарлайды 24KZ.

Қалашық археологтерге 1962 жылдан бері белгілі. Сол кезде зерттеуші Николай Подушкин оның бір бөлігін зерттеп, ескерткішті VIII-XII ғасырларға жатқызған болатын. Жаңа қазба жұмыстары бұл жерде адамдардың одан әлдеқайда ертерек, Қаңлы дәуірінде-ақ өмір сүргенін көрсетіп отыр. Кейін қала Қарахан мемлекеті мен Алтын Орда кезеңдерінде қарқынды дамыған.

Археологтер аумақты зерттеу үшін дрондар мен ГАЖ технологияларын пайдаланып жатыр. Әуеден түсірілген суреттер жер бедерінің ерекшеліктерін анықтап, қазба жұмыстарын жүргізуге қолайлы учаскелерді белгілеуге көмектесті. Мамандар ортағасырлық қаланың негізгі бөліктері - цитадель, шахристан мен рабадты да зерттеп жатыр.

Қазба алаңдарының бірінен ғалымдар тұрғын үй-жайлардың қалдықтарын, қыш бұйымдарды, темір еңбек құралдары мен көне пешті тапты. Басқа алаңда цитадельдің қорғаныс жүйесі зерттелді. Табылған қабырғаның ені шамамен бір метрге жетеді. Сондай-ақ, археологтер мұнараның қалдықтарын анықтады.

Зерттеушілер қалашық аумағында хан сарайы болуы мүмкін деген болжамды тексеріп жатыр. Әзірге бұл нұсқа расталған жоқ.

Табылған заттардың нақты жасы мен шығу тегін анықтау үшін олар зертханалық зерттеуге жіберіледі. Археологтер қалашықтағы жұмыстарды келесі жылы да жалғастыруды жоспарлап отыр.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны